Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Әлемдік индексте ұлттың сапасы халықтың даму мүмкіндігімен, экономикалық қауқарымен, саяси тұрақтылығымен бағаланады. Еліміздің алға қойған басты міндеті де – сапалы ұлтқа айналу. Осы тақырыпты қозғаған ғалымдар сапалы ұлт болудың алғы шарттары хақында, білім мен ғылымның қоғам дамуындағы рөлі, қазіргі жағдайы, ұлттық мәдениеттің бірегейлігі төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салып, студенттерге өз тәжірибелерін айта отырып тағылымды кездесу өткізді.
Еуразия ұлттық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Серік Мақыш ғалымдарға алғыс білдіре отырып, озық ғылым, технология, мәдениет, дәстүр, құндылық осының бәрі ұлт сапасын қалыптастыратынын жеткізді. «Іс-шарамызға алты алашқа аты әйгілі, сапалы ұлт қалыптастыру жолында еңбек етіп жүрген, ұлтымыздың сапалы өкілдері деп айта алатын азаматтар келіп отыр. Олардың университетіміздің студенттерімен кездесу өткізуі – маңызды да мәртебелі жиын. Бұл жастарға үлкен өнеге, тәрбие», деді ол.
Академик Уәлихан Қалижан студенттерге «ұлтты қай салада да ілгерілететін – адам бойындағы махаббат» деген ойды жеткізген ерекше де әсерлі эссесін оқып берді. Жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай «Абай жолы» романындағы көркем шындық мәселелерін қозғай отыра таным, дәстүр төңірегінде сапалы ұлттың болмысын айшықтап көрсетті.
Академик Кәрімбек Құрманәлиев іс-шараның Ғылыми кітапханада өткізіліп отырғанының да ерекше мәні бар екенін айтты. «Шетелдік әлеуметтанушы ғалымдардың мәлімдеуінше, келешекте компьютерде отырғандарды кітап оқығандар басқарады. Сондықтан мүйізі қарағайдай академик ағаларыңыздың алдарыңызға келіп отырғаны бір жағынан, кітапқа деген сүйіспеншілікті, кітапханаға деген көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. Ізденіс – үлкен ғылымға қадам. Еуразия ұлттық университетінің сапалы ұлтты қалыптастыруға қатысты академик ғалымдардың ойын білейік деп шақырып отырғаны – көрегенді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықты ұлықтау, сапалы ұлт, тарихи тұлғаларды дәріптеу мәселесін Ұлттық құрылтайда күн тәртібіне енгізген болатын. Кейінгі «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында да осыған баса мән беру керегін айтты. Сіздер де сол сұхбатты оқып шығып ой түйіп, пікір алмасыңыздар. Біздің білім мен ғылымға мән беруіміз керек екенін түсініңіздер. Жалпы, білім мен ғылымды екінші орынға қойған мемлекет ешқашан ешбір салада бірінші бола алмайды деген тұжырым бар. Экономика болсын, ауыл шаруашылығы болсын барлығы ғылымға негізделуі керек», деді ғалым студенттерге бағыт бере отырып.
Ал Дихан Қамзабекұлы жоғары оқу орнында біліммен буыны бекіп, ғылымға енді бет алып бара жатқан жастарға ел болашағын қалыптастырудағы маңызды міндеттер мен бағыттар турасында сөз қозғады. Сапалы ұлттың негізі санасында сәулесі бар жастар екенін айтып, тақырып төңірегінде келелі ойын жеткізді.«Өздеріңіз білетіндей, Президенттің сұхбаты жарияланды. Әрине, бұл – саяси-танымдық сұхбат. Әлемде кейбір нәзік мәселелер бар. Мемлекет басшысы бізге, қоғамға соны түсіндірді. Егер оны Президент айтпаса, білікті, білімді азаматтар байыптамаса, кім айтады? Қазіргі заманда сапаны қалыптастыратын – ғылым мен технология. Қазір жастарға жан-жақты мүмкіндік бар. Әлемдік деңгейдегі ғалымдардың дәрістері ашық жүйеде тұр. Осының барлығы артықшылық. Кемшілігі де жоқ емес. Көп ақпарат адастырып та жібереді. Бірақ сіздер осының арасынан адаспай жол табуларыңыз керек. Бүгінгі білімнің астарын білу керек. Бірақ қанша білімді болсаңыздар да бәрібір рухани дәстүр мәселесі алдыңыздан шығады. Білім дәстүрмен байланыста болады. Сапалы ұлт – табысты ұлт. Табысты ұлт болу үшін білімді ұлт болу керек», деді Д.Қамзабекұлы.
Ғалым Амантай Шәріп жас буынның жарқын болашаққа бастайтынына сенім білдіріп, жиынды қорытындылады. «Әр ұрпақ өзінің қолынан келгенін жасап, кейінгіге табыстап кетеді. Біз де өз тәжірибемізді айтып, ойымызды ортаға салып жатырмыз. Ақын Есенғали Раушановтың «Алтынның үстінде тұрып, басқаның күмісіне таңғалдық» деген сөзі бар. Біздің жеріміздің асты да, үсті де алтын. Сондықтан алтынымызды бағалауымыз керек. Біз болашаққа, жастарға сенеміз. Әрқайсысыңыз мықты болсаңыздар, сапалы ұлт сонда қалыптасады», деді ғалым.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде ғалымдарға TURKSOY халықаралық ұйымының атаулы медальдары тапсырылды.