Құқық • 24 Қаңтар, 2024

Қоғам талқысындағы құқықтық нигилизм

349 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Құқықтық нигилизм немесе құқықтық немқұрайдылық – заң мен басқа да құқықтық актілерді білмеу, менсінбеу немесе саналы түрде оларды бұзу. Бұл бүгінгі қоғамымызда ашық көрініс тауып отырған әлеуметтік нигилизмнің бір көрінісі. Мұндай келеңсіздікке қарсы күрес заң үстемдігін қамтамасыз ету түрінде үздіксіз жүргізіліп келеді.

Қоғам талқысындағы құқықтық нигилизм

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқықтық нигилизмді жою және заңға бағынатын адамдардан құралған қоғам қалыптастыру жайында жиі айтып келеді. Өткен жылы Республика күніне арналған салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде: «Біз біртіндеп қоғамды өзгерту және демократия қағидаттарын енгізу жолынан айнымаймыз. Әлемде саяси және экономикалық ахуал құбылып тұрған заманда заң және құқық үстемдігін қамтамасыз ету өте маңызды. Мемлекет радикализмнің, экстремизмнің, құқықтық нигилизмнің және тұрмыстық вандализмнің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанатын болады. Еліміз өктемдік пен өшпенділікке, қоғамдық тәртіпті аяқасты етуге, зорлық-зомбылыққа шақыруға, азаматтардың ар-намысын таптайтын әрекеттер жасауға жол бермейді», деген болатын. Осы жылдың басында газетімізге берген көлемді сұхбатында да қоғамда жиі көтеріліп жүрген тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы айта келе: «Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек», деп мәлімдеді. Күні кеше Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысқан Президент заң бұзған азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқталып: «Құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуге тиіс. Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет. Қысқасы, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты», деді.

Жалпы, құқықтық нигилизм деген не және ол қайдан пайда болады? Конституция бойынша біз құқықтық мемлекетпіз, соған сәйкес құқық – қоғамдық қатынастарды реттеуші құралдың бірі. Алайда оның нәтиже беруі көптеген факторға байланысты, соның бірі – қоғамның құқықтық санасының деңгейі. Ал нигилизм латын тілінен («nihil») аударғанда «ешнәрсе», яғни жоққа шығару дегенді білдіреді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халық­аралық құқық кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Есбол Өміржановтың айтуынша, бүгінгі қоғамда қарапайым қоғам мүшелері арасында құқыққа деген көзқарастың өзгеруі, жалпы құқыққа байланысты бағаның төмендеуі нигилистік сананың қалыптасуына жетелеп отыр. «Нигилизмді адамдар арасындағы қарым-қатынасты ұтымды реттеу құралы ретіндегі құқықтың мəнін терістеп, жоққа шығару сипатында түсінсек, құқықтық қатынас субъектілерінің құқықты айналып өтуді заң талаптарын орындауға қарағанда тиімді санауы елде сыбайлас жемқорлық, рейдерлік, заң талаптарын мойындамаушылық, жауапсыздық сияқты негативтік салдарларға әкеп соғады. Бұл өз кезегінде мемлекеттегі құқықтық сая­сатты қайта қарастыру, осыған байланысты қоғамды басқару жүйесінде жүйелі өзгерістер енгізу қажеттігін алға шығарады», дейді ол.

Ал ІІМ Мақан Есболатов атын­да­ғы Алматы академиясы Құқық қор­ғау қызметін басқару кафедрасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Нұрсұлу Ибраимова әлеу­меттік нигилизмнің бір түрі ретінде құқық­тық нигилизм заң­ның қажеттілігін, пайдалылығын, мүмкіндігін мойындамаудан, оны әлеу­мет­тік құндылық ретінде танымаудан, заңға, құқықтық тәртіпке сенбеуден бас­тап, заңды қасақана бұзу, заң талаптарын жап­пай орындамауға дейінгі құбылыстар арқылы көрініс табатынын айтады. Оның пікірінше, қазіргі уақыттағы орын алып жатқан нигилизмнің кейбір сипаттамалары – шектен шығу, жоғары деңгейдегі агрессия, оғаш қылықтар немесе шектен шығу жағдайларының мемлекеттік, заң шығарушы, атқарушы, құқық қорғаушы органдармен байланысты болуы және оның кеңінен таралуы, мемлекеттік, саяси, адамгершілік, рухани, экономикалық, діни, құқықтық нигилизмнің араласып, біртұтас деструк­тив­ті үрдісті құрауы.

«Жалпы, көптің санасында құқықтық нигилизм, құқықтың әлеуметтік өмірді реттеуде қауқарсыздығы түсінігімен байланысты. Оның қалыптасу себеп­терінің бірнеше деңгейін айта аламыз. Жеке тұлғаның белсенді ұстанымы мен құқықтық мәдениетіне көп нәрсе байланысты. Ең қарапайым деңгейде құқықтық сауатсыздық пен құқықтық мәдениетсіздікті айтуға болады. Ол заңды түсінбеуден, оқып-үйренуге талпынбаудан бастап процессуалдық процедураларға қажетсіз әрекет ретінде қарауға дейінгі көзқарас, мінез-құлық. Сонымен қатар жалпы, құқықтан хабарсыздық, скеп­ти­калық таптаурын түсініктер, анық-қа­ны­ғына жетпей жатып өзін сендіру, құ­қыққа сенімсіздік секілді мәселелер өзара қиылысып жатады. Адамдар заң­ның күрделі жерлерінен өтуді қиын көр­ген­дік­тен кейде өз құқықтарын жүзеге асырудан бас тартып та жатады», дейді ол.

«Одан кейінгі деңгейде құқықты жоққа теңеу немесе оған сенімсіздікпен қараудың қалыптасуы адамдардың өз құқықтарын жүзеге асыра алмауынан, не оларды орындау және қолдану тетіктерінің жетілмегендіктері себебінен де болуы ықтимал», дейді заңгер. «Заң актілерінің сапалы деңгейде дайындалмауы, «ақтаңдақтардың» көп болуы, қарама-қайшы актілердің қабылдануы; жаңа қабылданған заңдарға артылған үміттің шектен асуы; қолында билігі бар мемлекетттік мекеме немесе лауазымды тұлғаның алдында азаматтардың өзін әлсіз сезінуі; құқық қорғаушылардың билікті өз қалау­ларынша қолдануы, дөрекілік, мен­мендік көрсету жағдайлары; заң­ды­лықты саяси, идеологиялық немесе прагматикалық мақсатпен алмастыру; азаматтардың заңды қалыптастыру барысына қатыспауы және т.б. жағдайлар құқықтық нигилизм дейтін тығырыққа әкеп тірейді», дейді полиция полковнигі.

Заң ғылымдарының кандидаты Есбол Өміржановтың айтуынша, құқықтың əлеуметтік маңызын жоққа шығару, құқыққа, заңдарға, құқықтық тəртіпке деген құрметтің болмауы – бүгінгі нигилизмнің басты сипаты. Сонымен бірге түрлі деңгейдегі мемлекеттік орган және лауазымды тұлға тарапынан орын алатын құқыққа деген немқұрайдылық, менсінбеушілік, сенімсіздік көрсету сияқты қатынастар да осы құбылыстың бір көрінісі. «Нигилизм екі нысанда орын алады: біріншісі, құқықты ашық түрде жоққа шығару, оның қағидалары мен нормаларын ескерусіз қалдыру; екіншісі, құқықтық нормаларды біле тұрып оларды өз мақсатына пайдалану. Қазіргі қоғамда халықтың кей бөлігі құқықты жоққа шығарып, оған мойын­­сынғысы келмесе, екінші бөлігі сол құқық нормаларын айналып өту те­тік­­те­рін қарастырады. Құқық­тық нигилизм тек қарапайым халық ара­сында емес, сол құқықтың жүзеге асы­рылуын қа­да­­ға­лайтын мемлекеттік қыз­мет­шілердің ара­сында да артып келеді», дейді заң­гер.

Қоғам дертіне айналған құқықтық нигилизмді жою үшін не істеу керек? ІІМ Алматы академиясының оқытушысы Н.Ибраимова: «Ол үшін құқықтық қоғам үстемдігін қамтамасыз ету қажет, сонда азаматтық қоғам да дамуға мүмкіндік алады. Шынайы құқықтық тәртіп мемлекет тарапынан емес, қоғам тарапынан қалыптасуға тиіс», дейді. «Азаматтық қоғамды қалыптастыру бірінші кезекте азаматтарға байланысты. Қазіргі таңда еліміз жандану кезеңінде, толыққанды азаматтық қоғам құруға жағдай жасалып жатыр. Құқық қорғау органдары барынша ашықтық, қоғаммен серіктестік орнату, есеп берушілік, қоғаммен бірлесіп әрекет ету бағытында жұмыс істеп келеді. Әрине, құқықтық нигилизм қоғамның экономикалық, әлеуметтік, мәдени, діни бағыттарда даму деңгейімен тығыз байланысты екендігін естен шығармауымыз керек. Нигилизммен күресудің барлық нысаны мен әдісі халықты терең әлеу­меттік, экономикалық, саяси, рухани, адам­гершілік дағдарыстан шығаруға бағытталады», деді ол.

«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» Респуб­ли­калық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Семғалиев құқықтық нигилизм немесе заңды көзге ілмеу, оны аяққа таптау қазіргі қоғамда жіті назар аударылуға тиіс мәселе болып отырғанын айтады. «Оның бірнеше сатысы бар. Біріншіден, қарапайым халық арасындағы құқықтық нигилизм. Олардың бір бөлігі заң талаптарын біле бермейді, енді бірі біледі, бірақ одан айналып өтетін жол іздеп тұрады. Екіншіден, халықтың ішінен жастарды бөліп атау керек. Олар біз секілді аға буынға қарап қалыптасады. Мәселен, студент кезде сессияны жабу үшін сынақ, емтихан тапсырғанда түрлі заңсыз жолдарға барып жататындар бар. Олар ертеңгі күні қызметке кіріскенде де осы жолды таңдауы мүмкін. Үшіншіден, мемлекеттік қызметшілер, олардың ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ерекше атаған орынды. Олар өздері халықтың құқын қорғаймыз деп ант берген адамдар. Көпке күйе жақпаймыз, алайда «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, сол антқа адалдығынан айнып, өздері заң бұзатындар көп. Мұндай қызметкерлер ең бірінші кезекте заң талабына емес, басшыларының қас-қабағына көбірек қарайлайды», дейді ол.

М.Семғалиев ел ішіндегі құқықтық ниги­­лизмнің алдын алып, жою үшін қоғам­­дық бақылауды күшейту қажеттігін айта­ды. Осы мақсатта бірнеше жылдан бері өзі басқаратын «Жаңару» бірлестігі әді­лет­­тілік жолын насихаттау мақсатында жұмыс жүргізіп келе жатқанына да тоқ­тал­ды.

«Біз ел арасына жиі шығып, халық­пен, оның ішінде түрлі кәсіпорын қыз­мет­керлері, жастар, оқушылармен кездесулер өткізіп тұрамыз. Оларға елімізде қандай заңдар қызмет атқаратынын, түрлі құқық бұзушылық бойынша қандай жауапкершіліктер қарастырылатынын, әр адам өз құқықтарын білу керектігін, әділ қоғам орнату үшін не істеу керек екенін айтып жүрміз. Біз секілді заң үстемдігінің орнауы жолында жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдарға мемлекет тарапынан қолдау күшейтілуі керек. Жалпы алғанда, құқықтық нигилизмді жою үшін ашықтық, жариялылық және қоғаммен бірге жұмыс істеу қажет», дейді ол.