Қоғам • 28 Қаңтар, 2024

Елдікті ту еткен «Túrkistan»

133 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл «Túrkistan» халықаралық газетінің 30 жылдық мерейтойы. Күллі түркі жұртының жоғын түгендеп, ұлт руханиятына қорған бола білген беделді басылымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтады. Мемлекет басшысының ілтипатын ұжымға кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли жеткізді.

Елдікті ту еткен «Túrkistan»

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды» деп Ахмет Байтұрсынұлы айт­қандай, қаттаулы тарихтан халық пен биліктің алтын көпіріне айналған баспасөз адамзаттың ең асыл рухани қазынасы. Сондай төл мұрамыз, ұлттық мүдде мен елдік мұратты ту етіп ұстаған – «Túrkistan» газеті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сонау 90-жылдары бұлт арасынан күн болып шыққан басылымның болашақта да жасампаздық жаршысы болатынына сенім білдірді.

«Бұл басылым отыз жылдың ішінде егемен еліміздің жылнамасына айналды. Осы аралықта оның өзіндік бағыт-бағдары мен сара жолы қалыптасты. Апталық алғашқы нөмірінен бас­­тап тәуелсіз қазақ баспасөзін дамытуға, ел ішіндегі және бауырлас халықтар арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді. Қазақстанның Халық жазушысы, газеттің тұңғыш бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов бастаған көптеген белгілі қаламгер осы басы­лымда қалтқысыз қызмет етті. Ұлттық құндылықтарды ұлық­­­тауға зор еңбек сіңірді. «Túrkistan» алдағы уақытта да ұлт­­тық баспасөздің көкжиегін кеңей­тіп, жасампаздықтың жаршысы бола береді деп сенемін. Бар­ша­ңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін», делінген Президенттің құттықтау хатында.

1993 жылы Қазақстан Респуб­ли­касы Үкіметінің қаулысы не­гі­зінде ашылып, 1994 жылы 12 қаңтарда «Түркістан» деп бе­кі­­тіліп, алғашқы нөмірі 28 қаң­тарда жарық көрген газет­ қоғам санасында үлкен сілкініс жа­­сады. Орамды ойла­рымен, са­­рапты-салмақты мақала­ла­ры­­­мен елді елең еткізген басылым­ оқырманын әп-сәтте баурап алған.

«Газеттің бас редакторы – қазақ әдебиетінің классигі, белгілі қоғам қайраткері Қалтай Мұхамеджанов. Газеттің тұңғыш нөмірін бажайлап қараған адам біраз дүниені байқайды. Бас мақала ретінде Шерхан Мұртазаның Қазақстан Конституциясының ­1 жылдығына арналған «Біртұтас Қазақстан» мақаласы беріліпті. Мақалада Ата Заңымызды қабыл­дар алдындағы талас-тартыс­тар туралы құнды мәліметтер бар. Сәл төменірек қазақ басы­лым­дарының жаңа газетке құттықтаулары берілген. Суретші Еркін Нұразхан салған Қазақстан, Ресей, Түркия, Түрікменстан елдері президенттерінің шаржы 1-бетке орналастыруы газеттің еркін бағытын тұспалдайды. Газет атауын нықтап алу көз­делсе керек, «Түркістан туралы ой-толғамдардан» деген айдармен біршама ой-пікірлер ұсынылыпты. Бір қызығы, газет туралы редакция материалы 3-бетке берілген. Оны және бас редактор емес, басылым тілшісі Әбілмәжін Жұмабаев жазыпты. Тағы бір ерекше назар аударатын дүние – Мюнхеннен «Азаттық» радиосының тілшісі Хасен Оралтайдың құттықтауы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рын­дағы айтыс-тартыста қазақ газеттерінің мемлекет, ұлт мүд­десін жанұшыра қорғағаны мәлім. Қалтай Мұхамеджанов бастап, Дидахмет Әшімханұлы, Нұрқасым Қазыбек, Қажығали Мұханбетқалиев, Әбілмәжін Жұмабай, Әбіраш Жәмішұлы, Көлбай Адырбекұлы, Жаңабек Шағатай, Абзал Бөкен, Аманхан Әлім, Қайнар Олжай, Еркін Нұразхан секілді кіл дүрлер жиналған «Túrkistan» да сол «майданға» белсене кіріскені байқалады. Оған сарғайған газет тігінділері куә», деді «Túrkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы «Оқырманға олжа салған 30 жыл» мақаласында.

Еларалық басылымды Шәм­­­­­ши­­дин Пәттеев, Жаңабек Шаға­тай, Қуат Әуесбай секілді белгілі қаламгерлер басқарғанын айта кеткен абзал.

Газет ордалы отыз жылда түрлі формалық ізденістерге де барған. Мәселен, қазір сырттағы қазақтар тақырыбы «Túrkistan»-ның үнемі көтеріп келе жатқан мәселесіне айналған. Оған жыл аяғында жарияланған мақалалар топ­та­масынан «Отандастар қоры­ның» буклет жасағаны дәлел. Есесіне, басылымның 100 данасы биыл­дан бастап әлемнің түпкір-түп­­кі­ріндегі қазақтарға тегін тарал­­мақшы.

«Оған қоса газет Парламент депутаттарының ашық мінберіне айналды. Бас редактордың орынбасары Бейбіт Тоқтарбайдың халық қалаулыларымен жаса­ған сұхбаттары, Арайлым Жолдас­­­бекқызының әлеуметтік саланың әр қыры туралы жазған мақала­ла­ры да көпшілік көңілінен шығып жүр. Қазір газет ақпаратты жедел жеткізу жағынан сайттарға ілесе алмайды. Сондықтан да ендігі жерде басылымды сараптамалық, интел­лектуалдық бағытта дамыту көзделіп отыр. Биылғы алғашқы нөмірімізден бастап «Túrkistan-30» айдарымен мақа­лалар легін жариялап келеміз. Дүние­ден озған әріптестеріміздің рухына тағзым ете отырып, көзі тірі аға-апаларымызды, бұрын газетте істеген барша қызметкерді барынша «сөйлетуге» тырысып жатырмыз», деп жазды Бауыржан Бабажанұлы.