Парламент • 24 Қаңтар, 2024

Қазақстанда 24 мың студент үйсіз жүр – депутат

191 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жатақханаларда бос орындардың болмауы себебінен студенттер жалдамалы пәтерлерді немесе техникалық қауіпсіздігі осал, арзан хостелдерді паналауға мәжбүр». Пленарлық отырыс барысында мәжілісмен Нұргүл Таудың Үкіметке жолдаған депутаттық сауалы осылай басталды, деп хабарлайды Egemen.kz Respublica партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда 24 мың студент үйсіз жүр – депутат

Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Депутат халықпен кездесу барысында келіп түскен шағымдар бойынша Respublica партиясының бірқатар мәслихат депутаттарымен бірлесіп, Астана, Алматы қалалары және Алматы облысында бірнеше студенттік жатақханаға барып, студенттердің жағдайымен танысқан.

«Жастар арасындағы үйсіздік пен күйсіздік жағдайлары қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Күні кеше Алматыдағы хостелде болған өрттен 13 адам қаза тапты. Тілсіз жаудың салдарынан көз жұмғандардың арасында студенттер де бар. Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректері бойынша, елімізде 380 студенттік жатақхана бар. Алайда, жатақханаларда 23,7 мың орын тапшы. Бұл мәселе қазіргі уақытта Алматы, Астана, Шымкент қалалары және Солтүстік Қазақстан облысында өзекті», деді Нұргүл Тау.

Депутат Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйеніп 2017 жылдан 2022 жылға дейін жатақханаларда тұратын студенттер саны 68,1 мыңнан 73,1 мың адамға дейін өскенін айтты. Оң үрдіс болғанымен, қажеттілік бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Жатақханалар білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейді.

«Мысалы, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық Университеті жатақханаларының тозығы жеткен. Студенттердің жуынатын бөлмелерінің тазалық жайы сын көтермейді. Бұл, әсіресе, медицина саласындағы университетке сай келмейтін, жат жағдай. Астана Медицналық Университетінің жатақханаларында студенттер арасында бір шағын бөлмеде 9-11 адамнан тұру қалыпты жайтқа айналып кеткен. Сондай-ақ аталған жатақханаларда үй-жайларын жөндеуге және күтіп ұстауға қойылатын талаптарды қатаң сақтауды қадағалау мәселесін қолға алу қажет», деді депутат.

Депутаттық сауалында Нұргүл Тау студенттерге қатысты тағы бірнеше мәселені тілге тиек етті. Олардың ішінде жатақханалардың қауіпсіздігі, терроризмнен қорғану деңгейі, өрт қауіпсіздігі деңгейлерінің төмендігі бар. Кейбір жатақханалар террористік актіге қарсы қызметтерді шақыруға арналған «дабыл түймесімен» жабдықталмаған болып шықты.

Тығырықтан шығудың бірнеше жолын атаған мәжілісмен Үкіметке жеке кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестігін құру арқылы студенттерге арналған жатақханаларды салу және оның қызметін ұйымдастыратын ұлттық жоба құруды, шығындардың жартысын өтеу мақсатында «краудфандинг» тетігі бойынша жеке және заңды тұлғалардан инвестиция тартуды, жастардың пәтерді жалға алу қаражатын төлеу гранттарын енгізуді, кәсіптік оқу орындарын студенттерді толықтай жатақханамен қамтамасыз етуге міндеттеуді және Еуропада студенттер қауымына көрсетілетін түрлі қолдау жолдарын мысалға келтіріп, аталған тетіктерді біздің елде де қолданып, білім алып жатқан жастардың бірқатар мәселесін шешуге болатынын айтты.