ФОТО: oner.kz
Қылқалам шебері жазиралы Жаркент өңіріндегі Арқас тауының баурайындағы табиғаты әсем Шежін ауылында дүниеге келген. Сондықтан дүбірлі думанның туған жерінен басталғаны абзал. Осы орайда сол топырақтың перзенті ретінде һәм ұлт руханиятына жанашырлықпен қайырылған халық жазушысының ұсынысы орынды деп ойлаймыз.
«Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мырзаға жаркенттік жұртшылық атынан бір тілегімді айтқым келеді. Жаркент қаласына кіреберістегі Жібек жолы көшесін Әбілхан Қастеев атына ауыстырып, шаһардың елеусіз жеріндегі Әбілхан көшесіне «Жібек жолы» атауын берсе деген ниетім бар. Бұл көптен айтылып келе жатқан сөз еді. Қос көшенің атауын ауыстыру, Жаркенттің бас көшесіне қылқалам шеберінің есімін беру биылғы 120 жылдық мерейтойға деген үлкен тарту болар еді...», дейді Б.Нұржекеұлы облыстық «Жетісу» газетіне берген сұхбатында.
Жалпы, өңірдің басшысы мәдени һәм тарихи танымы терең, халық тілегіне құлақ асатын азамат. Бұл ұсынысқа бей-жай қарамай, тақырыпты індете зерттеген секілді. Қазір облыста даңқты суретшінің мерейтойын лайықты атап өту үшін жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Былтыр Жаркенттегі есепті жиынында да суретшінің 120 жылдық тойын жоғары дәрежеде атап өту жоспарда бар екенін жеткізген. Сонда өнер дарабозының мерейі тасып, мәртебесі өсетініне жерлестері дән риза болған еді.
Оның үстіне облыс орталығына саңлақ суреткердің еңселі ескерткіші тұратын кез келді. Шыны керек, облыстық көркемсурет галереясы алдына қылқалам шеберінің мүсіні сұранып-ақ тұр. Естуімізше, Жетісудың атымтай жомарт азаматтары оған қажет қаржыны мойнына алып отырған көрінеді. Осы мәселенің мән-жайын жақында тағайындалған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтан сұрағанымызда қазір Мәдениет және ақпарат министрлігінен ескерткіш орнатуға заңды түрде рұқсат алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жерлестерінің тілегі осылайша ескеріліп жатса, нұр үстіне нұр.
Біз осы ретте сол аяулы мекеннің зиялы қауымына хабарласып, тағы да шешімін күткен жайлар барын аңғардық. Мәселен, туған ауылындағы Қастеевке арналған саябақ ескірген. Аудан азаматтары өз қаржысына 20 жыл бұрын Шежін ауылының іргесінен ашық аспан астындағы этникалық парк жасаған. Оған үлкен тастар әкелініп, шебердің «Түрксіб түйіскенде», «Мектепке барған қыз», «Ана», «Сағымбек Құсықбаевтың портреті», тағы басқа атақты картиналары мүсінші қолымен көшірілген екен.
Сонымен қатар суретшінің түп атасы Елшібек бабаға кесене, XVII ғасырда қазақ-қалмақ соғысында ерекше ерлік көрсеткен Бағай батырға, соғыс ардагерлеріне ескерткіш қойылған. Көптеген саялы ағаш көшеті егілгенмен, кейіннен олар қурап қалыпты. Саябақ қоршалмағандықтан ескерткіштердің де кетеуі кете бастаған. Ғасырлық тойын әлем атап өткен алыпты еске алу – ауылдастардың парызы. Этнопарк қоршалса, оған су тарту мәселесі шешілсе деген ел тілегі тағы бар.
«Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық мерейтойына орай Жаркент қаласында ашылған «Ә.Қастеев көркемсурет галереясының» пайдалануға берілгеніне де биыл 20 жыл толды. Содан бері келушілерге бейнелеу өнерін насихаттап, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр. Әйтсе де ХІХ ғасырда бөренеден қиюластырып салынған көне ғимарат қайтадан күрделі жөндеуден өткізуді қажет етеді. Ғимараттың сыртқы қабырғасы көзге қораш көрінеді. Осы жылы облысымызда басқа да мәдени іс-шаралардың жоспары жасалса, артық болмас еді», дейді Панфилов ауданының Құрметті азаматы Мырзағали Нұрсейіт.
Бұл ретте жаркенттіктер де қарап отырған жоқ. Әкімдік тарапынан мерейтой қарсаңында алдын ала іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек мерейтойдың жоғары дәрежеде өтуіне бар күш-жігерін салатынын айтты.
«Суретшінің кіндік қаны тамған Шежін ауылы – аудандағы орталықтан шалғай елді мекеннің бірі. Ауыл тұрғындарының көне мектеп үйін жаңарту туралы құзырлы орындарға сұрау салғанына біраз жылдың жүзі болған. Бұл мәселе былтыр шешімін тауып, жергілікті бюджеттен 861,8 млн теңгеге 60 орынды мектеп үйі салынды. Шежін орта мектебінің оқушылары өткен жылдың басынан бері спортзалы мен асханасы бар жаңа ғимаратта білім алып жатыр. Сондай-ақ бір ауысымда 15 адам қабылдайтын фельдшерлік-акушерлік жаңа емхана ашылды. Ауыл көшелері асфальтталып, Қастеев көшесі жарықтандырылды. Алтыүй ауылындағы 1972 жылы пайдалануға берілген Ә.Қастеев атындағы орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүруде, биыл күзде аяқталады. Оған қоса Мәдениет үйін жаңартуға қаржы қарастырылып жатыр», дейді М.Сағымбек.
Ел газеті «Егеменде» көтерілген осы мәселелерді өңір басшысы Бейбіт Исабаев өз бақылауына алады деген ойдамыз. Себебі қазақ даласынан шыққан аса дарынды суреткерді қалай ұлықтаса да жарасады. Бұл – тек Жетісудың ғана емес, күллі қазақтың абыройы.
Жетісу облысы