Қоғам • 24 Қаңтар, 2024

Қазақстан әскерилерінің жаңа киім үлгісі таныстырылды

689 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2023 жылы 5 мамырда өткен Бүкілармиялық кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық әскери қызметшілерге арналған жаңа киім үлгісін мақұлдаған болатын. Қорғаныс министрлігі қоғамдық талқылаудан кейін, әскерилердің жаңа формасын таныстырды, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан әскерилерінің жаңа киім үлгісі таныстырылды

Фото: Қорғаныс министрлігі

«Енді әскери қызметшілер қаракөл жағалы қысқы куртканың орнына «Аляска» типті курткалар киеді. Жоғары офицерлік құрамнан өзге әскери қызметшілердің бас киімдері күнқағарсыз болады. Маусымдық күнделікті плащ камуфляж түсті далалық күртешеге, ал күнделікті свитер далалық свитерге ауыстырылды. Әскери қызметші әйелдер үшін пилотканың орнына кепи қарастырылған. Жоғары офицерлік құрамнан, Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құрылымдық бөлімшелерінің, Қарулы күштер Бас басқармаларының бастықтарынан, бас қолбасшылардан, қолбасшылардан және олардың орынбасарларынан өзге әскери қызметшілердің барлық санаттары үшін китель, шалбар, жейделер, галстуктар алынып тасталды», делінген министрлік хабарламасында.

Қазіргі офистік киім үлгісі тек басқару органдары, жоғары оқу орындарының тұрақты құрамы, әскери бөлім командирлері, олардың орынбасарлары және әскери қатынастар комендатуралары үшін күнделікті форма болады.

аа

Қара түсті қонышы ұзын бәтеңкемен қатар тұрақты құрамды құм түсті жазғы бәтеңкемен қамтамасыз ету  қарастырылған. Бұл нұсқа еліміздің географиялық ерекшеліктеріне, сондай-ақ ыстық өткізбейтін және материалдық қасиеттеріне байланысты таңдалған.

Жаңа үлгідегі далалық киім-кешекке көшу 2024 жылдың төртінші тоқсанына, қалған үлгідегі жаңа дизайндағы әскери формаға ауысу алдағы үш жыл көлеміне жоспарланған.

Бұған дейін ел әскерінің жаңа үлгідегі формасы қоғамдық талқылауға ұсынылғанын хабарлаған болатынбыз.