Аймақтар • 28 Қаңтар, 2024

Тұрғындар тұрмысы жеңілдеді

292 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде 3,5 мыңға жуық тұрғын мекендеген Самсы ауылына табиғи газ келіп, халық қуанып жатыр. Сарыаязға қарамастан салтанатты іс-шараға ауылдың ақсамайлы қариялары да көптеп жиылған екен. Бәрінің жүзінен қуаныш лебі білінеді.

Тұрғындар тұрмысы жеңілдеді

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында бірінші кезекте халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуды тапсырып келеді. Алдыңғы кезекте ауызсумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету, жол жасау, сондай-ақ табиғи газға қосу міндеттерін жүзеге асыру бойынша өңір басшысының нақты тапсырмалары бар. Бүгінгі іс-шара – соның жарқын көрінісі. Ауданымызда 61 елді мекен бар. Соның ішінде Самсы мен Тарғап ауылының тұрғындары бүгін көгілдір отынға қосылады. Бұл бағыттарға бөлініп жатқан қаражат та қомақты. Себебі өткен жылдың өзінде газдандыру бағытында 3,5 млрд теңге қаржы қарастырылса, осы жылдың басында елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін қосымша 1,5 млрд теңге қаржы қарастырылды. Біздің ауданымызда бұған дейін 28 елді мекен, яғни 46 пайызы көгілдір отынмен қамтылған болса, 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 65 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл үшін толық жобалық-сметалық құжаттарымыз әзірленіп жатыр», деді Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас.

Ол табиғи газдың келуі ауылдарда бизнестің кеңеюіне, кәсіппен айналысатындардың көбеюіне оң әсер ететінін айрықша атады.

«Бюджет есебінен беріліп жатқан көгілдір отынның ерекшелігі – ең алдымен халыққа қолжетімділігінде. Мысалға айтсақ, аудан орталығында жеке инвесторлар салған газға қосылудың бағасы 350-380 мың теңгеден болса, Самсы ауылының тұрғындары 200-220 мың теңгенің төңірегінде төлейді. Осы бағаны ұстап қалу – бірінші кезектегі мақсатымыз», деген аудан әкімі жиылған жұртты қуанышымен құттықтады.

Жиын барысында ауыл ақсақалдары ағынан жарылды. Олар Самсыға көгілдір газдың келуіне ықпал етіп, табанын тоздырған белсенді азаматтардың атына алғыс білдіріп, ауылға жағдай жасалса, жастар қалаға кетпей, туған жерін түлететінін айтты.

«Көгілдір отынның келуін көптен күттік. Осының арқасында көмірге кеткен шы­ғындарымыз азаяды. Енді ауылдың көшелері жарықтанып, асфальтталса, Мәдениет үйі салынса, тұрмысымыз бұдан да жақсара түседі», деді ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұхтар Найманханұлы.

Сөйтіп, Самсы ауылына келген көгілдір газдың алауы салтанатты түрде тұтатылып, зерлі кимешек киген әжелер шашуын шашып, ал аталар ақ батасын беріп, арқа-жарқа болды.

«Үйімізде жасы 80-нен асқан тыл ардагері атамыз бен апамыз бар. Қарашаңырақтың келі­німін, төрт баламыз өсіп келеді. Өзім «Май­бұ­лақ» су жүйесінде еңбек етемін. Ер­телі-кеш от жағу оңайға соқпайды. Үлкен кісі­лер мен бала-шаға жаурап қалмасын деп алаң­дай­тынбыз. Газға қосылғалы жұмысымыз жеңіл­деп, уақытымыз үнемделіп, рақаттанып қалдық», дейді қуанышын жасыра алмаған Дина Нұрғалымова.

Алматы облысында 384 елді мекеннің 294-і газдандыруға жатады. Қазіргі уақытта 149 елді мекен, яғни 51 пайызы газдандырылып, барлығы 1,1 млн адам көгілдір отынға қол жеткізді.

«Шаңырақтарыңызға көгілдір отынмен бірге құт-береке келсін. Бүгін Тарғап пен Самсы елді мекені қосылса, келер апта Үлгілі ауылы да осындай қуанышқа кенеледі. 2023 жылы газдандыруға облыстық бюджеттен 3,6 млрд теңге қарастырылған. Соның негізінде Ақтерек, Б.Қыдырбекұлы, Жайсан, Ақсеңгір, Көкдала және Қазыбек бек, Дегерес, Беріктас ауылдарына табиғи газ құбырын жүргізу жұмыстары басталды. Елді мекендерді газдандыру жұмыстары өңіріміздің Іле, Балқаш, Талғар, Ұйғыр аудандарында да жалғасып жатыр. Былтыр Бақанас ауылының 7 мың тұрғыны табиғи газға қол жеткізді. Сондай-ақ Қонаев қаласын дамытудың 2024-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, «Жаңа-Іле», «Қонаев-2» АГТС құрылысы бойынша конкурстық рәсімдерді өткізуге және №10, №9, №20, Арна, Спутник, Рауан шағын аудандарына инженерлік инфрақұрылымына магистральдық газ құбырын салуға техникалық құжаттама дайындалып жатыр. Оның сметалық құны 3 077,203 млн теңгені құрайды. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдете түседі», деді облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Асхат Бердіханов.

 

Алматы облысы