Қоғам • 22 Қаңтар, 2024

Әлеуметтік төлемнің қанша адамға тағайындалғаны белгілі болды

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2023 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еліміздің 1,3 млн азаматы 750,7 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлем алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 70%-ға артқан, деп хабарлайды Egemen.kz  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік төлемнің қанша адамға тағайындалғаны белгілі болды

Фото: gov.kz

«Еңбекке қабілеттіліктен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. МӘСҚ-тен төлем медициналық-әлеуметтік сараптамада белгіленген 30%-дан 100%-ға дейінгі дәрежеде және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан жалпы еңбекке қабілеттілігін жоғалту кезеңінде жүзеге асырылады.

2023 жылы аталған төлемді 38,7 млрд теңге сомасына 100 мыңнан астам адам алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 27%-ға көп. Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 47 445 теңгені құрады.

Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының асырауында болған адамдарға  бюджет қаражаты есебінен төленетін асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысына қосымша тағайындалады. МӘСҚ-тен төлем асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысанында оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленеді.

Өткен жылы аталған төлем асыраушысынан айырылған 64,3 мың отбасыға 26,8 млрд теңге сомасында берілді, бұл 2022 жылғы сомамен салыстырғанда 26%-ға артық. Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 51 574 теңгені құрады.

Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға оның жұмыстан шығарылу себебіне қарамастан тағайындалады. Негізгі шарт – жұмыссыз ретінде тіркелу. Төлем жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін жүзеге асырылады. Төлем мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтарда 40%-дан 45%-ға дейін ұлғайтылған жұмыссыз ретінде тіркелу алдындағы соңғы 2 жыл ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, жүйеге қатысу өтіліне және табысты алмастыру коэффициентіне байланысты болатыны» жазылған ақпаратта.

Былтыр 49,9 млрд теңге төленіп, 224,1 мың адам алған, 2022 жылмен салыстырғанда алушылардың қатары 2 есе артқан.