Сенат • 18 Қаңтар, 2024

«Үш мың жылдық тарихы бар». Сенатор ұлық мерекені қалай тойлау керектігін айтты

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат отырысында  депутат  Әли Бектаев  депутаттық сауал жолдап,  Наурызды тойлаудың  елдік  дәстүрін нығайту үшін идеологиялық негіз қалыптастыруды және ілгерілетуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Үш мың жылдық тарихы бар». Сенатор ұлық мерекені қалай тойлау керектігін айтты

Фото: senate.parlam.kz

Сенатор  3 мың жылдық тарихы бар Наурыз мейрамын БҰҰ Бас Ассамблеясы мойындағанын және адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізгенін еске салды. Қазақстан үшін бұл мереке ерекше маңызға ие екенін де жеткізді.

«Халқымызда Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, жыл басы, күн мен түннің теңелген күні деп айтылады. Дәл осы күндері бітелген бұлақтардың көзін ашып, жерге тал отырғызып, әркім өз ауласы мен үй-жайын тазалаған. Егіске шығып егін егіп, малмен айналысатындар төл алуға кірісіп Жыл басы қайнаған еңбекке ұласқан. Яғни Наурыз халқымыздың нағыз рухани және еңбек мерекесі. Сондықтан Наурыз – біздің ұлттық идеологиямыздың негізі болуы керек. Президентіміз айтқандай, Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символына айналуы»,  деді Ә.Бектаев.

Наурыз мейрамы ынтымақтың, жаңару мен жаңғырудың символына айналуы үшін сенатор осы мерекені дәріптеуге және оны тойлау дәстүрін ілгерілетуге ықпал ететін жалпы ұлттық тұжырымдама қабылдауды ұсынды.

Депутат Наурыз қарсаңында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау және көмек көрсету бойынша бүкіл халықтық іс-шараларды бастауды ұсынды. Еңбек адамдарын марапаттау және олардың жетістіктерін насихаттау да маңызды. Сенатордың ұсыныстарының ішінде бұл күндері соғыстан зардап шеккен елдерге гуманитарлық көмек көрсету де ерекше атап өтілген.