Балалар • 22 Қаңтар, 2024

Президент: Балалардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өзекті мәселе

115 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Қазақстанның құқық қорғау органдары құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән беруі керек екенін айтты, деп жазады Egemen.kz.

Президент: Балалардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өзекті мәселе

Фото: El.kz

Президенттің сөзінше, мұның, әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте маңызы өте зор.

«Өздеріңізге мәлім, бұған дейін мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуді қолдайтынымды айтқан едім. Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады. Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайындауы керек. Құқық қолдану тәжірибесіндегі бұған дейін болған барлық мәселені ескеру қажет. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе. Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру қажет. Бұл, ең алдымен, қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ете білу деген сөз.

«Халыққа ынтымақтастықтың өзара тиімді формасын ұсынып, кері байланыстың оңтайлы жолдарын реттеу маңызды. Бастамашыл және заңға қайшы әрекеттерге бей-жай қарамайтын азаматтарға арқа сүйеу құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатының іс жүзінде сақталуына мүмкіндік беретініне сенімдімін», деді Мемлекет басшысы.