Аймақтар • 23 Қаңтар, 2024

Қарасаздың Мұзтауы

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жұрт «Жетісудың жеті кере­метінің бірі» деп бағалап кеткен Кеген ауданы Шырғанақ ауылындағы «Мұзтаудан» қыстай адам аяғы арылмайтын. Айналаны ақ ұлпа қар басып, сақылдаған сарыаяз жүргенде жазық далаға өзінше көрік беріп, биіктей түсетін «Мұзтаудың» әр жылғы пішіні де әртүрлі бо­лып, көптің аса қызығу­шылығын тудыратын. Оған алыс-жақыннан, тіпті осы өңірге сапарлайтын туристер де толассыз келетіндігін жергілікті тұрғындар жиі айтады. Қыс айларында мұндай ғажайыпты көруге көршілес Райымбек ауданының тұр­ғындары да құмартатын еді. Енді олардың өз «мұзтау­лары» бар.

Қарасаздың Мұзтауы

Суретте: Қарасаз ауы­лын­дағы «Мұзтау», міне, осындай!

«Биылғы жылы Қарасаз ауылынан биіктігі 16 метрге жетерлік «Мұзтау» пайда болды. Бұған осы өңірдегі ауыл тұрғындары түгел қуанып, қыс қызығына кенелді. Қарасаз ауылына үш артезианнан ауыз су тартылған. Қысым жоғары болып, қысты күні жары­лып кетпес үшін артық суды сырт­қа бөлу арқылы осындай «мұз­тау» жасаудың орайы келді. Оған ауылдың белсенді азаматтары атсалысты», дейді Қарасаз ауыл­дық округінің әкімі Дидар Нұр­болұлы.

Қарасаз ауылында 3 мыңға жуық адам тұрады. Тұзкөл ауылы да осы округтің аумағында орналасқан. Көптің көзайымына айналған «Мұзтауға» Райымбек ауданының ғана емес, ендігі кезекте кегендіктер де келе бастаған. Екі ауданның бірлескен іс-шараларын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар мекемелер мен еңбек ұжым­д­ары да бас қосып, қыс мез­­гілінің қызықтарын мәнді өт­­кі­зуде жұдырықтай жұмыла бас­­таған. Осындай игі істің бас­­тауына айналған «мұзтау» ма­ңы­нан сырғанаққа қарық болған балалардың күміс күлкісін естіп, қуанышты сәттерін көруге болады.

Жуырда осы өңірде көмір тасымалдаушы азаматтардың ұйытқы болуымен Шалкөде, Тұзкөл, Қош­қар, Қарасаз ауылдарының тұр­ғындары бас қосып, бірлескен іс-шара өткізген. «Мұзтау» маңын­дағы қыс қызықтары мұнымен бітпек емес.

«Сәтті басталған «Мұзтау» ала­ң­ын­да шаңғышылар, конькимен, шана­мен сырғанаушылар жа­рыстарын ұйымдастыруды жос­парлап отырмыз. Келе­шекте ір­гесі кеңейіп, келушілерге жағ­дай жа­сауды ойластырудамыз. Ауыл – бәріміздің ортақ үйіміз бол­ған­дықт­ан, бұл істе азаматтар аянып қалмайды», – дейді ауыл әкімі Дидар Нұрболұлы.

 

Алматы облысы