1916 жылы 21 қазанда қазіргі Жангелдин ауданының аумағындағы Татыр көлінің жағасында Амангелді бастаған көтерілісшілер мен жазалаушы отряд арасында қиян-кескі ұрыс болады. Осы шайқаста 21 жастағы Ғапбас жазалаушы отрядтың барлаушысын алып ұрып, ерен ерлік жасайды. Оның көзсіз ерлігіне риза болған бас сардар оған өзінің қанжарын сыйлаған.
Бұл жәдігер 1863 жылы Златоуст қару-жарақ зауытында жасалған. Болаттан дайындалып, сабы жезден құйылған. Қанжардың сабында әзірленген жылы мен екі басты самұрық бейнеленген таңба бар. Ұзындығы – 64 см, жүзі – 49 см, сабы – 15 см. Жүзінің ені – 4 см. Қанжардың жеке салмағы – 1030 гр. Қынымен бірге – 1355 гр. Қынының түбіндегі металл бөлігі түсіп қалған.
Бас сардар ерлігіне тәнті болған Ғапбас Саламатұлы бейбіт заман орнағаннан кейін туған елінде халық соты, болыстық кеңестің төрағасы секілді қызмет істеген. 1972 жылы Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы музейі ашылғанда қария халық батыры сыйға тартқан қанжарды өз қолымен музейге тапсырған.