Зерде • 24 Қаңтар, 2024

Бас редакторлар «Тіл - қазына» орталығының жобаларымен танысты

480 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін республикалық Бас редакторлар клубы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына арнайы келіп, ұйым жұмысымен танысты. Бас редакторлар клубының президенті, Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай бастаған клуб мүшелері ғылыми-әдістемелік және мемлекеттік тілді цифрландыру бағытындағы ІТ өнімдер туралы ақпарат алды.

Бас редакторлар «Тіл - қазына» орталығының жобаларымен танысты

Орталық басшысы Мақпал Жұмабай қонақтарға журналистердің күнделікті жұмысында қолдануға ыңғайлы «Emle.kz», «Termincom.kz», «Sozdikqor.kz», «Qazcorpora.kz» сынды тілдік жобалармен қатар, қазақ тіліндегі мәтінді дыбысқа айналдыратын және дыбысты мәтінге айналдыратын Telegram-бот жүйесі туралы толығырақ баяндап берді.

Кездесуге қатысқан Бас редакторлар клубының вице-президенті, республикалық «Әділет» газетінің бас редакторы Мұратбек Тоқтағазин, Қазақ радиосының ардагері, белгілі диктор Күләш Молдахметова, «Abai tv» телеарнасының директоры Еркін Таңатқанұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов, «Қазақстан» РТРК» АҚ интернет дирекциясының жетекшісі Қанат Әуесбай, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай, Бас редакторлар клубының жауапты хатшысы Бибігүл Құламан және басқа журналистер өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Клуб мүшелерінің айтуынша, журналистер материал дайындау барысында көнерген сөздерге немесе түсініксіз терминдерге жиі ұшырасады.

«Жылдам ақпарат жазу кезінде мәтіннің дұрыстығын тексеруге уақыт тапшы болатын сәттер бар. Сондайда жоғарыда аталған платформалардың қай-қайсы да көмекші бола алады», дейді баспасөз өкілдері.

Жиынды жүргізген Бибігүл Жексенбай: «Технология – өміріміздің айнымас бөлшегіне айналды. Қазір жастарымыздан бастап үлкендерге дейін әлеуметтік желі, интернет мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланады. Осы тұрғыдан алғанда, «Тіл-қазына» орталығында әзірленген қазақ тілін дамыту бағытындағы ІТ жобалар мен түрлі платформаларды жоғары оқу орындары мен мектептерде оқу-тәрбие үрдісіне енгізу, көпшілік пайдаланып жүрген түрлі интернет ресурстарда қолжетімді қылу аса маңызды деп білемін. Бас редакторлар клубы Орталықтың тілге қатысты жаңа өнімдерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамға таныстыруға әрдайым дайын. Мемлекеттік тіліміздің сапалы және тиімді түрде дамуын ұйымдастыру тіл мамандары мен БАҚ өкілдеріне ортақ міндет», деді.

Кездесуде ғылыми қауымдастық алдында тұрған  маңызды міндеттің бірі – ауқымды тіл моделін құру мәселесі де талқыланды.  Сонымен қатар жасанды интеллектіні қазақша дамыту қадамдары мен осы бағыттағы нақты ізденістер жайлы тұшымды ойлар айтылды. Жиын соңында М.Жұмабай қонақтарға Орталықтың келешекке жоспарланған іргелі жобалары туралы да жан-жақты мәлімет берді.