Пікір • 23 Қаңтар, 2024

Заң мен тәртіп – басты қағидат

305 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген бағдарламалық сұхбатында 2024 жыл еліміздің бесжылдық дамуы­на негіз қалайтын, жаңа экономикалық үлгіге көшетін айрықша маңызды кезеңнің басы болатынын атап көрсетті. Еліміздегі реформалар жүйелі әрі нақты сипатқа ие болатынын да ескертті. Себебі қоғамның да, ұлттың да саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді.

Заң мен тәртіп – басты қағидат

Президенттің сұхба­тын­да қо­ғам­ды алаңдатқан көп сауалға нақ­ты жауап беріліп, ел да­муының алда тұрған негізгі мін­­деттері ай­­қын­далды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болып сай­лан­­­ған­нан бастап басты ұста­нымы әділеттілік екенін, онсыз қо­ғам ешқашан дамымайтынын айтып келеді. «Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтып алумен бірдей», деген еді Президент өзінің сайлау­ал­ды бағдарламасында. Қоғам әді­лет­тілік салтанат құрғанда ға­на жаңарады, дамиды. Елдегі келеңсіз жағ­дайлар: сыбайлас жемқорлық, бай­лар мен кедей табысының ал­шақтығы, ұлттық байлықтың тең­дей жəне əділ бөлінбеуі, аза­мат­тар құқықтарының қорғал­мауы, қолданыстағы заңдардың то­лық­қанды орындалмауы – билік­те­гілердің қасиеті мен қағи­датына бай­ла­нысты. Сондықтан әділетсіз­дік­пен аяусыз күресу басты мін­детіміз болуы керек.

Мемлекет басшысы Қасіретті қаңтарға әкеп соқтырған алғы­шарт­­­тардың бірі қосарланған би­лік жүйесі екенін осы сұхбат ба­ры­сында ашық мә­лім­деді. Осы жағдайдан сабақ алып, мұндай қай­ғылы оқиға­ның қайта­лан­бауы­на, тек мемле­ке­ті­міздің мүд­десі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауымыз керек екеніне ерекше тоқталды. Билік, қоғам, баршамыз Қаңтар оқи­ға­сы­ның себеп-салдарынан сабақ алуымыз керек. Бұл үшін Пре­зидент айтқандай, заң мен тәртіп үстемдігін орнату –
басты қағидатымыз. Осы тұрғыдан алғанда, ел тұрғындарының сая­си өмірге көбірек қатысуына мүмкіндік бе­ріп, әділетті, демок­ра­тия­лық қо­ғам құруға бағытталған мем­лекет сая­сатын баршамыз қол­дауымыз керек.

Еліміз үшін ең басты мақсат – халқымыздың әл-ауқатының артуы. Экономикалық жетістікті әр отан­да­сымыз сезінуге тиіс. Оған қол жеткізу үшін үздіксіз дамып, үнемі өрлеп, өркендеуіміз қажет.

Президент сұхбатында алда тұрған экономи­ка­лық реформалар туралы айта келіп, еліміздің қарыштап дамуы, мақсаттардың орын­далуы ел Үкіметінің жан-жақты ой­ластырылған стратегия­сы­на ты­ғыз байланысты екенін атап өтті. Атап айтқанда, мемлекеттік қыз­мет­­шілердің өздеріне жүктел­ген міндеттерді мінсіз атқаратын кəсіби маман, бастамашыл болуы, нақты істерімен елге пайда əкелетін, жаңалықтар мен өзгеріс­тер­ді халыққа көрсетіп, қара­пайым тіл­мен түсіндіре алуы өте маңызды. «Бар­лық дең­гей­дегі ше­неу­ніктер мен басшы­лар қоғам­ның тамырын дөп баса білуге, азаматтардың мұң-мұқ­таж­дарын тыңдап-түсінуге, соған сəйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға жəне дұрыс ше­шім шы­ғаруға қабілетті болуы керек», деп мем­ле­кет­тік қызметкерлердің халық­қа жа­қын болу керектігін де қадап айтты.

Президенттің «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидасы жаңа формациядағы мем­ле­кеттік қызметшілердің не­гізгі ұстанымына айналуға тиіс. Мем­ле­кеттік қызметкерлер бекі­тіл­ген график бойынша аза­мат­тар­ды қабылдап, тұрғын­дар­дың арыз-шағымдарын, өтініштерін, ұсы­ныс-пікірлерін тыңдап, шешіп немесе түсіндіріп отыруды жұмыс істеу тәжірибесіне айнал­дыр­ға­ны жөн. Сонымен бірге олар елді мекендерде халықпен жиі кездесіп, атқарылып жатқан жұ­мыстарға есеп беріп, алда тұр­ған міндеттер туралы хабарлап отырулары керек. Мұндай кездесулер мен қабылдауларда күн­де­лікті түйткілді мәселелерге бай­­­ланысты ашық ой-пікірлер, ұсы­­­ныстар, өтініштер айтылады. Олар­ды есепке алып, орындауын бақылап, келесі кездесулерде қалай орындалып жатқаны баяндалып отырса, халық айтылған ұсыныс-пікірлердің жерде қалмайтынын түсініп, қоғамдық жұмысқа белсене араласады.

Тыңдай білсең, халық – дана. Пікірлесу, ақылдасу барысында айтылған ой-пікірлердің ішінен талай ұтымды, ұтқыр идея­ларды алуға болады. Халық жай әңгіменің өзінде мәнді ақыл айтады, талап қояды, міндет артады. Түйінді мәселелер көпшілік талқысына түскенде өз-өзінен шешімін та­уып кетуі де мүмкін. Мұндай кез­десулер алдағы жұмыстарға бағыт-бағдар беруі де ғажап емес. Ең бас­тысы, жұмыстың осындай бағыты билікті халықпен жа­қындастырады, ха­лықтың билік­ке деген сенімін ұлғайтады, елдің бірлігі нығаяды.

Мемлекет басшысы сұхбатта Үкіметтің жұмыс стилін өзгертуге байланысты да тоқталып өтті. Бү­гінде Үкіметке бірқатар қо­сым­ша өкілеттілік беріліп, Прези­дент әкімшілігі атқарушы биліктің қыз­метіне араласпай, басты саяси штаб ретінде ғана жұмыс істейтін болды. Өңірлердің бюджетке қа­тысты дербестігінің арта түс­кенін Президент: «Қазір Үкіметтің өнім­ді жұмыс істеуі үшін мүмкін­дік­тері жеткілікті. Дер­бес­­тікке жəне қосымша өкілет­тікке ие болуға ұмтылған Үкімет қала­ға­нын алды. Бірақ «алмақтың да салмағы бар», оларға қойы­латын талап та кү­шейді. Үкімет мұны тү­сінуге тиіс», деп Үкімет­ке үлкен се­нім артылғанын айтып өтті. Мемлекет басшысының қосымша өкілеттіктер мен дер­бестік беру туралы шешімі Үкі­меттің жұмысына тың серпін беруге тиіс. Енді Үкімет экономиканы басқарудың жаңа, заманауи тəсілдерін қолданып, эко­но­миканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформаларды қатар жүргізіп, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту арқылы, халықтың тұрмыс жағ­да­йын түзеуге бағытталған шараларды қолға алуы керек.

Тағы бір айта кететін мәселе. Жыл сайынғы халық асыға күтетін Президент Жолдауында еліміздің алдында тұрған міндеттер мен хал­­қымыздың тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталған ауқымды іс-шаралар айқындалып, Үкіметке, басқа да атқарушы органдарға нақты тап­сырмалар беріледі. Маңызды құ­­жаттағы Мемлекет бас­­шы­сының тапсырмаларын бү­кіл ел естіп, орындалуын асыға күтеді. Ал бұл тапсырмалардың қай­­сы­­сы орындалды? Қай тапсыр­ма әлі қозғалмады? Бұл жө­нін­де көпшілік біле бер­мейді. Жол­дау­дағы, бағдарла­ма­лардағы ай­тылған міндеттер мен тап­сыр­малардың қалай орын­дал­ғаны тура­лы халық біліп отыруы керек. Үкімет Парламентте бюд­жетті бе­­кі­тіп, оның орындалуы туралы есеп берумен бірге, Президент Жолдауын орындау мақсатында əзірленген Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын да, оның орындалуы туралы есебін де тыңдап бекітуі (немесе бекіт­пеуі) қажет. Мұндай тәжірибе Үкі­меттің жауап­кер­шілігі мен орын­дау­шылық тәртібін көтеріп, қоғам­ның сенімін нығайтады.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы