Сатира • 18 Қаңтар, 2024

Шат-шәлекей интернет

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Шат-шәлекей интернет

Ілдекең интернет келмей тұрып есейіп, ержеткеніне өкінсе де, баласының бағы жанып, заманы соған тура келгеніне тәубе дейді.

Әсіресе докторлық диссертациясына керек мағлұматтарды бүге-шігесіне дейін тауып берген баласына дән риза... Керегіңді айта қал, іздеп із кеседі де, әп сәтте алдыңа тастайды.

Ілдекең баласы тауып берген мағлұмат атаулыны қиыстырып:

– Атыңнан да, затыңнан да айналдым интернет... Сен болмағанда архив кезіп жүнжіп бітер едім-ау! – деп риза кейіпте күбірлеп отыр еді, аяқасты бойжеткен қызы:

– Әке, мені алып қашып кетті! – деп жайсыздау хабарды дүңк еткізгені.

Ілдекең «Бағың ашылсын!» дей жаздап барып, «алып қашқан» деген сөзді қолапайсыздау көрді де: «Қазір, қызым, хабарласамын», деп тоқтау айтып, болашақ құданың аты-жөнін сұрап алды да, баласына:

– Мына кісі жөніндегі бар мағлұматты тездетіп тап! – деп болашақ құданың аты-жөнін алдына тастады.

Интернет із кесіп: «Күзетші. Кейінгі әйелі­мен пәтер жалдап тұрады. Бұрындары істі болып сотталған...» деген мәндегі мағлұмат берген бойда Ілдекең қызына:

– Құртамын! О заман да бұ заман, алып қаш­ты деген не сұмдық! Келісім берме! Барамын да көздеріне көк шыбын үймелетемін, түрмеге тоғытамын! – деп тоқ етерін айтып жұлқына жолға шықты.

Орта жолдан асқанда баласы хабарласып:

– Әке, бағанағы мағлұмат басқаша болып тұр, интернет қателесіпті. Құдаңыз шенеунік екен. Баршылықтың иесі. Интер­нет болашақ құдаңыздың зәулім коттедж алдында түскен суретін де көрсетіп тұр, – демесі бар ма.

Біреу Ілдекеңнің үстінен мұздай су құйып жібергендей болды.

Көлігін кідіртіп, ақылға келе сабасына түсіп:

– Қызым, әкеңді тыңдасаң келісіміңді бер. «Өз еркіммен келдім» деп қолхатыңды жаз. Барған жеріңде бағың ашылсын, – деп тоқ етерін айтып кері қайтты.

Аулаға енгені сол, баласы қолында ноут­бугі:

– Әке, әпкемнен болашақ құдаңыздың аты-жөнімен қоса туған жылын сұрап алып интернеттен қайта іздеп көріп едім, фамилия­лары бірдей болып шығып, анығы – болашақ құ­даңыз бағанағы басындағы кісінің нақ өзі екен, – демесі бар ма...

Ілдекеңнің үстінен біреу тағы да мұз­дай су құйып жібергендей болды. Көзі қарауытып, аяғы тәлтіректеп:

– Атаңа нәлет, шат-шәлекей интернет! Тү­бімізге жеттің, жеткізбей желке қидырдың! Бә­рінен де қызымның қолхат беріп қойғанын айтсаңшы! – деп табалдырыққа құлап сұлқ түсті...

 

Берік САДЫР