Үкімет • 18 Қаңтар, 2024

Электромобильге жол ашатын құжат

137 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар бірқатар заң жобасын талқылады. Солардың ішінде экологиялық таза көліктерге қатысты құжат, халықаралық су ағындарын пайдалану туралы конвенцияға қосылу туралы заң жобалары бар.

Электромобильге жол ашатын құжат

Жалпы отырыста депутаттар экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша заң жобасы мен оған ілеспе түзе­тулерді бірінші оқылымда мақұл­дады. Аталған құжат бойынша Мәжілістің Қаржы және бюд­жет комитетінің мүшесі Самат Мұсабаев баяндама жасады.

Заң жобасында көлік құрал­дары­ның түрлерін заңнамалық деңгейде сәйкестендіру үшін «гибридті автомобиль» және «элек­тромобиль» ұғымдары енгізі­леді. Электромобильдер тұ­рақ пен паркингтерде арнайы орындарымен қамтамасыз етіле­ді, ал олардың иелері автотұрақ ақысын төлеуден босатылады.

Депутаттың айтуынша, кейінгі жылдары электр көлік­терге сұра­ныс арта бастаған. Мәсе­лен, 2020 жылы әлемде 3 мил­лион 240 мың электромобиль сатылған. Бұл 2019 жылмен салыс­тырғанда 43 пайызға көп. 2021 жылы 6,5 миллион электр көлі­гі иесін тапқан. Сөйтіп, саты­лым 109 пайызға ұлғайған. 2022 жылы әлемде 7,8 миллион дана сатылыпты. Былтыр бұл көр­сеткіш 17 миллионға жуықтаған.

«Қытай 2030 жылға қарай бензинді қозғалтқыштардан толық бас тартуды жоспарлап отыр. Зерттеушілердің пікі­рінше, 2035 жылға қарай әлем бойынша эксплуатацияда 130 миллион электромо­биль болады. 2021 жылы Глазгода өткен дүниежүзілік климат саммитін­де Ұлыбритания, Үндістан, Аустрия, Польша, Канада, Түркия секілді 33 мемлекет, сонымен қатар ірі алты автомобиль өндіруші: «General Motors», «Ford», «Mercedes», «Volvo», «Jaguar/Land Rover» және BYD (Build Your Dreams) 2040 жылға дейін іштен жану қозғалтқышы бар көліктерден толық бас тартатынын жариялады.

Дубай қаласында өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 28-конференциясының сегіз климаттық іс-қимыл қарас­тырылған қорытынды құжа­ты қабылданды. Негізгі іс-қи­мыл­дардың бірі – түрлі тәсіл­мен көлік құралдарының шығарын­дыларын азайту, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту және нөлдік немесе төмен шығарындылары бар көліктерді жылдам енгізуді жеделдету. Өйткені электромобильдердің іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктермен салыстырғанда экологиялық және экономикалық жағынан тиімділігі басым», деді С.Мұсабаев.

Депутаттың сөзіне сүйенсек, кейінгі кезде еліміздегі ахуал да түбегейлі өзгерген. Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарында электрқозғалтқышы бар 812 жеңіл көлік тіркелсе, он екі айдың қорытындысы бойынша 7 793 электр көлігі сатылған. Яғни электромобиль саны 9,5 есе өскен. Осы орайда, де­пу­тат «жасыл» көліктерге сұра­ныс­­тың көбеюі қажетті инф­ра­­құ­рылымды дамытуды ілгер­ілету­ді талап ететінін жеткізді.

«Заң жобаларында «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Автомобиль жолдары туралы», «Автомобиль көлі­гі туралы», «Ерекше қорға­латын табиғи аумақтар туралы», «Жол жүрісі туралы» заңдарына түзетулер енгізу көзделген. Заң жобасы мынадай негізгі нор­ма­ларды қарастырады. «Элект­ромобиль» және «электрқуаттандырғыш станса» ұғымдары енгі­зі­леді. Коммуналдық ақылы авто­тұрақ­тар мен паркингтерде электромобиль көлігінің иелері тегін орындармен қам­тамасыз етіледі. Тұрғын аймақ­тарда электр­қуаттандырғыш стансаларды жоба­лау, орнату, техникалық пай­далану ережелерін әзірлеу және бекіту бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттілігі анық­талады», деді С.Мұсабаев.

Жергілікті атқарушы орган­дар­ға электрқуаттандырғыш станса­лар­­ды орналастыру туралы ше­шімдерді қабылдау құқығы беріл­мек. Сондай-ақ такси тұрақ­тарын, әуежайларда, вокзалдарда, 1 және 2-санатты стационарлық сауда және мәдени ойын-сауық нысандарын, мәдени-демалыс парктері мен алаңдарын, даң­ғылдарды, көшелерді, кварталдарды электр­қуаттандырғыш стансалармен жабдықтау жүктелмек.

«Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы» Қазақстан Респуб­ликасының кодексіне толықтыру енгізу туралы» заңының жобасы электромобильдер үшін бөлінген орындарда көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтатып тұру қағи­даларын бұзғаны үшін әкім­шілік жауапкершілікті енгізу мақсатында әзірленген.

Сонымен қатар жол бойын­дағы қызмет көрсету нысанына жатқызылатын «электр­қуаттандырғыш стансасы» түсінігі енгізіледі. Жолдарды жобалау кезінде олар үшін бөлек орындар жабдықтау, егжей-тегжей жоспарлау жобасында аумақты электрмен қуаттау стансаларын орналастыру үшін резервке қою, оларды тұрғын және қоғамдық аймақтарда орналастыру жоспарланған. «Жол жүрісі туралы» заңға электр қоз­ғалтқыштарымен жаб­дық­талмаған көлік құралдарының жүргізушілеріне электр зарядтау стансаларымен жабдықталған орындарда тұрақтауға тыйым салатын норма енгізу ұсынылды. Бұл үшін Әкімшілік кодексте жауапкершілік енгізіледі.

Бұдан бөлек, жиын барысын­да «Халықаралық су ағындарын кеме жүрмейтін пайдалану түрлері­нің құқығы туралы конвенция­ны ратификация­лау туралы» заң жобасы қаралды. Конвен­ция 1997 жылғы 21 мамыр­да Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Бас Ассамблеясында қа­был­данып, 2014 жылы 17 тамыз­­дан бастап күшіне енді. Заң жо­ба­сы жөнінде Су ресурста­ры және ирригация министрі Нұр­жан Нұржігітов баян­дама жасады.

«Қазақстанға трансшекаралық суларды пайдалану жөнiндегi күрделi мәселелердi шешу барысында танылған халықаралық тәжiрибе мен бiлiмге сүйену өте маңызды. Бұл трансшекаралық суды пайдаланудың неғұрлым өткір мемлекетаралық мәселе­лерді шешу үшін ортақ құқықтық алаң құруға мүмкіндік береді.

Конвенцияға қосылудың негiзгi факторларының бiрi – Өзбек­станмен трансшекаралық өзен бассейндерiнде гидротех­ни­калық құрылыстар салу жө­нiнде жоспарланған iс-ша­ра­­ларды үйлестiру. Соның iшiн­де Қазақстан мен Өзбекстан арасын­дағы трансшекаралық су айдындарын бiрлесiп басқару және пайдалану туралы Келi­сiм жо­басының нормаларын тал­қы­лау және келiсу», деді Н.Нұржігітов.

Министрдің сөзіне сүйенсек, Конвенцияда өзен бойындағы мемлекеттер өздерінің тиісті аумақтары шегінде халықаралық су ағынын әділ және ақылға қонымды пайдалану мәселесі қарастырылған.

«Су ағыны мемлекеттері халықаралық су ағынын оны оңтайлы әрі орнықты пайдалануға қол жеткізу және осыған байланысты пайда алу мақсатында, тиісті су ағыны мемлекеттерінің мүдделерін ескере отырып, су ағынын тиісінше қорғаған кезде пайдаланады және игереді.

Су ағыны мемлекеттері халық­аралық су ағынын әділ әрі ақылға қонымды пайдалануға, игеруге және қорғауға қатысады. Мұндай қатысу су ағынын пайдалану құқығын да, осы Конвенцияда көзделгендей оны қорғау мен игеруде ынтымақтасу міндетін де қамтиды», деді Н.Нұржігітов.

Құжаттың 10-бабының 2-тармағында «Халықаралық су ағынын пайдалану түрлері ара­сында қайшылық туындаған жағдайда, ол адамның аса зәру қажеттіліктерін қанағаттандыру талаптарына ерекше назар аударып, 5-7-баптарды ескере оты­рып шешілуге тиіс», деп көр­сетіл­ген. Яғни халықаралық су ағын­­дарындағы судың қажетті сапа­­сы сақталуы және қауіпсіз ауыз су­мен қамтамасыз етілуі қажет.

Конвенцияға сәйкес су ағы­ны мемлекеті өз аумағында халық­аралық су ағынын пайдалану кезінде басқа мемлекеттерге айтарлықтай зиян келтіруді бол­ғызбау үшін барлық тиісті шараны қабылдайды.

Су ағыны мемлекеттері су ағыны, судың сапасы және тиісті болжамдар туралы оңай қолже­тімді деректермен және ақпарат­тармен тұрақты негізде алмаса алады. Сонымен қатар су ағыны мемлекеттері бір-біріне консультация береді, халықаралық су ағынының жай-күйі үшін жоспарланатын шаралардың ықтимал салдары туралы келіссөздер жүргізе алады.

Жалпы отырыста 2014 жылы 23 желтоқсандағы ЕАЭО аясында медициналық мақсаттағы бұйым­дар айналымының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге түзетулер енгізу туралы хаттама ратификация­ланды. Құжат жөнінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады.

Хаттамаға одаққа мүше мем­­ле­кет­терде тіркелген ме­дици­на­лық бұйымдардың импортын қоса алғанда олардың айналым­ға шығарылуының тоқтаты­луына байланысты тап­шы­лық­тың туындау қаупін бол­­дыр­мау мақсатымен қол қо­йыл­­ды. Хаттамаға сәйкес мү­ше мемлекеттің ұлттық заң­на­ма­сының талаптары бойынша медициналық бұйымдарды тіркеу құқығын беру 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылады.

«Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар айна­лысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісім­ге өзгерістер енгізу туралы 4 Хат­­таманы мақұлдады. Бірінші хат­таманы ратификациялау ұлт­тық рәсім бойынша берілген мерзім­сіз тіркеу куәліктері бар ме­ди­­циналық бұйымдарға Еуразия­­лық экономикалық одақ шең­бе­рінде қайта тіркемей, Қазақстан Респуб­ликасының аумағында еркін айналыста болуға мүмкіндік берді.

Екінші хаттаманы ратификациялау ұлттық тіркеуді 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартуға және ұлттық заңнама бойынша жаңа медициналық бұйымдарды тіркеуге жол ашады. Үшінші хаттамада нақты бір пациентке арналған медициналық бұйымдарды Еуразиялық эконо­микалық одақ қағидалары бо­йынша міндетті тіркеуді қа­жет етпейтіні көрсетілген», деді А.Ғиният.

Сала басшысының айтуынша, төртінші хаттаманы ратификациялау жобасы ұлттық тіркеуді 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартуға және ұлттық заңнама бо­йынша жаңа медициналық бұйым­дарды тіркеуге мүмкіндік береді.

«Бүгінгі таңда елімізде 1 820 медициналық бұйымды өнді­ретін 118 отандық өндіруші бар. Ұлттық заңнама бойынша 12 мыңға жуық медициналық бұйым тіркелген, оларды Еура­зия­лық экономикалық одақ шеңберінде қайта тіркеу қажеті жоқ. Медициналық бұйымдар отандық нарығын сақтау, сондай-ақ Одақ қағидалары бойынша медициналық бұйымдарды тір­кеудің толық ауысуына дайын­далу үшін Еуразиялық эконо­микалық одаққа мүше мемлекеттер 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұлттық заңнама бойынша жаңа медициналық бұйымдарды тіркеуге мүмкіндік беретін рә­сімді ұзарту туралы шешім қабыл­дады», деді А.Ғиният.

Сондай-ақ Мәжіліс коми­теттері «Қазақстан Республи­касы­ның сот жүйесі мен судья­лары­ның мәртебесі туралы» Консти­туциялық заңға енгізілетін өзгерістер туралы заң жобасын, Құрылыс және Су кодекстерінің жобасын, сондай-ақ 10 жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Жалпы отырыс соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады.