Тарих • 19 Қаңтар, 2024

Елдікті мұрат тұтқан

243 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

1911 жылы 16 наурызда қазақ жерінде, ұлт зиялыларының өз күшімен ашқан тұңғыш басылымы – «Қазақстан» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Сол жылдың басында Троицк қаласында шыққан «Айқап» журналынан кейін іле-шала көрінген «Қазақстан» алғашқы нөмірінен-ақ ұлттың жоғын жоқтады.

Елдікті мұрат тұтқан

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ел атауымен аттас басылым

«Қазақстан» газетінің шығуы сол кездегі алты миллион қазақ жұртының ғана емес, күллі Ресей түркілерінің өмі­рінде үлкен оқиға болды. «Хажы­тархан­да «Қазақстан» есімімен қазақ тілінде жаңа газет шыға бастады. Бірінші нөмірі идаремізге келді. Қазақтар үшін зор дәрежелі мақала-хабарларға толы екен. Жаратқан Иеміз жар болып, қазақ ара­сында көп болып таралып, қазақ бауырларымыз мұны бек жаратып оқып, дәуам етіп алып баруын Алладан сұраймыз», деп жазды сол кездегі Астрахан қаласын­да татар тілінде шығып тұрған «Идель» («Еділ») газеті.

Қазақ баспасөзі тарихын зерттеу­ші­лер қазақ тілінде шыққан алғашқы газет­тердің қатарына Ташкент пен Омбы қалаларынан шыққан «Түркістан уәлаяты­ның газеті» (1870-1882) мен «Дала уәлаятының газетін» (1888-1894) қо­сады. Бірақ ол газеттердің құрылтай­шылары Түркістан және Дала генерал-губернаторлары болатын. Оның үстіне аталған басылымдар дербес басылым емес, «Туркестанские ведомости» және «Акмолинские областные ведомоства» атты орыс тілді газеттердің аудармасы ретінде шықты. Бұл газеттерді патша үкіметі өз билігін қазақ арасына тара­ту үшін арнайы шығарғаны, яғни үкі­меттік, отаршыл мақсаттағы басылымдар болғаны айтпаса да түсінікті.

Бұдан кейін қазақ зиялыларының өздері қолға алған Троицкідегі «Қазақ газеті» (1907) мен Петербургтегі «Сер­ке» газетінің (1907) бірер нөмірі ғана шығып, жабылып қалғаны мәлім. Ал «Қазақстан» газеті 2,5 жылдай уақыт барынша жүйелі шығып тұрған мерзімді басылым ретінде толық қалыптасқан алғашқы қазақ газеті еді.

«Қазақстан» газеті туралы ұзақ жыл­­дар бойы толымды зерттеу болған жоқ. Оның себебі – басылымның басы-қа­сында жүрген жандардың кеңес би­лігіне «жат элемент» ретінде танылып, репрессияға ұшырауы еді.

вап

Кезінде зерттеуші Мұстафа Ысма­ғұлов «Қазақстан» газетін, оның шыға­рушыларының бірі Ғұмар Қарашты ха­лыққа кең насихаттамақ болған әре­кеті зая кетіпті. Ғалым кеңестік идео­логияның кедергісінен өту үшін «Қазақ­станды» таза большевиктік басылым ­етіп көрсетіп, әсіресе газеттің 1912 жылғы ­24 сәуірде шыққан нөмірінде басыл­ған «Ленада болған оқиға» атты мақала­сын қайта-қайта алға тартқан. Тіпті Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйриннің Астрахан мен Бакуге сапарын сол жақтағы астыртын большевиктер ұйымымен келісу үшін барғандай жорамал жасаған. Мұның бәрі «Қазақстан» газеті туралы қандай да бір ақпаратты халыққа әйтеуір бір жеткізу мақсатынан туса керек. Бірақ цензураның қырағы көзі «Қазақстанның» ең әуелі ұлттық-ағар­тушылық бағытта шыққанын, қазақ ұлтын отарлық езгіден құтқарып, өнері мен білімі асқан жұртты қуып жету болғанын анық аңғарыпты. Заманынан озып туған мұндай прогрессивті басылым туралы, шығарушы азаматтардың өз халқын надандық ұйқысынан оятпақ болған жанайқайы жөнінде кеңестің «кемелденген коммунизміне» бет алған жалпақ жұрт білмегені дұрыс десе керек.

Дегенмен аталған газетке «қазақтың демократиялық баспасөзі» деп алғаш баға берген «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» деген зерттеу жазған Хайыржан Бекқожин ағамыз болатын.

Әрине, «Қазақстан» газеті туралы, оның басы-қасында болған Елеусін Бұй­рин, Ғұмар Қараштар жөнінде тарихшы Исатай Кенжәлиев, ғалым-журна­лис­тер Тілекқабыл Боранғалиұлы, Мақсат Тәжімұрат, Қылышбай Сүндетұлы, т.б. кейін көлемді еңбектер жазды.

 

Тігінді қалай табылды?

«Қазақстан» газетінің толық тігіндісін Ресей архивтерінен тауып, көшірмесін 2012 жылы елімізге әкелген азамат – сол кезде Орал қаласындағы «Жайық Пресс» медиахолдингін басқарып отырған Жантас Сафуллин еді.

«2013 жылы Батыс Қазақстан облыс­тық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 95 жыл­дығын атап өтпекші болғанбыз. Сол кез­де өңірде шыққан ұлттық басылымдар тарихына зер салдық. «Орал өңірі» газе­тінің 50 жылдық мерекелік нөмірінде (1968 жылы 17 қараша) жарияланған Тамимдар Сафиевтің мақаласы ерекше назар аудартты. Мақалада газеттің тарихына қатысты көптеген құнды дерек келтіріледі, соның ішінде бұған дейін «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» ата­лып, екі тілде шыққан газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі талқыланғандығы, көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгертілгенде, оның редакция алқасына Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және мақала авторы Тамимдар Сафиев кіргендігі айтыл­ған. Газет саласында редакция алқасы – ең негізгі орган болып есептелетіндік­тен, алқа мүшелерінің бұрын қайда, кім болып қызмет еткендігін айқындау бас­ты мәселе болды. Алқада мүше бол­ған бесеудің үшеуі, яғни Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұса­ғалиев анық 1911-1913 жылдары «Қазақстан» атауымен шыққан газет­ті шығарушылар екен. Сондықтан істі «Қазақстан» газетінен бастауды жөн көр­дік», деп еске алады Жантас Нәбиоллаұлы.

Бірақ «Қазақстан» газетінің тігінді­сін, көшірмесін Орал тұрмақ, Алматы мен Астанадан табу оңай емес екен. Бір қа­расаңыз, ақылға сыймастай-ақ жағ­дай: елімізде жарық көрген тұңғыш қа­зақ басылымының, «Қазақстан» ата­уын ең алғаш ресми қолданып, айна­лымға түсірген газеттің насихаты жер жарып-ақ тұрса керек-ті. Алайда осы газеттің түпнұсқасы демей-ақ қояйық, көшір­ме­сінің өзін елімізден табу мүмкін емес екен. Алматыдағы Кітап палатасынан газеттің төрт нөмірінің фотокөшірмесі ғана табылған.

Қазақта «Іздеген табады» деген тәмсіл бар. Шынында да, жас та болса үлкен іске бас болған Жантас Сафуллин Санкт-Петербург пен Мәскеу шаһарларымен хабарласып жүріп, «Қазақстан» газеті­нің түрлі мұрағатта сақталған 16 нөмірі­нің сапалы көшірмесіне қол жеткізді. Ақысын төлеп, Оралға, өзінің алғаш жарық көрген отанына алдырды. Газет мәтінін араб жазуынан қазіргі әліпбиге аударып, шығарушылар туралы мәлімет қосып, «Қазақстан» 1911-1913» атты 400 беттік жеке жинақ етіп шығарды. Тіпті Ғұмар Қараштың туған немересі, сол кездері Мәскеу қаласында тұрған Нәдия Бұрханқызы Қарашевамен кездесіп, көптеген құнды құжатқа қол жеткізді.

 

«Қазақстан» қандай газет?

Газеттің алғашқы екі саны Астрахан қаласындағы Апресянц және Окур деген баспаханадан шықты. Кейінгі 14 саны Орал қаласында басылды.

Зерттеушілер газет шығар алдында Бөкей зиялыларының Шәңгерей Бөкеев­тің үйінде бас қосып, ақылдасқанын айтады. Бұл жиында Бақытжан Қаратаев, Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Сейітқали Меңдешев, т.б. бол­ған. Басылымның тіркеу машақа­тын заңгер Бақытжан Қаратаев өз мой­нына алса, ресми редакторлық міндет орыс­тілді мұғалім Елеусін Бұйраұлына жүктелді.

Газеттің алғашқы алты саны алты бет­тен, қалған 10-ы сегіз бет болып шық­қан екен. Барлығы 116 бет газеттің негіз­гі бө­лігі араб әрпімен қазақша шық­қан. Әр нө­мірде орысша қосымша мақа­лалары, аудармалары да бар. Татар тіліндегі шағын мақалалар да кездеседі.

Әрине, қазақ тілінде жаңа басы­лым­ның шығуы патша үкіметін едәуір тік­сіндіріп тастағаны байқалады. Ар­найы орындар газеттің шығуына рұқ­сат бер­­ге­німен, оны шығарушы азамат­тар­ды ерекше бақылауға алған. Ресей Федерациясының мемлекеттік архи­вінде Елеусін Бұйриннің, Шәңгерей Бөкеев­тің жандармерия тарапынан қатаң қадағалауға алынғаны, газеттің әр нөмірі толық оқылып, орыс тіліне аударылып, сараптамадан өтетіні жөнінде құжаттар сақталған.

Газеттің алғашқы нөмірі 1911 жыл­дың 16 наурызында, №2 саны 27 мамыр­да шыққан. Ал келесі нөмір 15 қара­ша күні Орал қаласында қайтадан №1 санымен басылған. Мұның себебі, бұ­рын Астраханда тіркелген газет Орал қала­сына көшіп келген соң қайтадан тіркелуге мәжбүр болған.

«Қазақстан» газетін атқа мінгізіп, адам ету қайғысында» әсіресе Елеусін Бұйрин мен Ғұмар Қараштың көп қиын­дық көргені байқалады. 1911 жылы мамыр айында елден шыққан екеу Баку қаласына сапар шегіп, әзербайжан магнаты Зейнел-Ғабиден Тағиевке жолығады. «Ақ ниетіміз құрметіне Алла тізгінімізді оңғарып, барған қажымыз қош алды. «Қазақстанға» мың сом жәрдем берді. Аталық шафағатынан ағып шыққан сөздерін айтты. Барлық қазақ атағына 3 жәлид тәфсірлі Құран Шәриф һадиа қылды. Амандасып, айыры­лар жерде «Қазақ баласына менен сәлем – дәулет менікі емес, милләттікі» деген сөзін айтып, көзіне жас алды. Жай-күйімізді түсіндіру барысында мәшһүр Ғали-Мардан Бек Топшыбасовтың жәрдемі тиді», деп жазады кейін Ғұмар Қараш.

Аз уақыт, үзіп-үзіп шықса да, «Қа­зақстан» газеті қазақ даласының түкпір-түкпіріне тараған. «Әулие қазақтың саф өз тіліндегі гәзетіміз деп іші бауыры елжі­реп, Орал облысының бүтін басшы адамдары, Семей, Жетісу, Сырдария, Ақмола және басқа облыстарындағы нағыз қазақ жақсыларымыз жер-жерден көтерме­леп жатыр», деп жазды бір мақаласында Елеусін Бұйрин.

Қалай болғанда да, қазақ зиялылары өздері қолға алып, 2,5 жылдай уақыт барынша жүйелі шығып тұрған, мерзімді басылым ретінде толық қалыптасқан, өз баспаханасы болған алғашқы ұлт газеті «Қазақстан» еді.

Газет атауы «Қазақстан» болуы – басылымды шығарушылардың қазақ халқын дербес ел, ерікті мемлекет ретін­де қалыптастыруды мақсат тұтқанын көрсетеді. Патшалы Ресейдің отарлық езгісінде «қазақ» атауы айтылмай, «киргиз, киргиз-кайсак» деп бұрмаланған ұлттың озық ойлы азаматтары осыдан жүз жыл бұрын «Қазақстан» деген атау­ды тарих сахнасына алғаш рет ресми жария етті.

 

Ғылым мен өнерге үндеген

«Қазақстан» газеті еліміздің бір ға­на батыс өңірінің мәселелерімен шек­тел­мей, күллі қазақ жұртының түйт­кілді түйіндерін тап басып танып, тұ­тас қазаққа ортақ жайттарды көтерді. Редак­цияға хат жазған авторлардың әр өңір­ден болуы, басылымды қаржылай қолдаған демеушілердің де әр қиырдан шығуы «Қазақстан» газетінің сол кездегі қа­зақ жұртының ортақ басылымы болғанын көрсетеді.

Газеттің әр бетіндегі мақалалары­нан Ғұмар Қараштың озық ойлы ке­мең­герлігі, шебер қисынды шешендігі, Елеусін Бұйриннің жанкештілігі, қара­пайымдылығы, адалдығы, Бақытжан Қаратаевтың көсемдігі газет жұмысы­ның пәрменділігін арттырып, Ресей Ду­ма­сымен, үкіметтік орындармен ты­­ғыз қарым-қатынаста болуы, қазақ мүд­де­сінің үкіметтік дәрежеде шешілуі үшін жа­саған нақты қадамдары анық бай­қалады.

«Қазақстан» газеті патшалы Ресей­дің қазақтарды отырықшы ету саясатын қолдады» деген бір пікір бар екенін білеміз. Рас, «Қазақстан» газетін шыға­рушылар көшпелі тұрмысты тастап, отырықшы болуға, ауыл-қала салуға, се­ріктестік құруға шақырған. Бірақ оның себебі «Оразақай» деп қол қойған Ғұ­мар Қараштың «Тіршілік таласы» мақа­ласынан анық көрінеді: «...Кең сахара­да жайын өскен біздің қазақ баласының басына да тіршілік таласының заманы келіп жетті. Қазақ ішінен от арбалар салынып, жолдар ашылған соң, күн­батыста тар жерде отырған елдер бөгеп тұр­ған кедергісі алынған судай болып, қазақ сахарасына жайыла бастады... Егер ұйқымыздан бас көтермей, бұ­рынғыша жата берсек – шексіз тез за­манда дүния жүзінен көшпекпіз. ...Қалғымыз келсе, адам баласын басқа жан иесінен, бір адамды бір адамнан ар­тық еткен ғылым-өнер үйреніп, өзі­­міз­ден ілгері кеткен халықтармен қатар­ла­суға талап ету тиіс. Ата-бабадан келе жатқан жалқаулықты тастап, «тәуе­кел ердің жолдасы» деп, ғылым-өнер жо­лына түсіп, бүтін жұрт үлес алып жат­қан дүниядан бізге де үлесімізді алу керек». Дәл осы аңдатпа-насихат га­зет­тің 1912 жылғы 31 мамырдағы са­нын­дағы «Әркім өз жүрісінен құл болады» деген мақалада тіпті қатты айтылады: «...Құл болып, малша сатылып жүргендер ...тап осы күнде де бар. Тек бұрынғыдай бірінің бірі шоқпармен ...басына салып қалмайды. Бұ күнде бірін бірі мақтаменен бауыздайды. Қайтіп жанының шығып кеткенін білмей қалады. Мұның мағынасы сол, бұ күнде адам баласы бірінен бірі көріне тартып алмайды. ...Өнер менен ғылым жұмсап, барлығын ...жаулап алады. ...Өнерсіз надан адам, надан халық құл болады». Мақалада қазақ ішіне келген Иванның аңқау қазақты қалай алдап, қақпанына түсіретіні, қарызға батыратыны, ең соңында жерін алып, қазақты құлша жұмсайтыны анық айтылған. Автор (Ғаб­долла Көпжасаров): «Жаным, мынау қатар отырған халыққа қарасаңызшы! Осылар ұйықтап жатса, біз де ұйықтай берелік. ...Жоқ, енді олар қару-жарағын түзеп жатса, яғни ғылым-өнер үйреніп жатса, біз ұйықтап жатуға келісі келер ме?!. Олар ертеңгі күн бар қаруын бізге жұмсайды ғой! Құр қол оларға біз не бітіреміз? ...Осы біздің сорымыз, ер­тең барып солардың аузына түсеміз. Біз малды машақаттанып, сол өнерлі халықтар үшін жинап отырмыз...» деп зар илейді. Тағы бір мақалада «үкімет біздің жерімізді алмай қоймайды, сондықтан жақсы жерлерге тезірек орналасып алу керек», деген идея айтады. Әри­не, біз арада жүз жыл өткенде сол арыс­тарымыздың кеңесі өте көрегендік, дұрыс нұсқау болғанын байқаймыз.

 

Басылым қалай жабылған?

Зерттеушілер арасында «Қазақстан» газеті қаржы тапшылығынан тоқтап, шықпай қалды» деген пікір қалыптасқан. Алайда тігіндіні ақтарып, саралап отырып, газет жұмысының іркілуіне сыртқы күштердің әсері басым болған-ау деген ой келе береді. Себебі редакция Орал қала­сына көшіп келген алғашқы кезеңде шығарушылардың қаржы тапшылығын көргені газет мақалаларынан анық бай­қалғанымен, бірте-бірте бәрі жүйеге түс­кені көрінеді. Тіпті аптасына бір шыға бастаған. №11 санда (24 сәуір, 1912 жыл) Жетісу облысынан Мамановтар мен Тұрысбековтерден қаржылай көмек кел­гені айтылса, №12 санда (31 мамыр, 1912 жыл) редакция «Мұхтарам оқу­шыларымызға» деп хабарландыру беріп, алдағы нөмірлерге жазылуды ескертеді. Осы нөмірде жарияланған «Маман» ат­ты өлеңнің жалғасы келесі санда басылады делінген. Яғни шығарушылардың қарызға батып, газет шығаруды кілт тоқтату ниеті болмағандай. Алайда біз­дің қолымызға тиген газеттің келесі саны 1913 жылғы 27 қаңтарда шығыпты. Бұл екі аралықта не болды, газет шықпай қал­ды ма, әлде цензурадан өтпей тәркіленді ме, айып тартты ма, мұны болашақта зерттеушілер анықтар деген үміттеміз.

«Қазақстан» газетін шола қараған­да, редакцияның дүниежүзінде болып жатқан оқиғалармен оқырманын дер кезінде таныстырып отырғаны, соның ішінде түбі бір Түркі мемлекетінің төңі­­регіндегі соғыстарға жіті назар аудар­ғаны, Түркияға бүйрегі бұрғаны анық бай­қалады. Сонымен бірге редак­цияның ұлты бөлек орыстармен, казак­тармен, татар­лармен жақсы қарым-қатынаста бол­ғаны, өзге ұлт ішінен де ниеттес-пікір­лес адамдарды өзіне тарт­қаны көрі­неді. Газетте тұңғыш қазақ тіліндегі жар­намалар басылғаны, өз бас­паханасы арқылы қосымша табыс ­тауып, түрлі өнім шығарғаны, соның ішінде «Ызың» атты өлеңдер жинағын шыға­­руы да қа­зақ тарихындағы бұрын бала­масы бол­маған жаңалықтар еді. Бұлардың бәрі болашақта жеке-жеке зерттеулерге ­өзек болады деп ойлаймыз.

 

Ақаңа ақ жол тілеген

Газеттің соңғы нөмірінде (16 ақпан, 1913 жыл) Орынбордан нағыз қазақ тілінде «Қазақ» атты газет шыққандығы, оның бас жазушысы – «Қырық мы­сал­­ды» жазған атақты ақынымыз Ахмет Бай­тұрсынұлы, қаржылай қолдау­шысы Мұстафа Оразаев деген азаматтар екен­дігі қазақ, орыс тілдерінде хабарланған.

«Биылғы ақпанның екісінде қазақ тілін­дегі екінші газет – «Қазақтың» тұң­­ғыш саны шықты» дейді орыс тілін­де «От редакции» деп берілген құт­тықтау-тілекте. «Біздің әлі жас оқырман қауым қуанар да басылар, бірақ біз еңбегімізді бұлдап, халыққа ренжи алмаймыз, өйткені біздің бүйткен бұл ісіміз – ел алдында мойнымыздағы борышымызды өтеу, бұл – санаулыларға ғана бұйырар бақыт» деп ескертіп, ақ жол тілейді. Осының өзі алғашқы ұлт газетін шығарушылардың соңынан ерген әріптестеріне, дәлірек айтсақ «Қазақстанның» інісі – «Қазақ» газеті­не баспасөз арқылы ұлтқа қызмет ету эстафетасын сеніп тапсырғандай әсер қалдырады...

 

Батыс Қазақстан облысы