Қоғам • 23 Қаңтар, 2024

Алматыда есірткінің ірі партиясы тәркіленді

164 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық қауіпсіздік комитеті психотропты заттардың масштабты өндірісін жойды. Синтетикалық есірткінің рекордты партиясы заңсыз айналымнан алынды, деп хабарлайды Egemen.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда есірткінің ірі партиясы тәркіленді

Фото: ҰҚК

 

«18 қаңтарда Алматы қаласында жалға алынған жеке үйде психотропты заттарды дайындау процесінде есірткі зертханасын ұйымдастырушы, 1997 жылы туған Қазақстан азаматы қылмыс үстінде ұсталды. Тінту кезінде 200 килограмнан астам «мефедрон» есірткісінің дайын өнімі және 100 литр шикізаты алынды. Дайын есірткі заттарының салмағына қарап аталған зертхананың елдегі ең ірі зертхана болғанын аңғаруға болады», делінген хабарламада.

Алынған «мефедрон» көлемі шамамен 610 мың бір реттік дозаға эквивалентті. Бұл ретте, есірткілер Қазақстан аумағында өткізу үшін арналған. Сот шешімімен фигуранттарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.