Қазақстан • 26 Қаңтар, 2024

IT салаға – айрықша назар

220 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлем жыл емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жұмысты ұйымдастырудың, басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралып, жаңа технологиялар, мамандықтар мен салалар пайда болып келеді. ХХІ ғасырдағы жаңа мамандықтардың көбі IT саласымен байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбатында да жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімді тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі туралы айрықша айтылған.

IT салаға – айрықша назар

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Осы орайда Цифрлық даму ми­нистрлігінің басты бағытының бірі – IT саласын дамыту, сала мамандарының біліктілігін арттыру және жаңашыл стартап-жобаларды қолдау. Қазіргі уақытта осы бағытта министрлік бірқатар жұмыс жүргізіп жатыр. Ел үкіметі әлемдегі IT кәсіпкерлікті қолдау үшін экожүйені дұрыс құрудың жарқын үлгісі болып саналады. Цифрлық даму министрлігі 2018 жылы кәсіпкерлікті, инновация­ларды және экономикалық дамуды ілгерілетуге бағытталған «Astana Hub» технопаркін құрды. Бұл ұйым инкубация және акселерация бағдарламалары арқылы стартаптар мен шағын бизнеске қолдау көрсетеді. Хаб арнайы байқаулар ұйымдастырады және болашағы зор стартаптарға гранттар береді, сондай-ақ қаржыландыруды, тәлімгерлерді және әлемдік нарыққа кеңінен қол жеткізуді қамтамасыз ететін «Google» сияқты серіктестерді тартады.

Бүгінгі таңда технопаркте 1 401 IT компания тіркелген, оның ішінде 393-і шетелдік компаниялардың қатысуымен құрылған. IT мамандарға қолайлы жағ­дай жасау үшін дұрыс экожүйе қалып­тастыру қажет. «Astana Hub» қазіргі уақыт­та Орталық Азиядағы ең ірі инно­вациялық хабқа айналды. Осы уақыт ішінде технопаркке қатысушы ІТ ком­паниялардың жалпы табысы 1,7 млрд дол­ларды құрады. Тартылған инвестиция көлемі 578 млн долларға жетіп, ашылған жұмыс орындарының саны 20 мыңнан асты. «Astana Hub» қатысушылары бес жыл ішінде еліміздің IT экспортының 565 млн долларын өз еншісіне жазды. Технопарк қызметі IT бизнес үшін эко­жүйені құруға әрі дамытуға, IT ма­ман­дарды оқытуға және стартап жоба­ларды қолдауға бағытталған. Қатысушылар бизнесті дамыту және масштабтау бағдарламаларын, арнайы салықтық және визалық шарттарды, ақпараттық-білім беруді және материалдық инфрақұрылымды қоса алғанда, жан-жақты қолдауға ие.

«Astana Hub» жеделдету және инкубациялау бағдарламаларын ұсынады. Олардың мақсаты – венчурлық инвестицияларды тарту және әлемдік нарықтарға шығатын стартаптарды қолдау. Мысалы, «Google For Startups»-пен бірлесіп өткізілген «Silkway Accelerator» бағдарламасына қатысуға 1 мыңнан астам өтінім келіп түсті және акселерация бағдарламасының үш ағынынан кейін 49 үздік жоба сәтті аяқталды. Өткен жылдың қыр­күйек айында Кремний алқабында «Silkroad Innovation Hub»-ын аштық. Бұл – Орталық Еуразияны Кремний алқабындағы біртұтас аймақ ретінде ілгерілетуге, сондай-ақ IT кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастыққа және фаундерлердің мықты қауымдастығын құруға жәрдемдесуге бағытталған бастама. «Silkroad Innovation Hub» аймақтағы IT кәсіпқойлар, кәсіпкерлер және инноваторлар арасында желілік, білім алмасу және серіктестіктерді дамытудың басты платформасы ретінде қызмет етеді.

Министрліктің қолдауымен Дрейпер университетімен және Дүниежүзілік банк­пен серіктестікте жүзеге асырылатын «Hero Training» акселерация бағдар­лама­сы стартаптарға Силикон алқабына ену­ге бірегей мүмкіндік береді. Бүгінгі таң­да 27 стартап инновациялар ошағына шы­ғып үлгерді. Алдағы уақытта Орталық Еура­зиядан жыл са­йын 30-ға жуық әле­ует­ті жобаны жіберу жос­парланып отыр.

«Astana Hub» қатысушыларының жобалары ішкі нарықта да, әлемдік нарықта да жоғары сұранысқа ие. Мәселен, «Skype», «Tesla» және «SpaceX» компанияларын дамытудың бастапқы кезеңінде табысты инвес­тицияларымен танымал әлемдегі ең ірі венчурлық инвестор Тим Дрейпер жақында отандық «Citix» стартапына 1 млн доллардан астам инвестиция салды. Бұл стартап өткен жылы «Citix Silkway Accelerator» бағдарламасының бірінші легіне қатысқанын, ал биыл мамырда «Astana Hub» қолдауымен «Hero Training» аясында Силикон алқабында оқуды аяқтағанын атап өткім келеді. «Astana Hub»-тың тағы бір қатысушы­сы «TrustMe» стартапы қараша айын­да АҚШ-та өткен «Hero Training» бағдарламасында үздіктердің қатарынан көрінді. Бағдарламаға барлығы 35 елден 118 жоба қатысты. Олар Орталық Азияның 300 стартапының арасынан іріктеуден өтуі керек еді. «Demo Day» бағдарламасының финалында отандық «TrustMe» жүздеген қатысушының арасында инвестиция үшін ең тартымды жоба ретінде аталып өтілді.

Жалпы, IT саласының дамуына Орталық Азиядағы ең ірі IT форум – дәстүрлі «Digital Bridge» халықаралық форумының да маңызы ерекше. Былтыр жасанды интеллект тақырыбына арналған форум 30 мыңнан астам қатысушының басын қосты. Оның ішінде 30 елден делегациялар, 300-ден астам IT компания өкілдері, 450 спикер, 100-ден астам инвес­тор мен бизнес өкілі, сондай-ақ 150-ден астам стартап қатысты.

Министрліктің қолдауымен жақсы жетістіктерге жеткен бірқатар IT жобаны бөле-жара атап өткім келеді. Алақан биометриясына маманданған «Alaqan» өз өнімін түріктің 500 клиникасына таратып отыр. «SmarTestPrep» Индонезия, Вьетнам және Латын Америкасының нарығына шығып, 1 мыңнан астам үміткерге 10 млн доллар көлемінде стипендия алуға көмектесті. «Droppy» стартапы Таяу Шығыстағы, АҚШ пен Латын Америкасындағы үкіметтік емес ұйымдар мен министрліктер өкілдерімен 120-ға жуық интеграция жүргізіп, ойынды Play Market және «Apple Store» дүкендеріне шығарды. «iDos Games» стартапында 170 елден 300 мыңнан астам тіркелген және белсенді пайдаланушылар бар. Бұл оның әлемдік ойын индустриясындағы маңызды рөлін көрсетеді. Инсульт диаг­ностикасы үшін жасанды интеллект пен нейрорадиологияға маманданған «CerebraAI» АҚШ-тағы «TechCrunch» рейтингі бойынша үздік жаһандық стартаптар қатарына енді. Бұл елімізді ақпараттық технологиялар саласында әлемдік аренаға көтеріп жатқан келешегі зор стартаптар қатарының аз ғана бөлігі.

Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай ІТ экспорт көлемін 1 млрд долларға дейін ұлғайту және Қазақстанды өңірдегі жетекші цифрлық орталыққа айналдыру міндетін қойды. «Astana Hub» бастамалары, соның ішінде «Google for Startups» және «Draper University»-мен бірлескен бағдарламалары, Силикон алқабындағы «Silkroad Innovation Hub», «Digital Bridge» және «Digital Almaty» секілді IT форумдарды өткізу – бұл мақсатқа жетудің негізгі құралдары. Жоғарыда көрсетілген жұмыс­тың барлығы адами капиталды дамыту және жастардың кәсіби дағды­ларын жақсартып, озық білімін тиімді пайдалануға септі­гін тигізеді. Осылайша, Президенттің мақа­ласында көтерілген идеяларды министрлік алдағы уақытта басшылыққа алады.

 

Бағдат МУСИН,

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі