Оқиға • 25 Қаңтар, 2024

Кітап «кемірген» кісі

264 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әгәрәки, Рабатқа (Марокко) жолыңыз түсе қалса, орталық базардағы қаз-қатар тізілген кітап дүкендеріне соғарсыз. Дүкен дегенде жерге жая салған жайма базар ғой. Аты да жоқ, сөресі де жоқ, сарғайған ағаш есігі айқара ашылған, арғы жағында тау боп үйілген кітаптар... Бір қарағанда, «кітап үңгірі» ме дерсің.

Кітап «кемірген» кісі

Ол өз «үңгірінің» алдында қашан қара­саң да кітап оқып отырады. Таңда да, күн­діз де, түнде де... Бәлки оның бар ғұмы­ры осылай кітап кемірумен өткен шығар. Сонда да оқитын кітабы әлі таусылмапты. Дәл қазіргі сәтте де ол кезекті бір шы­ғармасын аяқтап жатқан болар. Бұл – оның әлемі. Бұл – оның өмірі. Осы үшін де оны әлемнің түкпір-түкпірінен іздеп келеді, Рабатқа барған туристер де соқпай кетпейді. Фотографтар да құмар. Әлемдегі мың сан кітап сатушының арасында тек соның суреті интернетті шарлап, ғаламшардың басқа нүктесіндегі бізді де елең еткізді.

Жетпіс үш жастағы Әзіз Мұхамед тағ­дырдың тауқыметін бала кезінен тартыпты. Жетім қалып, орта білім ала алмаған. Оқулық болса қымбат. Сөйтіп, 1963 жылы 15 жасында алғаш кітап сатып бастаған. Ағаш түбіне ескі кілемді төсеп жіберіп, тоғыз кітапты жайып қойыпты. Бар ғұмырын кітап сатумен өткізген қарияның қазіргі дүкенінде төрт мыңнан аса кітап бар. Ал өзі араб, ағылшын, испан, француз тілдерінде 4000-нан аса кітап оқыған. Рабаттағы осы дүкенде 43 жылдан бері істеп келе жатқан сатушы тірі аңызға айналып бара жатқандай ма, қалай?

Әзіз ақсақал күніне 6-8 сағат кітап оқиды, тек ас ішерде, намаз уақыты келгенде, темекі шегерде және клиенттерге көмектесерде тоқтайды. Қалған кезде көшелерді аралап, дүкеніне кітап іздейді.

Өзі бұл кітапқұмарлығын бақытсыз балалығы мен жоқшылықтан алған кегім дейді. «Мен бірнеше тілде 4000-нан аса кітап оқыдым, демек 4000-нан аса ғұмыр кештім. Мұндай мүмкіндік әркімде болуы керек. Маған өмірімнен ләззат алу үшін екі жастық пен кітап қана керек», дейді Әзіз сатушы. Ал одан кітаптарын қараусыз қалдыра ма деп сұрағанда, ол оқи алмайтын адам кітап ұрламайды, ал оқи алатындар ұры емес дейді.

Иә, 26 пайызы әлі күнге дейін әріп танымайтын елде өмір бойы кітап сату деген өз ұлтына, өз әдебиетіне шексіз махаббаттан туса керек.

Адамның көзі тірі, көңілі ояу болған соң өмірде түрлі ғажайыпты армандайды. Мансап, байлық, саяхат... Тағдырдың қиыр-қиыр жолы да түрлі оқиғаға, түрлі мекенге апарады. Ал бар ғұмырын сол бір мекенде, кітаптармен бірге өткізген, 70-тен асса да, әлі сол «үңгірінде» кітап оқып отырған Әзіз ақсақалдың не арманы бар екен?

Шіркін, Рабатқа тартып кетіп, сатушымен тау боп үйілген кітабының арасында таңды таңға ұрып сұхбаттасар ма еді?.. Абай мен Әуезовті, Қасым мен Мұқағалиды, Сайын мен Бердібекті қолтығыма қыса кетер ме едім?..