Қоғам • 23 Қаңтар, 2024

«Анасы Жәнібектен бас тартамын деп арыз жазбаған». Журналист шикілік бар екенін айтты

11561 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Бармысың, бауырым?» радио хабарының жүргізушісі, туған анасын іздеп жүрген бельгиялық азамат Эдди Жан Савельевтің Қазақстандағы заңды өкілі, журналист Қымбат Досжан бала сатуға байланысты қозғалған қылмыстық істің неліктен қысқартылып қалғанын айтты, деп жазады Egemen.kz.

«Анасы Жәнібектен бас тартамын деп арыз жазбаған». Журналист шикілік бар екенін айтты

Фото: muratsaveliev

«Сұрауы бар» ютуб арнасында жарияланған сұхбатында Қымбат Досжан 20 жыл бұрын Арқалық қаласынан бельгиялық әйелге сатылған Жәнібек-Эдди Жан Савельевтің жазған арызы бойынша қозғалған қылмыстық іс бірден қысқартылғанын жеткізді.    

«2002 жылдың 17 қаңтарында Қостанай облысы, Арқалық қаласының перзентханасында өмірге келген Жәнібектің тегі Жұмағұлов болған. Перзентханада анасы «баламнан бас тартамын» деп ешқандай арыз жазбаған. Бір аптадан кейін «үй-жайымды реттеп келейін» деп анасы перзентханаға тастап кетеді-міс. Жәнібектің анасы қолхатты медицина қызметкерінің айтуымен жазған. Перзентхана басшысының атына Жәнібектің анасының «үйіме барып келейін» деп сұрану мақсатында жазған қолхатын да таптық.

Полиция қызметкерлері «салғырттық» бабымен қылмыстық істі 5 қаңтар күні қозғады, прокуратура өкілдері «мұндай бапқа сай емес, арада 20 жыл өтті» деп қылмыстық істі 13 қаңтарда қысқартып отыр. Маған қаулысын да жіберді», деді журналист.

Эдди Жан Савельевтің заңды өкілі Қымбат Досжан «салғырттық» бабы бойынша қылмыс құрамы жоқ деп қысқартылған істен кейін Бас прокурор Берік Асыловтың атына арыз жазып, «кәмелеттік жасқа толмаған баланы шетелге асыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды сұрағанын айтты.