ФОТО: ozgeris.info
Бұл жөнінде Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келіп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми әлеуметімен танысқан Ұлттық ғылым академиясының басшылығымен болған кездесуде айтылды. Аталған университеттің белсенді, дарынды ғалымдарын жобаларға тарту жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр. Осы орайда университет ректоры Жанар Темірбекова және ректор өкілі Пеями Батталмен кездесуде өңірдегі ғылыми зерттеу жұмыстары мен өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, екі тарап ғылымды дамыту бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. «Біз рухани астанаға Түркия мемлекетімен ынтымақтастықты нығайту мақсатында келіп отырмыз. Жақын арада Түркиядағы ірі ғылыми қор TÜBİTAK ұйымына қарасты институттарға қазақ ғалымдарының делегациясы барады. Ондағы негізгі мақсат – Қазақстан ғылымының басым бағыты бойынша Түркия мемлекетіндегі ірі ғылыми орталықтар мен университеттер арасындағы ғылыми ынтымақтастықты құру, ғалымдарды таныстыру және бірлесіп жобаларды өткізу. Осы мәселе бойынша дайындық жұмыстарын пысықтап, қажетті ғылыми бағыттарды анықтаймыз. Соның негізінде бағдарлама мен ірі ғылыми тұжырымдама дайындаймыз», деді академия өкілдері.
Ал университет ректоры Жанар Темірбекова жаңа жоспарлармен бөлісіп, өңірдегі ғылымды дамытуға оқу орны ғалымдары белсенді түрде атсалысатынын айтты. Университет аумағында «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының құнды генофондын сақтау» атты коммерцияландыру жобасы аясында арнайы өндірістік цех құрылып жатыр. Жемістерді ғылыми зерттеумен және өндірістік қайта өңдеумен айналысатын шағын кәсіпорын алдағы уақытта тұрғындарды сапалы экологиялық таза жеміспен және кептірілген жеміс өнімдерімен қамтамасыз етпек.
Сондай-ақ академия делегациясы университеттің ғалымдарымен дөңгелек үстел өткізді. Басқосу барысында университеттің жетекші және жас ғалымдарының қатысуымен Түркістан облысы бойынша өзекті мәселелерді талқылау, оның шешу жолдарын анықтау, ғалымдардың ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыру, өндіріске енгізу мәселелері қаралды. Жиынға қатысушылар мәселелерді жан-жақты саралап, тиімді бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеуге келісті.
Жалпы өңірде жоғары оқу орындарында ғана емес, мектеп, колледждерде де білім сапасын арттыру облыс әкімінің назарында екенін ескерген жөн. Бұл орайда 2024-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамытудың өңірлік жол картасы қабылданған. Мектептер мен колледждерде мониторинг жүргізу қолға алынбақ. «Білім саласына бизнес ретінде қарайтын басшылар, қызметкерлер, әріптестер болса, қазірден жұмыстан кете берсін. Біз қалай болғанда да білім сапасын жақсартуымыз керек. Өңірге арнайы индикаторлар бекітілген. Сіздер білім саласы бойынша 2024 жылдың соңында республикада ондықтың қатарына ену межесін қойып, осы бағытта нақты жоспарды ұсыныңыздар. Индикатор толық орындалуға тиіс», деген болатын білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланған мәжілісте облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, ауылдық жердегі білім сапасын көтеру мақсатында 2024-2025 жылдары 10 педагогикалық шеберлікті арттыру орталығы, 10 жетекші мектеп, тағы 5 ауданда «Мобильді мұғалім» жобасы іске қосылады. Сонымен қатар Жапония елінде тәжірибеден өткен ұстаздар мен әдіскерлер арқылы Lesson study әдісін сатылап енгізу және «Ауыл мектебін сапалы басқару» қанатқақты жобасы іске асырылып жатыр. Колледждерде білім сапасын көтеру жұмыстары қарқынды. Гранттар толық игерілген. «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында 2024-2025 жылдары еңбек нарығының сұранысына сәйкес 10 жаңа мамандық ашылады. Ол үшін өңірге қажетті жаңа кәсіптердің атласы қайта жасақталады.
Түркістан облысы