Экономика • 22 Қаңтар, 2024

Жаңа халықаралық логистикалық орталық

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұрнағы күні Қазақстан – Қытай шекарасында орна­лас­қан Достық аулының маңында жаңа халықаралық сауда-логистикалық орталық өз жұмы­сын бастады.

Жаңа халықаралық логистикалық орталық

Фото: baq.kz

Аталған жобаны «Dostyk Storage» ЖШС Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп жүзеге асырған болатын. Көзделген негізгі мақсат – трансшекаралық логистикалық инфрақұрылымды дамыту және «Алакөл» жол өткелінің өткізу қабілетін арттыру. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүк көліктерінің Қазақстан – Қытай шекарасы арқылы өтуін жеделдету туралы бірнеше рет айтқан болатын. Бизнес пен Үкіметтің бірлесіп қатысуымен жүктерді өткізу қабілеттілігін арттыру және оны ресімдеуді жеделдету шаралары осылайша жүзеге асырылды.

«Жүктерді өңдеу және сақтау үшін осындай орталықтар ашу Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Аталған орталық өз кезегінде шығыс шекарамыздағы алғашқы орталық әрі «Достық» – Шығыс Қазақстан мен Еуропа шекарасындағы ең озық бастама», деді кешеннің ашылу салтанатында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.

«Dostyk Storage» қоймасының құрылысы қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Жаңа қойма кешені «Достық» кеденінің «Алакөл» кеден бекетінің өткізу қызметін тәулігіне 200-ден 600 жүк көлігіне дейін арттырып, тәуліктік жүк айналымын 4 мыңнан 12 мың тоннаға дейін ұлғайтады деп күтіледі. Бұл жүк айналымын 1 млн тоннадан 3 млн тоннаға дейін жеткізеді. «Қазіргі таңда «Алакөл» кеден бекеті арқылы бір бағытта небәрі 180 көлік өтеді. Биыл бұл бекетті жаңғырту жұмыстарын аяқтап, жүк ағынын 500 көлікке дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз», деді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев.

Айта кетерлігі, «Dostyk Storage» ЖШС логистикалық орталығы 13,5 гектар аумақта орналасқан. Оның 3,5 гектарын үй-жайлары мен қойма инфрақұрылымы алып жатыр. Ал 10 гектары жүк көліктерін қоюға бөлінген. Жобаға арналған жеке инвестиция 2,8 млрд теңгеден астам соманы құрады. Кешен 3 жылдық мерзімге 100 пайыз (құрылтайшысы Мемлекеттік кірістер комитеті) «Nur Zholy customs services» мемлекеттік кәсіпорнының басқаруына берілді.