Экология • 24 Қаңтар, 2024

Алматы әлемдегі ең жойқын жер сілкінісі болатын аймақтар тізімінде – эколог

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі эколог Мэлс Елеусізов Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты пікірін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы әлемдегі ең жойқын жер сілкінісі болатын аймақтар тізімінде – эколог

Assyltas TV арнасына берген сұхбатында маман Алматы сейсмологиялық қауіп бойынша әлемдік тізімде көш бастап тұрғанын жеткізді.

- Жер сілкінісі кезінде үйде болдым. Алдымен гүрілдеген дыбыстар шықты, көшедегі көліктер екен деп ойладым. Байқасам, үй шайқалып тұр. Мен ондай жағдайларға дайын адаммын, қорқыныш болған жоқ. Ал көп адамның есі шығып кетті, барлығы дала шықты. Бізді жаратылыс сақтады. Бұдан қатты болса, қырғын болар еді. Қазір жер шарында ең қатты жер сілкінісі болатын жерлер – Жапония, Индонезия, Чили, Қазақстанда осы Алматы. Бұл баяғыда зерттелген, сейсмологтардың барлығы біледі, – дейді Елеусізов.

Эколог Алматыдағы жаңа салынып жатқан үйлердің құрылыс сапасын сынға алды. Оның айтуынша, құрылыс барысында сапасыз материалдар қолданылады, сондай-ақ жаңа құрылыстардың барлығы тығыз салынады. Жер сілкінісі секілді апатты жағдайларда тұрғындардың жиналатын қауіпсіз бос алаңдары жоқ.

- Кеңес одағы кезінде Қонаевтың сұрауымен болуы керек, Алматыға арнайы ғалымдар келіп зерттеу жасаған. Сонда ғалымдар Алматының экологиялық сыйымдылығының 700 мың адамға лайықталғанын айтып кеткен. Ал қазір шамамен 3 млн адам бар. Бұл санның әлі де өсетін мүмкіндігі бар. Тағы 4 қала саламыз дейді. Есі ауысқан бұлардың. Қазір су тапшы. 44 пайыз мұздықтарымыз еріп кетті, – деп дабыл қақты эколог.

Сондай-ақ Мэлс Елеусізов халықты жер сілкінісі кезінде үрейге бой алдырмауға шақырды.

- Халыққа үйрету керек. «Паника» деген жаман дүние. Жер сілкінгенде алғашқы толқын өткен соң, ақырын сыртқа шығу керек. Жапонияда кішкентай балаларға дейін біледі алғаш не істеу керегін. Үстелдің астына немесе өздеріне белгіленген жерлерге тығылады. Сол секілді бізде де бәріне дайын болу керек, – дейді эколог.

Сонымен қатар сұхбат барысында эколог Қазақстандағы экологиялық проблемаларға, әсіресе Балқаштың тартылып кету қаупіне тоқталып, биліктің жедел назар аударуы керек екенін айтты.