Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдан бастап президенттік Жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша білім берудегі өзгерістер көшбасшыларын іріктеу және даярлау тетігін әзірлеу әрі бекіту жөніндегі жобаны іске асырып жатыр. Бұл жоба білім саласын ілгерілетуге бағытталған. Сондықтан мамандарды іріктеуге жіті көңіл бөлінді. Үміткерлерді іріктеу және біліктілігін арттыру бойынша іс-шараларды Назарбаев зияткерлік мектептерінің Педагогикалық шеберлік орталығы өткізді.
Педагогикалық шеберлік орталығының мәліметі бойынша, бастапқы кезеңде жобаға қатысуға 8 068 адам тіркеліп, оның 2 838-і тестілеуден өтті. Тестілеу нәтижесі бойынша оқуға ұсынылған үміткерлердің сараланған тізімі қалыптастырылды. Олардың арасынан іріктелген 500-і арнайы оқытудан өтті. Әрі қарай бағдарламаның екінші кезеңіне сәйкес үміткерлерді іріктеу үш деңгейлі (базалық, ілгері, кәсіби) оқыту негізінде жүзеге асты. Оқыту барысында топ-менеджерлер заманауи мектептегі үрдістер, мұғалімнің үздіксіз дамуы мен кәсіби әл-ауқаты, балаға қолайлы орта құру, стратегиялық жоспарлау, табысты директор ретіндегі бедел, кәсіби экология, әлеуметтік капитал және әлеуметтік әріптестік, жобалық менеджмент, аналитикалық құзыреттер сынды тақырыптарды тереңірек зерттеді.
Ал үшінші кезеңде – елдің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, төртінші кезеңде – қорытынды бағалау, қорытынды кезеңде министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесу болды. Барлық бес кезеңнің қорытындысы бойынша республикалық кадр резервіне 208 кандидат қабылданды.
Іріктеудің барлық кезеңінен өткендерге сертификат табысталды. Салтанатты рәсім Астана қаласында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қатысуымен өтті. Министр кадрлық резервке өткен үміткерлерге арнаған сөзінде отандық білім сапасын арттыру және педагог кадрларды кәсіби даярлаудағы негізгі бағыттарды атады.
– Өткен жылдың басында Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі білім сапасын одан әрі арттыру үшін 5 негізгі бағытты айқындады. Олардың ішінде менеджментті нығайту және кадрлық резервті қалыптастыру да бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз «Жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын іске қостық. Бұл – отандық білім жүйесін дамытудың жаңа кезеңі. Сегіз айдың ішінде сіздер іріктеуден өтіп, жеке, кәсіби, басқарушылық, аналитикалық дағдылар мен құзыреттеріңізді дамыттыңыздар. Енді нағыз көшбасшылар ретінде еліміздегі білім беру жүйесінің сапасын арттыруға үлес қосуларыңыз керек. Ең бастысы, балаларымыз бен педагогтерімізге жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру, – деді Ғ.Бейсембаев.
Аталған жобаны шетелдік сарапшылар жоғары бағалап, оң пікір білдіріп отыр. Кембридж университеті Хомертон колледжінің профессоры Элейн Уилсонның айтуынша, бұл – кадрлық резервті дайындау бойынша жасалған бірегей жоба. «Аталған маңызды бағытқа мемлекет Оқу-ағарту министрлігі деңгейінде көңіл бөліп жатқаны қуантады. Бұл отандық білім беруде жауапкершілік ала алатын, болашағы зор мамандардың базасын қалыптастырудың тиімді жолы», деді ол.
Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары Толқын Қайырбекқызы оқыту барысында қатысушылардың практикалық тұрғыдан шыңдалғанын атап өтті. «Біз жай теориямен шектелмей, сабақ үміткерлердің «егер мен осы теорияны мектепке барып енгізетін болсам, не істер едім, нені жақсартуым керек?» деген сияқты рефлексиялық ойлау дағдыларын дамытуға бағытталды», деді ол.
Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша кадр резервіне енген 208 кандидаттың арасында Астана қаласындағы А.Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицей директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Мұқашев та бар. «Жобаға қатысу басқару тәсілімді түбегейлі өзгертті. Мен балаларымызға қолайлы жағдай жасау және ұжыммен бірге қай бағытта дамитынымыз туралы ойлана бастадым. Ең бастысы, бұл жоба әріптестерімнің болашаққа және өз күштеріне деген сенімін арттырды», дейді үміткер.
Кадрлық резерв бағдарламасының қатысушысы Саят Есембек те жоба жаңа ізденіске жол ашқанын айтты. «Біз оқыту курсында «қазіргі мектеп қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап бере отырып, мектепті басқарудың қазіргі заманға сай формаларын, тәсілдерін, құралдарын қарастырдық. Бұл алдағы уақытта тәжірибеде қолданатын пайдалы білім болды», дейді ол.
Табысталған сертификат негізінде үміткерлер конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ бірінші басшының бос орнына тағайындалатын болады. Сондай-ақ оларға «Жетекші-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі. Жаңа буын менеджерлері жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ошақтарын кадрлық жағынан қамтамасыз етуге жіберіледі. Айта кетейік, бұл жоба биыл да жалғасады. Оған тілек білдірген барлық педагог қатыса алады.