Спорт • 18 Қаңтар, 2024

Волейболдан бақ сынады

159 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңаөзен қаласында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылды.

Волейболдан бақ сынады

ФОТО: olympic.kz

Спорт­тық бәсекеде Атырау, Ақтөбе, Ақтау Орал және Жаңаөзен қала­лары­нан келген 6 команда – барлығы 60-қа тарта спортшы бақ сынады.

Спорттық жарыстың ашылу салтанатында 5548 әскери бөлімінің командирі, подполковник Санат Тәбетов сөз сөй­леп, әскери қызметшілердің арасын­да спортшылардың шеберлігін шың­дау өте маңызды екенін айтты. Сонымен қатар қатысушыларға сәттілік тілеп, спортпен тұрақты айналысып, саламат­ты өмір салтын орнықтырудың маңызын атап көрсетті.

Ойын алаңына әуелі Орал қаласы­ның 5517 әскери бөлімінің командасы мен Жаңаөзен қаласының 5548 әскери бөлімінің волейболшылары шықты. Алғашқы минуттан-ақ оралдықтар шабуылды үдетіп, есепті еселеп алды. Жаңаөзендіктер де қарап қалмады, кешікпей ойын тізгінін қолына алып, есепті теңестіре білді. Ойынның аяқта­луына санаулы минут қалғанда Орал командасының айы оңынан туып, жеңіске жетті.

Жарысқа қатысушылардың бәрі де барынша шеберлік көрсетіп, өз командасы үшін аянып қалмады. Екі күнге созылған тартысты сайыстың қоры­тындысы бойынша Орал қаласының 5517 әскери бөлімінің командасы бі­рінші орынға қол жеткізді. Екінші орын­ды Ақтау қаласынан келген 6656 әс­ке­ри бөлімінің ойыншылары иеленді. Ал үшін­ші орын алаң иелері – 5548 әске­ри бөлімінің командасына бұйырды. Жеңім­­паз-жүлдегерлер кубок, грамота, баға­лы сыйлықтармен марапатталды.

 

Батыс Қазақстан облысы