Мәселе • 25 Қаңтар, 2024

Кемелер қорымы немесе теңіз туризмін қашан түлетеміз?

468 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Сондағы көргеніміз бір ғана сурет. Ағаш кеме. Бұл Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Кәукей ауылында тұратын мұғалім-өлкетанушы Сәкен Қабыловтан келген еді. Күнге әбден қаңсыған кеменің сыртқы нобайының әлі де сақталғаны таңғалдырды.

Кемелер қорымы немесе теңіз туризмін қашан түлетеміз?

Қызылқұмдағы теңіз ұлтанында қалған «Сатурн» ағаш кемесі. Әлі күнге дейін сақталған

Жұртта қалған тәбәріктей...

Бәрі осы ағаш кемеден басталған. Осыдан екі жыл бұрын қыс аяқталар уақытта теңіз жағалап қайтқан жур­налистік сапарда мұндай кемені байқамадық. Бұрын болған деседі жұрт. Аралдың әр бұрышында қалған алып кемелердің тек суретін көрдік. Онда да «Балықшылар» музейі­нен. Тіпті олар кешегі күнге дейін тұрыпты. Бірақ темір саудасының азғантай тиынына қызыққан жергілікті жұрт кемені кескілеп құртқан. Бәрін. Түк қалдырмай...

Сол кезде «шіркін, теңіз таба­нынан біз көретін кеменің жұрнағы да қалмағаны ма?» деген өкініш болғаны рас. Әйтсе де, «құрығанда бір кеме болуы мүмкін ғой» деген үміт жетегінде жүрдік. Әрі содан айырылмадық та.

Сөйтіп жүргенде...

«...Қызылқұмның батыс беткейі бұ­рынғы теңіздің ұлтаны еді. Арал шал­қыған кез­де бұл жағалаудың бәрі сыңсыған қа­лың ел болған. Қазір «бастан бақ тайған заман» болып тұр». Бұл – жоғарыда айтқан Кәу­­кейдегі Сәкен Қабылов ағамыздың сөзі.

– Қызылдың төрінде, Өзбекстанмен шекара шебінде жатқан халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының зиратына бет бұрған жұрт міндетті түрде, қайтарда теңіз жағасындағы бұрынғы Бек­тау, Сұлутөбе, Қаражар, Қос қыршын, Босай, Сандал қорымдарына соқпай кеткен емес. Бұл қорымдарда марқұм ата-бабалары, туған-туыстары мәңгілік мекен тапқан. Ал енді біздің Кәукей ауы­лынан 60 шақырым әрі жүрсең, бұрын ферма орталығы болған, бүгінде шағын ел Ажарға барасың. Ажардың батыс бет­кейінде Ұялы балықшы ауылы болды. Қазір жоқ. Теңіз бар кезде тіршілігі су­мен байланысқан елдің тек орны ғана жатыр, – деді Сәкен аға күрсіне.

Ағамыз айтқан ағаш кеме осы Ұялы ауы­лының орнынан 18 шақырым берірек жатыр. Демек, теңіз бар тұста Кәукей де, Ажар да жағалауға жақын орналасқан ауыл­дар болған. Ағаш кеменің қазіргі тұр­ған жері Зәруха жалы деп те, «Заузан» деп те аталады. Қазақтың әр төбеге ат қой­ғы­­шын ескерсек, бұл бізге таңсық дүние емес.

Барған адамға алдынан шөккен нардай болып кезігетін, оң жағына жамбастай қисайыңқыраған ағаш кеменің тарихын Сәкен аға былай тарқатып еді.

– Кеменің аты – «Сатурн». Теңіз табанында қалғанына да жарты ғасырдан ас­там уақыт болған. Биіктігі 3 метр бол­са, ұзындығы – 19, ал ені 6 метр шамасында.

Менің естуімше, «Сатурн» кемесінің қызметі – Ұял» ауылдық кеңесіне қарас­ты он екі ауылды азық-түлік, тұрмыстық заттармен қамтамасыз ету, яғни елді ме­кендердегі дүкендерге азық-түлік, тұр­мыстық заттар жеткізіп берген, деп шешіліп сыр шертті өлкетанушы ағамыз.

Теңіздің алай-дүлей құбылысын адам түсініп болған ба? Бірде Қос шегенді, Ұзынқайыр, Сандал, Жалпақ, Қарабура, Айжарым-Тасты елді мекендеріне қарай жүк артып шыққан кеме теңіздің кешкі асау толқынды дауылына кезігеді. «Сатурн» осы кезде Қос шегенді тұсын­дағы панасы молдау ұзынша келген қол­тыққа келіп тұрақтауға мәжбүр болыпты. «Қауіп-қатерден құтылдық» деген кеме капитаны мен көмекшілері ауыр-ауыр якорьларын терең суға тастап, дауыл басылғанша тоқтай тұруға шешім қабылдаса керек. Бірақ үйдей толқын қанша пана жер болса да, ағаштан со­ғылған кемені жағалауға қарай тық­сыра береді. Таң атып, жан-жағы анық көріне бастаған уақытта теңіз де сабасына түс­кен. Дауыл тыншыған кезде капитан құр­ғақта қалғанын байқайды. Теңіз бұл кезде кері шегініп кеткен еді.

Жағалаудың бірде тасып, бірде қайта орнына келетінін білетін сырмінез кеме командасы онша қорқынышқа бой алдырмайды. Шегінген жағалау қайта қалпына келер-ау деген сеніммен, «сол кезде алып кетерміз» деген ойға үміт артқан күйі «Са­турнды» қалдырып, өздері тарасқан көрінеді.

Енді қараңызшы. Аралдың апатқа ұшырар шағына дөп келгендей бәрі. Теңіз жағалауы сол шегінгеннен бірте-бірте кері қайтып, бері оралмайды. Арал айдыны көзге көрінбейтін жағдайға же­теді. Ал «Сатурн» сол қалғаннан жа­ғалауда қалып қойған.

– Арада талай жылдар жылжыған, – деп әңгімесін жалғай түсті Сәкен аға. – Ұя­лыдан бастап, жағалаудағы елді мекендер тарады. Теңіз тіршілігі біржолата тоқтады. Кейі­нірек туған жерін аңсаған теңіз пер­зент­тері атажұртқа тұғырлы тас әкеп те орнатты. Жиі-жиі басқосулар болып жатты. Өйткені оларда теңіз қайта толар-ау деген ой да, туған жерге деген сағыныш та бар...

Жергілікті өлкетанушының айтуынша, «тұрымтай тұсына кеткен» сол кезеңде жағалауда кеме ғана емес, әрбір ауыл жұр­тында түрлі заттар мен тех­никалар қалды. Ол кезде ешкімнің ешнәрсемен жұмысы болған жоқ.

 – Мен 1999 жылы сол баяғы «көрсем-ау», «білсем-ау» деген құмарлықпен Бек­тау, Ұялыны жағалап қайтқаным бар. Бектауда тұрған «газик» машинасы, «ЮМЗ» тракторының бөлшектері, Ұялыдағы бульдозер тракторы, алып кемелер, ауылды жарықтандырып тұрған электр двигателі, цех орындары, қыш кір­піштен өрілген монша, бәрі солайы­мен, қаз-қалпында тұр еді. Ол кезде теңіз тартылып кеткеніне 25 жылдай уа­қыт өткен. Осы жерді мекендеген теңіз­шілердің пайдаланған құралдарын, тұрған мекендерін көріп, тіршілігінен үлкен әсер алып қайтқанмын. Елесте­тіңізші, ағаш қайықтар құрғақ жағалауда тұр, балықшылар жаңа ғана айдынға шығып кеткендей көрінетін сол бейне әлі жадымда. Шалқыған суы жоқ болса да, темір кемелердің орын-орнында тұрғаны көз алдымнан кеткен емес. Балықшы құралдары мен қайық-кемелерін шамалы уақытқа қалдырып кеткендей болып көрініп еді-ау маған, – дейді Сәкен аға.

Өткенді баяндаушы кейіпкеріміз араға 18 жыл салып, 2017 жылы Ұялыға тағы да барыпты. Сондағы сапардан өте қын­жылып қайтқан. «Бұрынғы Ұялы жұр­тында «мынау өткен күннен естелік» деп көрсететіндей ештеңе қалмағанына іштей налыдым», дейді ол.

– Мәңгілік ештеңе жоқ, дегенмен де аталарымыз тіршілік еткен, талай­дың кіндік қаны тамған киелі мекенде көзге көрінетіндей жәдігерлік дү­ние қалмағаны, ең болмаса қыш кір­пішті монша тұрғанда жүдеу көңілге жұбаныш, сағынған жүрек­ке демеу болары хақ еді ғой. Оны да бұ­зып, қабырғаларын қақыратып кетіпті. Иә, металл жинағыштар мен қабырға бұз­­ғыштар Ұялыдай атажұртты жылан жала­ғандай еткен екен. Енді, міне, жағалау құмында қалғаны осы «Са­турн» кемесі ғана. Таланған жұртта қалған тәбәріктей. Та­рихы бар, көздің қарашығындай-ақ сақ­тайтын көненің көзі. Ескірмейтін есте­лік қой – бұл. Келер ұрпаққа «сенің бабаларың осындай кемені тізгіндеп, ұлы теңізде жүзген» деп айтардай-ақ құнды да қымбат дүние, – деп аяқтады сөзін Сәкен аға.

Теңіз жәдігерлерін түгелдеп жүрген Сәкен Қабыловтың «Сатурн» кемесін өз ауылына әкелмек ойы бар. Оның пікі­рінше, кеме теңізден нәпақасын тапқан­дардың бүгінгі ұрпақтары көп шоғыр­ланған Кәукей ауылында тұруы керек. Сонда ғана жәдігер сақталады. Бұл сөз «кемені ауылға жеткізіп берсе» деген ел өтінішіне ынталы да қалталы, мүмкіндігі бар жігіттерге құлаққағыс болатын. «Кеме елге жетсе, оны күтіп ұстап, ауылдың ажарын ашатындай көрікті жеріне қойып, келер ұрпақтарға аманаттау біздің мойнымызда», дейді Сәкен аға.

Күннің ыстығы мен қыстың қар аралас қара суығына төтеп берген «Са­турнның» әр жері бүгінде шұрқ тесік бола бастапты. Қызылқұмның желі соққан сайын сықырл­ай­ды. Сықырмен қоса кеменің әр тесігінен уілдей дыбыс шығады. Жетім ұлдың тұншығып жылағанындай. Үзіліп естіледі. Сол сәт ағаш кеме жоғалтқан теңіз-анасын бір сәт жоқтағандай көрінді маған...

 

Талау һәм түңілген саяхатшы

Бірде Арал ауданына барған сапарымызда «Балықшылар» музейіне соққанбыз. 2012 жылдан бастап қыз­мет көрсететін мәдени нысанда теңіз жә­дігерлері топтастырылған. Ішіндегі әр дүние – бір-бір тарих. Мұнда 2500-ден аса экспонат бар. Келушілер музейдің «Ашық аспан астында» атты кеме мен қайықтар жиынтығы және «Балық­шылар» мен «Кемелер» залы деп аталатын екі бөлігін аралауға тұтастай бір күнді толық арнауға болатын сияқты.

сми

Бутаков шығанағындағы танкер. Кеңес дәуірінде «Возрождение» аралына жанар-жағармай тасыған. 2018 жылы кесілді

Ғимарат сыртында ат шана, түйе шана, қайықтар, жылым тартуға ар­нал­ған шығыр, Ленин сыйға тартқан станок, капи­тандар есімі жазылған кемелер тұр. Ең үлкені – Лев Берг деп аталатын 25 метрлік кеме. Бұның өзі жағалауда қарау­сыз қалғанда, музей жанашырлары төрт бөлікке бөліп, осында әкеліпті. Қайта құрастырып, кеме ішін залға айналдырған. Айтпақшы, Лев Берг кім десек, ХХ ғасырда Арал теңізін зерттеген орыстың географ-ғалымы. Соның негізінде бірнеше еңбек жазған.

Кеме демекші, сол уақыттағы азаматтар Арал бұрынғы айдынынан айырыла бастағанда жағдайдың оңалмасын білгендей. Өйткені басшылық тараптан кеме біткенді теңіздің ең терең тұсы – «Тас­түбекке» жинауға пәрмен болған деген де әңгіме бар. Одан кейінгі жағдай белгілі. Теңіз тынысы тіптен тарылды.

Ал әлгі кемелер жайы қалай болған? Бір жерге жиналған олар қараусыз, қайыр­лап жатқаны белгілі. Күн өтті, ауа райының әсері бар, тот басты, құмда қисайған күйі қаңырап тұрған еді. Сонда да тыныштық бермеппіз. Кәрі теңіздің куәсіндей болған кемелерді талауға салдық. Салғаны сол, сырт елге темір өткізгіштер бөлшектеуге көшті. Аман қой­мадық солай. Шетінен бұтарлап, үлкен жүк көлігіне тиегенін талайдың көзі көрді.

– Тартылған жағада қалған кемелер кешегі күнге дейін болды. Шындығы сол, 3-4 жыл бұрын да туристер сонда барып, тіпті басына түнеп жүрді ғой. Амал не, қорғай алмадық. Қазір онда кеме жоқ. Ал мына музей алдында тұрған кемелерді көрген шетелдіктердің көңіл күйі бірден түсіп кетеді. Неге? Өйткені олар шынайы емес. Бояп, сыртын сырлап қойғанбыз. Жасанды екені көзге ұрып-ақ тұр. Оларға құмда қайраңдап, қисайған сұлбасы қалған кеме қызығырақ. Ал көрші Өзбекстан теңіз тұсында қалған кемелерін сақтап үлгерді, – деген еді сол кездегі му­зейдің ғылыми қызметкері, бүгінде марқұм болған Айбек Әуесхан ағамыз.

сми

Бутаков шығанағындағы Қарасандық үлкен төбесі

Рас-ау. Теңіздің Өзбекстан беттегі Мойнақ тұсында қалған кемелердің бір жерге жиналғанын естігенбіз. Тіпті мемлекет қарауына өтіп, сыртын да қоршапты. Ал ондағы кемелердің өзі түгілі, бір затына әлдебіреу суық қолын жүгіртсе, жазасы да тым қатал дейді біле­тіндер. Ақиқаты сол, сонда барушы туристер ағыл-тегіл кө­рінеді.

– Арал теңізінің Өзбекстан, яғни, қарақалпақ ағайын мекен ететін Мойнақ жері де бір кездері су толы аймақ бол­ғаны белгілі. Қазір тек құрғаған ұл­тан ғана қалған. Мойнаққа мыңдаған шет­елдік туристер көп келеді. Себебі белгілі. Ежелгі қалалардан бөлек, мұнда бір уақытта теңізде жүзген кемелердің қаңқасы көп сақталған. Қарақалпақстан үкіметі бұл теңіз­дің куәсіндей болған дүниелерді қорғап, ашық аспан астында туризмді жандандырып отыр, – дейді, әріптесіміз, «Хабар24» телеарнасының Өзбекстандағы меншікті тілшісі Рауан Мыңбаев.

 

Өкінетін де дүние көп

Бір кездері қараусыз қалдырып, бү­гінде орнын сипап қалғанымыз кімнің кінәсі? Өзгеден көреміз бе, өзімізді жаз­ғырамыз ба? Құлаштай мақаланы қорытындылауға әлі ерте. Енді көп жыл­дан бері туристерге гид аудармашы болып қызмет атқарған аралдық Серік Дүй­сенбаевтың мына пікірі ойландырмай қоймайды.

– Гид-аудармашы болу, оффроуд дегендер Арал үшін таңсық нәрсе еді. Әлі есімде, сол кездегі басшылық «кемелерді Аралға әкелу, иә болмаса қорғау қиын» деді. Кейін Жалаңаштағы он екі кемеден соң Ақеспедегі алты кемені қанша айтып жүргенде оны да 3 жыл бұрын тып-типыл қылды. Шығанақтағы Пинк Флойд клип түсірген кемелер екібастан жоқ болды. Әлі де кеш емес, Ақбастыдағы екі кемені Аралға не бақылай алатындай жақын жерге әкелуге болады. Бірақ фун­даментке не тұғырға орнатпай-ақ, табиғи күйінде теңіз табанында қайырлап қалғандай орналастыру керек. Екі кеме үшін ешқандай турист 280 шақырым жер­ге бармайды, оның үстіне ол екеуі фото не бейнетүсірілім жасауға болатындай әсерлілігін жоғалтқан, – дейді Серік.

– Сонда қайтқан теңіз табанында қазір кеменің қалдығы да қалмады ма? – дедім мен ішім удай ашып.

– Өкінішке қарай солай, теңіздің Жалаңаш пен Шығанақ деп аталар жа­ғында дым жоқ, Ақеспе жақтағы алты кеменің соңғысы жартылай жатқан, – деді салқынқандылығын сақтап. Сосын әңгімесін ары жалғады. – Жалаңашта он екі, Ақеспе маңында алтау, Шығанақта он шақты кемеге барар жолдың маршруты өте қызық еді. Мысалы, туристерді Аралдан Жалаңашқа дейін қырық бес шақырым бойы кепкен теңіз табанымен алып жүремін. Жолда ескі балық қабылдау орны бар, жел күні сорлардың үстінде тұзды құйындар көруге болады. Әрі қарай Жалаңаш, Тастүбектен балықшы отбасынан түскі ас, шұбат, түйе сауғанды көрсету, теңіз жағасындағы балық­шылармен бірге балық аулау, қостар, әрі қарай Ақеспеге дейінгі каньондар, Қарасандықтың маңындағы төбелерге жаяу шығу, одан қалды ыстық су мен Ақеспенің құмында Дубайдағыдай джиппен сафари. Көне Ақеспенің өзі фантастикалық фильмге сұранып тұрған дайын декорация ғой. Осының бәрі тек қана қайраңдап қалған кемелерді көру үшін келген туристке жолай ұсынылатын дүниелер еді. Ал кемелер кесілгелі олар­дың да саны азайды.

Аралдық жігіт сағынышты естелігін осылай айтып шыққан еді.

 

Әлем туристері қызыққан еді

Кейінгі он бес жылдықта Арал ауда­ны­на алыс-жақын елдерден шетелдік туристердің келе бастағаны белгілі. Оның басты себебі бар. Америкада, Еуропада шығатын «Lonely Planet/Central Asia», «Bradt», тағы басқа жол­серік кітаптардағы Қазақстанға арналған бөлігі болды. Онда Арал жеріндегі ке­мелер қорымы арнайы туристік нысан болып енгізілген. Бұл кітаптар əр төрт жыл сайын жаңарып тұрады, кітаптың журналистері төрт жыл сайын көрсетілген маршрут бойынша барлық нысанды аралап, толықтыру жұмысын жүргізеді. Мұнда тек қана саяхат орны ғана емес, сонымен бірге қонақүйлер, мұражай, дəмханалар туралы мəлімет толық жаңартылатын көрінеді.

Серік Дүйсенбаевтың айтуынша, турис­тердің сырт айналуына кінәлі тек өзіміз. Кейінгі жылдары кемелер қоры­мын адамдар толықтай жойды.

– 2016 жылы Жалаңаш елді мекені маңындағы он екі кеменің соңғы үшеуі толық кесілді. Шығанақтағы он шақты кеменің барлығы, əнші Диана Шарапова «Аралдан ұшқан аққулар» атты бейнебаянын түсірген кеме де жартылай кесілген. Ақеспе маңындағы соңғы екі үлкен кеменің біреуін 2017 жылы бөл­шектеп тынды. Əлем аузына қараған BBC, CNN, Voice of America, сияқты компаниялары, қаншама фильм түсірушілер мен фотографтардың, «Pink Floyd» бас­таған неше түрлі музыканттардың да қы­зығушылығын арттырған осы кемелер болатын. Youtube-тағы Аралға қатысы бар шетелдік деректі фильмдерді немесе арт-жобаларды алып қарасаңыз, бəрінде біздің кемелер жүр. Бұл кемелердің ерекшелігі – тарихтан сыр шертіп, табиғат аясында сол қалпында жатуы. Шетелдіктер үшін қа­зіргі музей жанындағы ескі айлақта тұр­­ған кемелер қайта боялған ескерткіш қана. Фильм, фотосурет тұрғысынан теңіз табанында қалғандары ғана ерекше əсерлі, – дейді аралдық белгілі гид-аудармашы.

– Кейінгі уақытта шетелдіктер ғана емес, өзіміздің елдің адамдары да бұған қызығып жүр. Кемелер қорымын көргісі келетін азаматтар да көп қой, – дедім әңгімемді жалғастырып.

– Оның рас, – деді Серік те сөзімді қоштап. – Бірақ бұл жерде бірнеше фак­тор бар. Біріншіден, жол сапасы. Кеме­ге барар маршрутта бір сантиметр асфальт жоқ, таң атқаннан кешке дейін жол­сызбен, бұрқыраған шаң ортасында жүресіз. Ойлы-қырлы шоқалағы көп, кейде былжыраған балшық кешуге тура келеді. Екіншіден, баға. Жол болмағаннан кейін оны талғамайтын табаны биік көлік жалдауға тура келеді. Себебі басқасы ол жолмен жүре алмайды. Олар үш жүз-төрт жүз шақырым жүріп келуге 70-80 мың теңге сұрайды, оған гидтің қызметін, түскі асыңызды, кейде «қонып қайтам» дегендер болса көлікке тағы бір күнге төлеуге тура келеді. Үшіншіден, біздің менталитет. Жасыратыны жоқ, біздікілердің көбі ақша болса жақсы жерде демалғанды тәуір көреді. Түркия, Дубай, тым болмаса Түркістан облысындағы Бір­көлік, Қасқасуға барып, көк майса шөпте жатып, бассейнге түскенді ұнатамыз. Туризмде «dark tourism» деген термин бар, «жабайы туризм» деуге келеді. Мысалы, Арал қасіретін көру қара туризмге жататыны анық. Туристер сол жердің трагедиясына, өткен апатты жағдайына қызығып, арнайы соғады. Туғалы жасыл желек, өзен-көл, мұхит көріп жүргендер үшін бұл экзотика, ал жергілікті халық шаңы бұрқырап, жағасына қоқыс тастаған теңізді көру үшін күні бойы айдалада жүрмейтіні белгілі ғой. Талай шетелдіктер жерге жата қалып суретке түсіріп жүрсе, қасына еріп келген өз аудар­машыларымыздың «қайда келдік, мынаның несі қызық?» дегенін де көр­дік, – деп ащы мысқылмен аяқтады сөзін Серік Дүйсенбаев.

Әзірге жеке фрилансер болып, турфирмалармен келісімшарт негізінде гид-аудармашы қызметін ұсынатын аралдық жігіт ағасынан естіген кемелер туралы шындық осы. Ал бүгінде алдын ала хат жолдаған туристер теңізде кеме қалмағанын естіп, сапарын əрі қарай жалғастырып жүр екен.

Құрғаған теңізде (Аралда) туризмді дамытудың бірден-бір жолы осындай кемелерді сақтап қалу арқылы жүзеге асарын енді білдік. «Қолымызды мезгілінен кеш сермейтін» өзімізге де обал жоқ...

 

Қызылорда облысы,

Арал ауданы