Әскер • 28 Қаңтар, 2024

Жаңа киім үлгісіне көшеді

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құры­лымдардың қызметшілері үшін бірыңғай киім нысаны енгізілмек. Оны өткен жылы 5 мамырда өткен Бүкілармия­лық кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мақұлдаған болатын.

Жаңа киім үлгісіне көшеді

Қолданыстағы киім нысандары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүдделі мемле­кеттік органдармен­ бір­лесіп қайта өңделді. Өткен жылғы 12 желтоқсанда Пре­зи­­денттің 2011 жылғы 25 тамыздағы «Қазақ­стан Респуб­ли­касы Қарулы күш­те­рінің, басқа да әскерлері мен әскери құры­лым­дарының әскери қызмет­шілерінің әскери киім нысаны мен айырым белгілері туралы» Жарлығына өзгерістер енгізілді.

Әскери қызметшілер қаракөл жағалы қысқы күртенің орнына «Аляска» типті күртелер киеді. Жоғары офицерлік құрамнан өзге әскери қызметшілердің бас киімдері күнқағарсыз болады. Маусымдық күнделікті плащ камуфляж түсті далалық күртешеге, ал күнделікті свитер далалық свитерге ауыстырылды. Әскери қызметші әйелдер үшін пилотканың орнына кепи қарастырылған.

Жоғары офицерлік құрамнан, Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құрылымдық бөлім­шелерінің, Қарулы күш­тер Бас басқармаларының бас­тық­тарынан, бас қолбас­шы­лардан, қолбасшылардан және олардың орынбасарларынан өзге әскери қызметшілердің барлық санаты үшін китель, шалбар, жейделер, галстуктар алынып тасталды.

Кеңселік киім нысаны тек басқару органдары, жоғары оқу орындарының тұрақты құрамы, әскери бөлім командирлері, олардың орынбасарлары және әскери қатынастар комендатуралары үшін күнделікті киім үлгісі болып айқындалады. Қара түсті қонышы ұзын бәтеңкемен қатар тұрақты құрамға арналған құм түсті жазғы бәтеңкемен қамтамасыз ету де қарастырылған. Бұл нұсқа еліміздің географиялық ерекшеліктеріне, сондай-ақ ыстық өткізбейтін және бүркемелеу қасиеттеріне байланысты.

Жаңа үлгідегі далалық киім-кешекке көшу 2024 жылдың төртінші тоқсанына, қалған киімдерге көшуді үш жыл ішінде жүзеге асыру жоспарланған.