Қоғам • 18 Қаңтар, 2024

Көлік жүргізушілері жол апаты кезінде не істеу керек?

802 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2023 жылы Қазақстан аумағында 15 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Көлік апаты кезінде 5 мың азамат қаза тауып, 19 мыңнан астам адам жарақат алған. Ішкі істер министрлігі ел бойынша Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қарағанды облыстарында ең көп жол-көлік оқиғасы тіркелетінін мәлім етті, деп жазады Egemen.kz.

Көлік жүргізушілері жол апаты кезінде не істеу керек?

Фото: egov.kz

ІІМ мамандары талдау кезінде Қазақстанда болатын көлік апатына басты себеп - жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы екенін анықтады.

Біз құзырлы органнан жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізуші, куәгер, жолаушы істеу керек басты әрекеттер мен маңызды жайттарды сұрап білдік.

Жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізуші немесе жолаушы (куәгер) Республика бойынша бірыңғай «102» нөміріне хабарласып, оқиға туралы толықтай мәлімет беруі керек.

«Жол жүрісі қағидаларының (Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығы) 2-тарауындағы, 9-тармағының, 8-бөлігіне сәйкес жол-көлік оқиғасы кезінде оған қатысы бар жүргізуші:
- көлік құралын дереу тоқтатуға (орнынан қозғамауға), авариялық жарық сигналын қосуға және авариялық тоқтау белгісін (жанып-сөнетін қызыл фонарь) қоюға, оқиғаға қатысы бар заттарды қозғамауға;
- зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету үшін алғашқы көмек көрсетуге, жедел медициналық жәрдем шақыруға, ал шұғыл жағдайларда зардап шеккендерді жол-жөнекей көлікпен жөнелтуге, бұл мүмкін болмаса, өзінің көлік құралымен жақын жердегі емдеу мекемесіне жеткізуге, өзінің толық аты-жөнгін, тегін, көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін хабарлауға (жеке басын куәландыратын құжатты немесе жүргізуші куәлігін және көлік құралына берілген тіркеу құжатын көрсете отырып) және оқиға болған жерге қайтып келуге;
- болған оқиға туралы жақын жердегі ішкі істер органына дереу хабарлауға, оны көргендердің аты-жөні мен мекенжайларын жазып алуға және ішкі істер органдары қызметкерлерінің келуін күтуге;
- егер басқа көлік құралдарының жүруіне кедергі болса жолдың жүру бөлігін босатуға;
- жолдың жүру бөлігін босату қажет болған кезде оқиғаға қатысы бар көлік құралының орналасуын, іздер мен заттарды куәлардың қатысуымен алдын ала белгілеп, оларды сақтауға барлық шараларды қолдануға және оқиға болған жерді өзгелердің айналып өтуін қамтамасыз етуге міндетті», делінген ІІМ хабарламасында.

Қазақстанда осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жол-көлік оқиғасын полицияның қатысуынсыз тіркеуге мүмкіндер беретін «Европротокол» (Europrotocol) қосымшасы қолданылуға ұсынылды. Көлік иелері бұл қосымшаны App store немесе Coogle Play арқылы телефонға жүктей алады. Жол-көлік оқиғасын (ЖКО) оңайлатылған тәртіппен реттеуге мүмкіндік беретін қосымшаны көлік апатының мынадай жағдайларында қолдануға болады: 

1)​Жол-көлік оқиғасына қатсыушы көлік саны 2-ден аспау керек. 2-жүргізушінің де қолданыстағы сақтандыру полистері болуы шарт;
2)​ Жеңіл апат кезінде 1 ғана көлік құралына ғана зиян келтірілсе;
3)​ЖКО кезінде зиян келтірудің мән жайлары, көлік құралының зақымдардың ашық көрінуі сипаты мен тізбесі, ЖКО қатысушыларының бірінің кінәсі ЖКО қатысушыларында келіспеушіліктер туғызбайды және қосымшада барлығы тіркеледі.
4)​Жол-көлік оқиғасына түскендер сақтандыру сомасының мөлшері шегінде төлемдерге келіседі (төлемнің шекті сомасы -100 АЕК);
5)​ЖКО туралы құжаттар мен мәліметтерді рәсімдеуді қатысушылар мобильді қосымшаны пайдалана отырып декларация жасау арқылы жүзеге асырады;
6)​Егер көрсетілген шарттардың бірі сай келмесе немесе жүргізушілер апаттың мән-жайы туралы уағдаласа алмаса, олар полиция қызметкерлерін шақыруға және жол-көлік оқиғасын белгіленген тәртіппен рәсімдеуге міндетті.

«Европротокол» қосымшасын пайдаланған жүргізуші жол-көлік оқиғасын полиция шақырмай-ақ сот шешімінсіз жедел әрі оңай түрде сақтандыру төлемін алады.