Пікір • 24 Қаңтар, 2024

Наурыз мерекесін жаңғырту – уақыт талабы

2181 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде Наурыз мейрамының маңыздылығын арттыру жайы жиі талқыланып жүр. Бұлай болуы заңды да. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Ұлыстың ұлы күніне ерекше мән беруі де тегін емес.

Наурыз мерекесін жаңғырту – уақыт талабы

Наурыз – жаңару мен жаңғыру­дың рәмізі. Сондықтан төл мере­ке­міздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл мерекені ата-бабаларымыз ерте дәуірден Ұлыстың ұлы күні деп тегін айтпағаны, мың­даған жылдан бері дәл осы күн­ді жыл басы санағаны бекер емес. Бұл құндылықтан қазақ қо­ғамы біршама жыл жырақтап қал­ғаны белгілі. Оған тарихи жағ­дай­лар­дың әсері болғаны да ақиқат. Десе де 1988 жылдан бері халыққа қайта оралған Наурызға әлі күнге қажетті деңгейде мән бере алмай отырғанымыз, мерекенің сипатын аша алмай келе жатқанымыз рас. Әз Наурыз мейрамын Ұлыстың ұлы күні ретінде лайықты мәртебеге шығару үшін не істемек керек?

Наурыз мейрамын тойлауға ке­ңес үкіметі 62 жыл (1926-1988) тыйым салып, кеңестік идеология ұлы мерекенің түпкі мағынасы мен маңыздылығын қоғам санасынан өшіруге барын салды. Бұл идеология жыл басын көктемде атап өту, ұлттық салт-дәс­түрді сақтау, қоғам бірлігі, ағайын арасындағы татулық пен ба­уыр­малдық, қайырымдылық, отбасылық сыйластық, табиғатқа қам­қорлық деген ең маңызды қағи­дат­тарды Наурыз мейрамымен байланыстырмауға тырысты. Оның орнына ортақ идеологияға тән жаңа жылды 31 желтоқсанда 24.00-ден бастап атап өтуді 1936 жылдан бастап «дәстүрге» айналдырды. Осылайша, кеңес дәуірінде ұлттық дүниетанымға жат әдеттер мен басқа құндылықтарды насихаттау идеологиясы жүрді. Содан бері бұл идеологияның ықпалы посткеңестік елдерде де, Қазақстанда да мықтап тұрып орнықты. Желтоқсан айының ортасынан басталатын қарбалас дәстүрге айналды. Жаңа жылдық шыршаны жағу, 31 желтоқсанда түнгі сағат 24.00-де Президенттің құттықтау сөзін күту, фейерверк пен отшашу ату, бенгаль отын жағу сынды «дәстүр», тіпті жаңажылдық дастарқан мәзірі әбден қалыптасты. Одан қалды 1 қаңтардан бастап Рождествоға (7 қаңтарға) дейін жұрттың жұмысқа кірісе алмай, жап­пай демалуы да қалыпты жағ­дайға айналды.

Жаңажылдық іс-шаралар әлі күнге дейін ең басты мереке ретінде тойланатыны шындық. Әсіресе, отандық телевизияда жаңа жылға ерекше эфир кестесі құрылады. Қарап отырсақ, «Голубой огонек» форматындағы мерекелік бағ­дарлама әлі күнге дейін теле­ви­зия­­дағы шығыны ең көп теле­өнім болып отыр. Мұндай қымбат теле­бағдарлама тіпті Рес­пуб­ли­ка күнін атап өтуге де қарас­ты­рылмайды. Ал жаңа жылдың образдары мен атрибуттары туралы әңгіме бөлек. Бұл атрибуттарға қоғамда да, нарықта да жылдан-жылға сұраныс арта түскен. Одан қалды кейінгі 20-30 жылда Батыс­тың «Christmas» мерекесі де қоғамда кең таралып үлгерді.

Әр отбасы үйінде міндетті түрде шырша орнатады, әр бала «Жаңа­жыл­дық шырша» іс-шарасын асыға күтеді. Тіпті, жаңажылдық корпоратив өткізу кез келген мекеме үшін басты іс-шараның бірі екені ақиқат. Аяз ата, Ақшақар, Санта Клаус образдарының қоғамға сіңгені соншалық, балалар әлі күнге дейін оларға хат жазады, арман-тілегінің орындалуын асыға күтеді. Одан қалды шыршаның маңына сыйлық қою, «Christmas» мерекесінің атрибуты – шұлық ілу сынды «жаңа дәстүрді» қоғам үрдіске енгізді. Жаңа жылға ерекше сәт ретінде қарау, бұл күнді таңғажайып ертегіге теңеу көп­ші­ліктің санасына сіңген. Жаңа жыл­дың алғашқы секундтарында тілектерін айтып, арманын, жоспарын құрып жататынымыз шындық. Оған әсер еткен не?

Әрине, мұның барлығына мәде­ниет, киноиндустрия мен медиа сала­ларының әсері зор болғаны түсінікті. Қарап отырсақ, Аяз ата мен Ақшақар туралы мультфильм­дер, «Морозка» сынды аңыз-ертегі фильмдер, «Тағдыр тәлкегі», «Карнавал түні», «Сиқыршылар» сынды көркем фильмдер әлі күнге дейін көрерменнің жаңа жылда асыға көретін телеөнімдері саналады. «Christmas» мерекесі туралы мультфильмдер мен фильмдердің санында шек жоқ. Бір ғана «Үйде жалғыз қалғанда» фильмінің қан­шалықты сұранысқа ие екенін айт­сақ та жеткілікті. Тіпті жаңа жыл мерекесінің айналасында бір­не­­ше индустрия қамтылған. Жаңа­жыл­дық шырша жасаудан бастап түрлі ойын-сауық, қызмет көрсету түрлері жылдан-жылға дамып жат­қа­ны рас. Ал Наурыз мейрамын осындай деңгейге шығару үшін не істемек керек?

Наурыз мейрамын бұрынғы дәс­түрге тән бір күн емес, бірне­ше күн тойлауды қолға алу қажет. 22 наурызға дейін атап өтілуге тиіс іс-шаралардың ортақ тұжы­рым­да­масын қабылдау да маңызды. Әр кезеңнің тұжырым­да­масын анық­та­уымыз керек. Наурыз мейрамына тән ежелден келе жатқан дәс­түр бар, яғни мейрамның ең ма­ңызды атрибуттары (ағаш отыр­ғызу, бұлақтың көзін ашу, айналаны тазарту, көрісу, сарқыт пен сыбаға беру, т.б.) кеңінен насихатталуы қажет. 21 наурыздан 22 наурызға қараған түні күн мен түннің теңелуі табиғаттың таңғажайып құбы­лыс еке­нін, Наурыз мейрамын аңыз­дар мен мифтік образдар арқы­лы (Ай, Күн, Темірқазық, Үркер жұлдыздары және Күн астындағы Күнекей, Айдай сұлу Айсұлу, т.б.) балалардың санасына сіңіру аса маңызды. Барлық тіршілік наурызда оянатынын балаларға жеткізу үшін қазақ мифологиясындағы образ­дарды (Ойсылқара, Зеңгі баба, Қамбар ата, Шопан ата, т.б.) оятып, ертегі әлемін қайта жаңғыртуымыз керек. Балаларға арналған заманауи қиял-ғажайып фильмдер түсіріліп, мейрам осы фильмдер арқылы насихатталғаны абзал. Наурызда «ақ түйенің қарны жарылды» деген халық сөзінің мағынасын ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды көрсету ар­қылы аша түскеніміз дұрыс. Ақ дас­тарқанның молдығы, ақтың көп болуы, ағайын-туыстың ақ көңілі, көпшіліктің ақ пейілі, барлық өкпе-наздың кешірілуі сынды ұлттық қа­сиеттер қоғамды татулық пен бір­лікке шақыратыны сөзсіз.

Ұлыстың ұлы күнінің (21-22 наурыз) ең басты образы Қыдыр атаны кеңінен насихаттағанымыз  абзал. Қыдыр атаның ақ батасы – мейрамның басты рәмізіне айналғаны аса маңызды. 22 нау­рызда әр отбасы ерте тұрып, дас­тарқан жайып, ұлттық тағамдар, наурызкөже дайындап, Қыдыр атаның келгенін күту салтын қайта қалыптастыруымыз керектігі қатты сезіліп отыр. Қыдыр атадан бата сұ­рау, тілек тілеу, арманын айту сынды керемет дәстүр қоғамда қай­та қа­лыптасса, ұтылмасымыз анық.

Бұл істерді орындау үшін медиа саласының артқарар рөлі зор. Наурыздың мән-мағынасын ашатын жаңа өнімдерді, мультфильм­дерден бастап, көркем фильмдер, сериалдар мен романтикалық, фан­тастикалық фильмдерге, қиял-ғажап ертегілерді шығаруға, комедия, драмедиа жанр­ла­рын­дағы өнімдерге тапсырысты көбей­тіп, қоғамға тартымды контент ұсын­ғанымыз ауадай қажет. Міне, осы істерге мән берілсе, Әз Нау­рыз­ға жаңаша рең беріліп, Ұлыс­тың ұлы күнінің нағыз мән-ма­ғы­насы ашыла түсеріне сенім мол.

31 желтоқсанда түн жарымда күнтізбелік жыл санаудың басталуы – әлемде қалыптасқан үрдіс. Осы орайда Олжас Сүлейменовтің  «Тауларды аласартпай, Даланы асқақтатайық» дейтін ойы есіме түсіп отыр. Десе де барша тіршілік оянып, табиғат құлпырып, жаңа өмірге қарбалас бас­талатын наурызда ежелгі дәс­түр­ге сай Ұлыстың ұлы күнін лайық­ты қарсы алу – парызымыз.

 

Қанат САХАРИЯ,

Ұлттық құрылтай мүшесі