Қоғам • 18 Қаңтар, 2024

Жаңа қоғамдық сана - Әділетті Қазақстанды қалыптастырушы күш

193 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл ұлт ұйытқысы - Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысы өтеді. Қазақстан қазір жаңа, күрделі трансформациядан - ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру кезеңін өткеріп жатыр. Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтай құру жөніндегі бастамасының мақсаты да қоғамдық диалогтың біртұтас институтционалдық моделін қалыптастыра отырып, жалпыұлттық құндылықтар, руханият, бірлік, жаңа әлеуметтік этика, жаңарған менталитет бағытында қоғамдық бастамаларға қолдау болды.

Жаңа қоғамдық сана - Әділетті Қазақстанды қалыптастырушы күш

Фото: facebook.com

Елдегі саяси-экономикалық реформалар да осы идеологиялық өзгерістермен қатар, бірге жүруі - жалпы қоғамдық жаңғыртудың негізі.
 
Әлемдегі ахуалдың шиеленісіп, халықаралық жағдай күн сайын құбылып жатқанына куә болып отырмыз. Әр ел әрине өз мүддесін жоғары қоятыны түсінікті. Сондықтан да әрқайсысы өз өктемдігін, өз ұстанымын тек саясат, экономикада ғана емес, руханиятта да өзгеге байлап, өз талабына икемдеуге тырысып жатқанын көкірегі ояу, көзі қарақты көпшілік біліп отыр. Өркениеттер, идеялар мен ұстанымдар қақтығысы кезінде өскелең ұрпақтың адаспауы, қоғамның ұлттық құндылықтарды дұрыс бағамдауы аса маңызды. Ұлттық Құрылтайдың қоғамды ұйыстыру миссиясының түп негізі осы екені белгілі.
 
Қазақстан бұрын-соңды болмаған деңгейде біртұтас болу қажет. Бұл үшін әрине сенім шешуші фактор. Билік пен халықтың өзара байланысы мен сенімін күшейту бағытындағы елде қолға алынған институционалды өзгерістер оң нәтижесін бере бастады.
 
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттары билік пен қоғам арасындағы диалог пен консенсус арқылы өзара байланыстың жаңа үлгісін қалыптастырып жатыр. Әрине, жылдар бойы қалыптасқан «әдетті» жеңу екі жақ үшін де оңай емес. Дегенмен, соңғы бір-екі жылда болып жатқан өзгерістерді көрмеу мүмкін емес.
 
«Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жатқан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз», деді Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында.
 
2023 жылдың екінші жартысында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ұлттық құндылықтар жүйесін қайта жаңғырту мәселелеріне ойысты. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында (17 маусым) Түркістанда сөйлеген сөзінен басталды, онда ол негізгі идеологиялар тізбесі: Тәуелсіздік пен отансүйгіштік, бірлік пен тұрақтылық, әділеттілік пен ынтымақ, заң және тәртіп, сенім және жауапкершілік, мәдени білім және кәсібилік және еңбек секілді негізгі идеологияларды нақты атап айтқаны аян.
 
Мемлекет басшысының бастамасымен ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақтың әзірленуі - өскелең ұрпаққа мемлекетіміздің тарихи тамыры тереңде екенін таныту, ұлтты ұйыстырып, мемлекет мүддесін бағамдаудағы ең басты бағдарымыз болып отыр.
 
Жастардың қызығушылығын ояту мақсатында отандық кітап өндірісіне, әдеби шығармашылыққа қолдау көрсету, осы бағытта арнайы заңнамалық өзгерістер қолға алынуы да Ұлттық Құрылтайда көтерілген мәселелердің жүйелі шешім табуының көрінісі.
 
Ұлттық Құрылтайдағы бастаманың тағы бірі - Креативті индустрияны елімізде дамыту арқылы ұлттық болмысымызды айшықтайтын, әлемге Қазақстанның жаңа брендтерін таныту мүмкіндігі. Қазір Креативті индустрия бойынша арнайы заң жобасы бойынша қызу жұмыс жүріп жатыр. Сенат қабырғасында өтіп жатқан заң жобасы бойынша жұмыс тобына азаматтық қоғам өкілдерінің белсене араласуы, қоғам мен биліктің бірлесе жұмыс істеуі қуантады.
 
Ал, Quryltai мобильді қосымшасы іске қосылғалы, бұл плат­фор­ма арқылы азаматтар көкейлерінде жүрген мәсе­лелерге қатысты өз ойлары мен ұсы­ныстарын жолдап, мемлекеттік шешім қабылдауда қоғамның белсенділігін арттыра бастады.
 
«Хабар» және «Qazaqstan» телеарналарындағы арнайы бағдарламалар да қоғамдағы өткір мәселелер мен өңір тұрғын­дарын алаңдатқан тақырыптарды қозғап, Ұлттық Құрылтай мүшелері мен билік өкілдерінің халықпен бірге ортақ шешім іздеуге мүмкіндік беріп отыр.
 
Заңдылық пен құқық тәртібін сақтау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу, бұзақылық пен мәдениетсіздікке қарсы тұру мәселелері бойынша қаншама қоғамдық талқылаулар өтті. Бұл қоғамда жеке және қоғамдық мәдениеттің жаңа нормаларын қалыптастыру мен сақтауға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.
 
Бір сөзбен айтқанда, билік те, азаматтық қоғам өкілдері де заңнаманы өзгерту немесе жаңа институттар құру жеткіліксіз екенін түйсінді. Әрине, қоғамдық сана эволюциясын алып, жеделдету мүмкін емес. Бұл біртіндеп, табиғи түрде жүретін процесс.
 
Сондықтан «тыңдаушы мемлекет» қағидаттары билік пен қоғам арасындағы диалог пен консенсус арқылы өзара іс-қимылдың жаңа үлгісін қалыптастырды деп айта аламыз. Міне, дәл осы принциптер президенттік реформалардың негізін құрады. Өңірлер мен сала өкілдерінен құралған Ұлттық Құрылтай аясында билік пен қоғамның өзара іс-қимылының бірегей тетігіне айналды.
 
Бірлікті сақтау, жасампаздық дамыту және жаңа әлеуметтік этиканы қалыптастыру – бұл біздің баршамыз ұстануға тиіс ішкі күн тәртібіміз.
 
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Парламент Сенатының депутаты