Атырау қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Нұржан Ермұхановтың айтуынша, ай сайын екі мәрте отырыс өткізілген. Комиссияда әр баланың отбасындағы ахуалы жете зерттеліп, заң аясында түрлі шешім қабылданған.
«Әр комиссияның ұстанатын бағыты бар. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның басты міндеті – балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау. Алайда комиссия отырысында мәселесі қаралған 200-ге жуық баланың кейбірінің болашағы ерекше толғандырады. Өйткені балалардың бірі құқыққа қарсы әрекетке барса, өзгесі ата-анасының мейірімін сезіне алмаған. Тіпті панасыз қалып, жәутеңдеген баланың аянышты тағдыры ойлантады», дейді Нұржан Ермұханов.
Оның айтуынша, комиссияның қарауына ұдайы ұсынылған басты мәселенің бірі – ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі. Себебі кей ата-аналардың тарапынан балаларын мектепке себепсіз жібермеу, сөйтіп, білім алу құқығын шектейтін әрекет жиі кездеседі. Ал кейбір ата-ана алкогольді ішімдікке тәуелді болған.
«Осындай немқұрайлы көзқарастан балалар өз үйінде ата-ана қамқорлығынан тыс қалады. Мұндайда отбасылық құндылық, отбасылық тәрбиені сөз ету былай тұрсын, керісінше балалар ата-анасынан зәбір көреді. Тіпті соққының құрбанына айналып жататын жайтты білеміз. Санасын қатыгездік әлде өшпенділік билеген болуы мүмкін, ес-түссіз мас болған әкенің бірі тоғыз айлық қызының қолын сындырған. Отбасы болуға сөз байласқан, сөйтіп, ұрпақ жалғастырар балаларының анасын далаға қуып жіберген. Бұл – алаңдататын ахуал», дейді қала әкімінің орынбасары.
Комиссияның мүшелері Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірге бала тәрбиесіне байланысты міндетін орындамайтын ата-аналарға түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді. Алайда заңға сәйкес тиісті шарасы қолға алынғанымен, одан нәтиже шығаруға тырыспай, бұрынғы әдетінен айнымайтындар бар. Сол себептен комиссия отырысында ата-ана құқығынан шектеу мәселесі көп қаралған.
«Әрине, ана мен баланы бір-бірінен айыруға болмайтынын білеміз. Бейкүнә баланың мөлдіреген жанарынан анасының қасында қалғысы келетінін аңғарылып тұрады. Сондайда ана мен баланы бөлектеуге қатысты шешімді қабылдау оңай емес. Бірақ әр баланың құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамға баруға тура келеді. Өйткені балаларды түрлі оқыс жағдайдан қорғау, оның ішінде суицидтің алдын алу үшін осындай шешім қабылданды. Мақсат – балаларды мейірімсіз ата-ананың қолында қалдырмай, мемлекет қарауына алу», дейді Нұржан Ермұханов.
Атырау қалалық полиция басқармасы ювеналды полиция тобының басшысы, полиция майоры Эльвира Иманғазиеваның айтуынша, жасөспірімдердің тарапынан жасалған қылмыстар 14 пайызға төмендеген. Алайда кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс 20 пайызға, ал жыныстық тиіспеушілік қылмысы 45 пайызға өскен.
«Былтыр Атырау қаласы бойынша ішкі істер органдарына әртүрлі әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 3 682 жасөспірім жеткізілді. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға 99 құжат жолданды. Комиссия шешімімен 10 ата-ананың құқығы шектелді. Ал үшеуі ата-ана құқығынан айырылды. Қаңғыбастықпен айналысқан екі қыз 6 ай мерзімге Ақтау қаласындағы мектеп интернатқа орналастырылды. Бұзақылық және қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегімен 22 жасөспірімге қатысты 11 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде үш жасөспірімнің ісі сотқа жолданып, оларға бір жылдан екі жылға дейін шартты түрде жаза тағайындалды», деді Эльвира Иманғазиева.
Әкім орынбасарының айтуына қарағанда, комиссияның назарынан тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі түспейді. Сондай отбасыларға қолдау көрсету жайы талқыланады. Комиссия мүшелері бақылауға алынған отбасылардың тұрғылықты мекенжайына барып, әсіресе балалардың әлеуметтік жағдайымен жете танысқан. Содан кейін 40-тан астам отбасы тұрмысқа қажетті заттармен, азық-түлікпен, балаларға арналған киім-кешекпен қамтылған.
«Көпбалалы бір отбасының жағдайы туралы айтайын. Балалардың әкесі денсаулық жағдайына байланысты жұмыссыз қалған. Оның 16 жастағы қызы мүмкіндігі шектеулілер санатында тіркеуде тұр. Бұл отбасының басыбайлы баспанасы жоқ. Ал жалдап тұрған пәтеріне төлейтін қаржысы болмады. Сол себептен, бірнеше ай бойы аталған отбасыға пәтер ақысын төлеуге көмек берілді. Мектеп жасындағы үш баласы ата-анасының өтінішімен Бесікті ауылындағы мектеп-интернатқа жіберілді», деді ол.
Екі жасөспірім баласы бар әйелдің де тұрғылықты баспанасы болмаған. Сондықтан оған тұрақты жұмыс тауып, жағдайы реттелгенше көмек көрсетуге шешім қабылданыпты. Нақтылай айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесіне уақытша орналасты.
«Комиссияда ата-анасының тәрбиесіне көнбей жүрген 15 жастағы жасөспірімнің мәселесі қаралды. Жасөспірім мектептегі сабағынан жиі қалып, қаңғыбастыққа салынған. Полиция қызметкерлерінің ұсынысымен оны Ақтау қаласындағы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастыру мәселесі туындады. Демек оны ата-анасынан уақытша болса да айыру қажет. Алайда мұндай нақты шешім баланың тәрбиесін түзей қоя ма? Міне, осы сауал комиссия мүшелерін толғандырды. Содан кейін жасөспірімді ата-анасынан жырақтатпай, оған тағы бір мүмкіндік беруге ұйғарым жасалды. Сөйтіп, комиссияның ұйғаруымен жасөспірімге «Шанс» кәмелетке толмағандарды психологиялық-әлеуметтік қолдау орталығында психологиялық кеңес беру, спорттық үйірмелерге қатыстыру, полицияның үнемі бақылауына алу мәселесі оң шешімін тапты. Қазір жасөспірімнің тәртібі жақсарды. Сабақтан қалмайтын болды. Спортпен шұғылданып жүр», деп мәлім етті Нұржан Ермұханов.
Тегінде еркін елдің ертеңіне баланған жас ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алғаны қажет-ақ. Бұл – әр ата-ананың бала тәрбиесіндегі басты міндетінің бірі.
Атырау облысы