Айбын • 19 Қаңтар, 2024

Жауынгерді шыңдау мектебі

152 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қарулы күштерде тәрбие жұмысы органдарының тарихы 1993 жылғы 19 қаңтардан бастау алады. Сол күні Президент Жарлығымен командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары инс­титуты құрылған болатын.

Жауынгерді шыңдау мектебі

Тәрбиеші офицерлердің бүгінгі қыз­меті мен тыныс-тіршілігі туралы Қор­ғаныс министрлігі Тәрбие және идео­ло­­гиялық жұмыстар департаментінің бас­шысы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев айтып берді. «Әскери ортада «Командир мәжбүрлейді, ал «замполит» мұның не үшін қажет екенін түсіндіреді» деген қалыптасқан қағида бар. Сонымен бірге олардың «сарбаздар мен офи­цер жанының инженері» деп аталуы да кездейсоқтық емес. Тәрбие жөніндегі орынбасарлар сындарлы сәтте жеке құ­рамның моральдық-психологиялық дайындығымен айналысады. Ал ұрыс қимылдары кезінде оларға үлкен саяси жұмыс жүктеледі», дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі саптағы сар­баз­дардың азаматтық қоғамға қан­дай жүкпен оралатындығы да тәр­­бие­ші офи­церлерге байланысты. Әс­ке­ри бөлім­дердің, құрамалардың жауын­­гер­лік дайындық дәрежесі, жеке құ­рам­ның моральдық деңгейі мен жауын­гер­лік белсенділігі тәрбие жұмы­сын ұйымдас­тырудың сапасына тікелей қатысты.

«Тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарлар – мемлекеттің қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы саясатының басты бағыттаушы құралы. Ұжымдарда саламатты моральдық-психологиялық климаттың қалыптасуы соларға жүктелген. Тәрбие мен идеоло­гиялық жұмыстың негізгі әлеуеті әскери қызметшілердің бойында патриоттық сананы қалыптастыруға және әскери борышты адал атқаруға деген құлшынысты арттыруға, армияның имиджін нығай­туға, Қарулы күштерде әскери-пат­риот­тық жұмысты ұйымдастыруға және үй­лестіруге бағытталған», дейді әділет полковнигі.

Т.Басқожаев тәрбие жұмысының қазіргі нысандары мен әдістері Қорға­ныс министрі мен әскери басқару орган­дарының бірінші басшылары бекітетін бағдарламалар мен жоспарларға сәйкес жүзеге асырылатынын, бұл ретте оның негізінен жеке құрамның өмірі мен ден­саулығын сақтауға бағытталғанын айтады. Қарулы күштердегі тәрбие мәселесі Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың үнемі жіті назарында. Орталық аппаратта өтетін әр­бір кеңесте сала басшысы Қарулы күш­тер түрлері бас қолбасшыларына, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшыларына, әскери бөлім командирлеріне тәрбиесіз тәртіптің тұл екенін ескертіп, жеке құрамды ата-бабаларымыздың ерлігі, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуді алға тартады.

«Қорғаныс министрлігі тәрбие жұ­мы­сының негізгі аспектілері бойын­ша әске­ри регламенттерді әзір­леп, оларды әскерлерге енгізді. Лауа­зым­ды тұлғаларға жүргізілетін ұйым­дас­­тырушылық және практикалық қыз­мет­тің бағыттары мен мақсаттары, мін­деттері мен нысандары, әдістері мен алгоритмдері нақты реттелген деп сеніммен айтуға болады. Өткен жы­лы тәжірибемізге білім беру грант­тары мен несиелік демалыс­тар беру­ді енгіздік. «Оқиғалар мен құқық бұзу­шылықтардың нақты алдын алу әдістемесі», «Офицерлердің жиналысын ұйымдастыру тәртібі», «Саламатты өмір салтын бекіту бойынша құқықтық, практикалық, алдын алу шараларының жиынтығы», «Әскери қызмет өткеру ке­зеңінде мерзімді қызмет әскери қызмет­шілерінің ата-аналарына арналған жадынама» сияқты әдістемелер мен жоспарлар тиімділігін дәлелдеді», деді  Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басшысы.

Жалпы, әскери қызметшілердің бойын­да патриотизмді қалыптастыру, жас­тарды әскери-патриоттық рухта тәр­биелеу мәселелері – Қорғаныс министрлігі үшін қызметтің басым бағыттарының бірі. Т.Басқожаев мем­лекеттік-құқықтық дайындық және ақ­параттандыру жүйе­сінде жеке құрамға Мемлекет басшы­сының бағдарламалық құжаттары, Халыққа Жолдаулары тү­сінді­ріліп тұратынын, тәрбие жұмысы сағат­тарында Қоғамдық келісім мен ел хал­қының бірлігін нығайтуға ықпал ететін мәдени, этностық, тілдік және діни алуан түрлілікке негізделген негізгі құн­дылықтар ашылатын дәрістер мен әңгімелер өткізілетінін жеткізді. «Тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасар адамдардың тілін тауып, оларды түсіне де, ынталандыра да білуге тиіс. Қарулы күштер дамыған үстіне дами түседі. Әйтсе де армияның күші бұрынғыдай сарбаздардың, танктер мен ұшақтардың санымен анықталмайды. Бауыржан Момышұлы бізді «Ұрыстағы ең қатерлі қару – адам жаны, оған қа­жетті оқ-дәрі – рухани азық болмақ» деп үйретті», дейді ол.

Біз Қорғаныс министрлігінің өкі­лінен жасөспірімдерді әскерге шақыру жұмыстары, жалпы олардың оқалы киім киіп, Отан алдындағы парызын орындауға құлшынысын арттыру бағы­тында атқарылып жатқан жұмыстар жа­йында сұрадық. Оның айтуынша, балалар мен жасөспірімдерді әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатымен 2018 жылы еліміздің барлық өңірінде филиалдары бар «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған. Қазіргі уақытта 280 мыңнан аса ұл мен қызды қамтитын 8000-ға жуық әскери-патриоттық ұйым жұмыс істейді екен. «Жас сарбаз» қозға­лысының негізінде төрт жүзге жуық «Смарт сарбаз» үйірмесі құрылып, олардың құрамына 6 мыңнан аса тәрбие­ленуші кірген. Бұл үйірмелерде балалар патриоттық іс-шараларға қатысумен қоса өздерінің техникалық идеяларын да жүзеге асыра алады.

«Әскерлерде қоғамдық тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар тұрақты негізде өткізіліп тұрады. Оның ішінде «Айбынды әскер» әскери-патриоттық акциясы, әскери мамандар арасында «Әскер тарланы» байқауы, «Сарбаз сахнасы» сарбаз әндері фестивалі, республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалі бар. Өткен жылы «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны халық­аралық деңгейде ұйымдастырылып, оған Әзербайжан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының жас патриот­тары қатысты. Жыл сайын Қорғаныс ми­нистрлігінің кешенді ақпараттық-түсін­діру тобы өңірлерге шығып тұрады. Осындай сапарлар барысында «Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» әскери-патриоттық акциясын өткізу дәстүрге айналған. Оның мақсаты – жас­тарды әскери-патриоттық тәрбиелеу. Топ мүшелері мектептер мен колледждерде кездесулер ұйымдастырып, мерзімді әскери қызмет аяқталғаннан кейін әскери және азаматтық жоғары оқу орындарына түсу шарттарын, мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде жоғары оқу орындарына түсуге дайындық тәртібін, несиелер бойынша жеңілдіктер беру мәселелерін түсіндіреді», деді әділет полковнигі.

Сонымен қатар Мемлекеттік әске­ри-тарихи мұражай қызметкерлері Мә­дениет үйлерінде экспонаттар мен әскери жабдықтар, артефактілер мен жеке заттар кеңінен қамтылған Екінші дүниежүзілік соғыс батырлары мен Ауған соғысы ардагерлерінің көрмесін ұйымдастырып тұрады. Қорғаныс министрлігінің Орта­лық ансамблі Ұлттық ұлан хорымен бірге қалаларға концерттік бағдарламамен барып жүр. Т.Басқожаев бұған қоса әскери қызмет­шілердің балалары үшін гарнизондарда сурет салу, хореография, музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету, вокал, қолөнер, тілдерді үйрену, тоқыма, ұлт­тық ойындар бойынша үйір­мелер, жүзу, каратэ, бокс, гимнас­тика, қазақ күресі, футбол секілді спорт секция­лары жұмыс істейтінін, Білім күні қар­саңында әскери қызметшілер мектеп­терде «Ерлік сабақтарын» өткізіп, «Мек­тепке жол» акциясы тұрақты түрде ұйым­дастыратынын жеткізді.

«Осындай іс-шаралар өскелең ұрпақ­ты әскери-патриоттық тәрбиелеудің өзекті проблемалық мәселелерін шешуге көп мүмкіндік береді. Қарулы күштердің имиджін арттыруға, өске­лең ұрпақтың бойында патриотизм сезімін және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға оң ықпал етеді», деп сөзін түйіндеді ол.