Президент • 23 Қаңтар, 2024

Президент «Qarmet» кәсіпорнының стратегиялық мақсаттарымен танысты

104 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Allur компаниялар тобының басшысы Андрей Лаврентьевті қабылдады. Кездесу барысында «Qarmet» кәсіпорнының қазіргі жай-күйі, қалыпты жұмысқа көшу шаралары, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайту, еңбек қауіпсіздігінің деңгейін көтеру жоспары туралы баяндалды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент «Qarmet» кәсіпорнының стратегиялық мақсаттарымен танысты

Фото: Akorda.kz

Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпорын қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттық жағдайларды болдырмау мақсатында құрал-жабдықтар мен материалдық-техникалық базаны барынша жаңғырту жұмыстарын жүргізу аса маңызды екенін атап өтті.

Президентке «Qarmet» компаниясының басшылығы металлургтер және көмір өндірушілер кәсіподағымен кездесу өткізгені туралы баяндалды. Онда еңбек шарты, ұжым үшін маңызды шешімдер қабылдауда өзара ықпалдастықты одан әрі жалғастыру мәселелері талқыланған. Кездесу қорытындысы бойынша компания мен қызметкерлер арасында болашақ ұжымдық шартты бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойылған.

Андрей Лаврентьевтің айтуынша, «Qarmet» компаниясы өндіріс көлемін арттыру, Орталық Азия мен ТМД-да металлургия саласы бойынша көшбасшы кәсіпорындардың бірі ретіндегі мәртебесін 2028 жылға қарай қайтару жөнінде стратегиялық мақсат қойып отыр. Көзделген мақсаттарды іске асыру үшін жылына болат өндірісін 64 пайызға (5 миллион тоннаға дейін), темір кені концентратын 88 пайызға (5 миллион тоннаға дейін) және көмір өндіруді 47 пайызға (9 миллион тоннаға дейін) ұлғайту жоспарланған.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі экология мәселесіне ерекше назар аударып, жабдықтарды газға көшіру арқылы Теміртау қаласындағы экологиялық ахуалды сауықтыру үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет екенін ескертті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына Allur машина жасау кәсіпорны жұмысының нәтижесі мен даму жоспары туралы мәлімет берілді.

2023 жылы зауыт 90 мыңнан астам техника шығарды. Бұл – отандық машина жасау саласындағы рекордтық көрсеткіш. Биыл наурыз айында Chevrolet Оnix автомобильдерін ұсақ бөлшектерден құрастыру өндірісі іске қосылады. Škoda автомобильдері сериясын шығаруға арналған жабдықтар ретке келтіріліп жатыр. Қостанай қаласының индустриялық аймағында қуаты жылына 70 мың машина өндіруге жететін Kia Qazaqstan заманауи зауыты салынып жатыр.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтіп, инвестициялық жобалардың уақытылы жүзеге асырылуын жалғастыруды, соның ішінде экологияны жақсартуға бағытталған жұмыстарға баса мән беруді тапсырды.