Аймақтар • 20 Қаңтар, 2024

Жас ғалымдар аграрлы өңірдің әлеуетін көтермек

311 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жетісу – аграрлы өңір болғандықтан ғылымға бет бұрған жас ғалымдар ауылшаруашылығына қажетті өнімдерді зерттеп жатыр. Бұл игі іспен І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жанынан құрылған биотехнология және экологиялық ғылыми-зерттеу институты айналысып отыр. Орталық дәнді дақылдардың жаңа түрін ойлап тауып, экологиялық таза сүт өнімдерін әзірлемек. Біз осы орайда оқу орнына арнайы барып, жұмыс барысымен танысып қайттық.

Жас ғалымдар аграрлы өңірдің әлеуетін көтермек

Облыстағы ең ірі білім шаңырағы жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысуына қолайлы жағдай жасап отыр. Қазір институт ауқымды жобаларды қолға алып, жастарды жаңа идеяларына қолдап отыр. Ғылыми орталықта молекулалық генетика және геномика, биотехнология, экология бағытында жұмыс істейтін 3 зертхана бар. Мәселен, «биотехнология» зертханасы тамақ пен өсімдік микробиологиясына ден қойған. Қытайдың Шаңхай Джяо Тоң университетінің (Shanghai Jiao Tong University) докторантурасын биоинженерия мамандығы бойынша тамамдаған білікті маман Жадыра Сағыманның айтуынша, олар жергілікті дәстүрлі ашытылған тағам өнімдерінің микробтық алуан түрлілігін бағалап, ондағы микробтық метаболизмның мәнін ашпақ.

«Микробтық ресурстарды жинау және тағам өнеркәсібінде қолданылатын микробтардың штамм банкін қалыптастырамыз. Дәстүрлі ашытылған сүт өнімдерінің негізінде жаңа сүт қышқылды сусындар әзірлеуді жергілікті кәсіпкерлермен бірге іске асырмақмыз. Сондай-ақ ризосфера микробиомы және олардың  өсімдіктермен өзара әрекеттесу механизмін зерттеудеміз. Микроорганизмдерді пайдаланып қант қызылшасы, арпа, бұршақ сияқты экономикалық дақылдардың өнімін көбейтуді ойлап отырмыз», дейді зертхана меңгерушісі Ж.Сағыман.

Жас ғалымдар ауыл шаруашылығының дамуына кері әсер ететін зиянкестермен биологиялық күресудің жаңа тәсілін іздестіріп жатыр. Мұның бәрі Жетісу өңірінің аграрлық әлеуетін ескере отырып жүзеге асады. Сол зертхананың кіші ғылыми қызметкері Аяулым Мұратбекова жобаның нәтижелі болуы үшін ұзақ уақыт керектігін айтты.

«Бұл ашытылған сүт өнімдерін өндіруге, сондай-ақ, ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған заманауи жобалар. Біз микробтық метагеномикалық зерттеу негізінде қоршаған ортаны қорғау бағытында қалдықтарды өңдеуге қатысатын микроорганизмдерді анықтап жатырмыз. Микробтардың адам ағзасына пайдалы жағын ескеріп жергілікті халықтың ағзасына микробиомдық талдау жүргіземіз», дейді А.Мұратбекова.

Расында аймақта жыл сайын мал басы өсіп, өріс малға толып, сүт өнімдерін өндірудің көлемі де арта түскені анық. Сонымен қатар, базардағы дүкендерде сүт өнімдері толып тұр. Оның бірі отандық, енді бірі шетелден жеткізіледі. Демек, барлығы тұрғындардың ағзасына пайдалы, денсаулығына тиімді деп айту ерте. Себебі, оларды дайындаудың технологиясын қадағалау мүмкін емес. Ал аталған институт ғалымдарының зерттеу жұмысымен танысып шыққан соң олардың жетістігі облыста өндірілетін сүт өнімдерінің сапалы әрі қауіпсіз болатындығына көз жеткіздік. Мұнан өзге, Жетісу өңірінің аграрлық әлеуетін ескере отырып, топырақ микробиотасының өсімдіктермен өзара әрекеттесу механизмін зерттеу, микроорганизмдерді пайдалана отырып, қант қызылшасы, арпа, бұршақ сияқты дақылдардың өнімділігін арттыру бойынша қолға алынған жұмыстар, ауылшаруашылығы зиянкестері мен ауруларға қарсы биологиялық жаңа технологияларын жетілдіру барысындағы ұмтылыстары да аймақ халқының болашағы үшін жасалып жатқан серпінді жұмыстар деп білдік.

Біздің бір байқағанымыз, институттағы мамандар еліміздің генетиктері мен селекционерлеріне селекция циклін алты есе қысқартуға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды бейімдеу бойынша қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Техникалық базасы да жақсара түскен. Заманауи зертханалық құрылғылар олардың ойға алған нәтижеге жетуіне үлкен мүмкіндік береді.

«Ғылыми-зерттеу қызметі ДНҚ-ның соңғы технологияларын пайдалану негізінде өсімдіктердің күрделі белгілерінің генетикалық және физиологиялық механизмдерін зерттеу арқылы дақылдардың биотикалық және абиотикалық стресс факторларына төзімділігі мен икемділігін арттыруға бағытталған. Зертхана отандық бидайдың өсуін бақылайтын гендерді анықтап, олардың экономикалық әсеріне генетикалық сандық бағалау жүргізеді. Сондай-ақ, «Қазақстан астығын жақсарту үшін жаңа генетикалық ресурстарды әзірлеу» атты грант аясында астық шығымдылығының компоненттерімен байланысты гендердің экзотикалық аллельдерін іздеу үшін бір мезгілде төрт генетикалық картаны жасауға бағытталған», дейді Биотехнология және ғылыми-зерттеу институтының молекулалық генетика және геномика зертхана меңгерушісі, PhD докторы, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты Қанат Ермекбаев.

Әрине, бүгінде бидайдың сан түрлі тұқымы бар. Осы дақылдың тұқымын жетілдірумен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары да жұмыс істейді. Дегенмен, олардың дені отандық тұқымдарды бір-біріне шағылыстыру жолымен тұқым селекциясын дамытуды мақсат етсе, мұндағы мамандар Қазақстанның бидай тұқымы мен еуропалық өнімділігі жоғары бидай тұқымын шағылыстыру арқылы жаңа түрлерді анықтауға бар күшін салып жатыр. Тіпті, шетелдегі осы саланың ғалымдарымен тәжірибе алмасып, тығыз бірлесе отырып жұмыс істейді. Бірақ бір жаңа тұқым сортын дайындау ұзақ жылдық барысты басып өтеді дегені болмаса, осы зерттеу институтының өнімі уақыты келгенде жетісулық егіншілердің көптеген түйткілді мәселесін түбегейлі шешуге септігі тимек.

Университет ғалымдардың ғылыми жобаларын қаржыландыруға да баса назар аударатынын білдік. Осы арқылы жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарына мол мүмкіндік беріп отыр. Қазір бұл бағыттағы қаржыландыру көлемі  500 млн теңгеден асқан.

«Университетте 2023 жылы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру шеңберінде жалпы сомасы 124 млн. теңгеге 7 жоба, 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың неғұрлым перспективті жобаларын гранттық қаржыландыру шеңберінде 164 млн. теңгеге 1 жоба орындалып отыр. Сонымен қатар, гранттық қаржыландырудан бөлек өткен жылы 60 млн. теңгеге университеттің ғылыми құрылымдық бөлімдерінің 4 жобасы және «Jas ǵalym – 2023» жобасы бойынша 12 млн. теңгеге ғылыми жобалар орындалып жатыр. Қаржыландырудың жалпы сомасы 500 млн. теңгеден асты», дейді университеттің басқарма мүшесі – ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Алефтина Бахтаулова.

Жетісулық жас ғалымдардың ізденісі көңіл сүйіндіреді. Мемлекет басшысы айтқандай, өңірдегі ғылыми үдерісті дамыту арқылы мемлекетіміздің экономикалық қуатын арттыра аламыз. Оған І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіндегі жас мамандардың еңбегі дәлел. Болашақта аталған жобалар өз нәтижесін береді деген ойдамыз.

 

Жетісу облысы