Кәсіпорынның бас директоры Ким Де Ки зауытта 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын атап өтті. Бастапқы кезеңде «Sorento», «Sportage» және «Cerato» сияқты шағын торапты 3 модель өндірісін жолға қою көзделіп отыр. Зауыт 2025 жылы іске қосылады.
Әлихан Смайылов бүгінде Үкімет экономиканы әртараптандыруға және өңдеу өнеркәсібінде локализациялауды тереңдетуге үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
«Біз Қазақстанда осындай ірі инвестициялық жобаның іске асырылуын құптаймыз. Менің білуімше, бұл – Еуразия құрлығындағы жалғыз зауыт. Біреуі АҚШ-та, екіншісі осында. Аталған зауыттың қуаттылығын ескерсек, бұл – біздің республика үшін өте маңызды жоба», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы атап өткендей, бүгінде отандық машина жасау саласы, оның ішінде автомобиль өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, елімізде 148 мың автокөлік шығарылды, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 30%-ға артық.
«Біз ішкі нарықты әртүрлі автокөлік түрлерімен толықтыру мақсатында ғана емес, сонымен қатар экспортқа шығару үшін де осы серпінді сақтауды жалғастыруымыз керек. Бұл – біздің одан әрі тұрақты дамуымыз тұрғысынан өте маңызды», деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Премьер-министр жаңа «Kіа» зауытында шағын торапты құрастыру әдісімен 50 мыңға жуық автокөлік шығарылатынын айтты.
«Бұл – отандық автомобиль өндірісін дамытудағы өте маңызды кезең. Біз аталған жобаның жедел жүзеге асуын толық қолдаймыз», деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр «Allur» зауытына барып, «Chevrolet Оnix» автокөлігінің өндірістік жоспарымен танысты. «Allur» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің айтуынша, зауыт толығымен ішкі нарыққа бағдарланған және қолжетімді бағамен автокөліктер шығарады. Сериялық өндіріс көлемі жылына 30 мың көлікке жеткенде, конвейерде 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Әлихан Смайылов өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі қазірдің өзінде шикізат өндіру саласымен теңесіп отырғанын атап өтті. Үкімет қосылған құны жоғары салалардың пайдасына шикізат бағытынан бірте-бірте шегіну үшін өңдеу өнеркәсібінің даму қарқынын жеделдету жұмыстарын жалғастырады.
«Жаңа өндіріс орындарын іске қосу автомобиль өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Ол қазірдің өзінде экономикамыздың стратегиялық маңызды саласына айналып отыр. Біз оның қарқынды дамуына және ел экономикасының орнықты болуына одан әрі ықпал ететін боламыз», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын, компоненттер мен қосалқы бөлшектер шығаратын «АгромашХолдинг KZ» локализация орталығында болды. Бүгінде кәсіпорын жылына 1 мың комбайн, 3 мың трактор, 300-ге жуық тұқым сепкіш және 200 жинаушы платформа шығара алады. Атап айтқанда, өткен жылы ел көлемінде диқандардың егіс алқабына 1 200-ден астам трактор мен комбайн жеткізілді.
Әлихан Смайылов қазіргі таңда ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласы жоғары өсу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Мәселен, өткен жыл қорытындысы бойынша 6,4 мың астық жинайтын комбайн мен трактор шығарылған. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық.
«Біз осы қарқынды сақтап, өндірісті арттыруымыз қажет. Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті қамтудың үлесін арттыру, жұмыс орындарын ашу және аймақтағы шағын және орта кәсіпорындарды жұмыспен қамту мақсатында мұндай локализациялау орталығы жұмысының маңызы зор. Біз әкімдікпен бірлесе отырып, мұндай кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз», деді Премьер-министр.
Қостанай облысындағы өнеркәсіп кәсіпорындарының өсу қарқынын ескерсек, ел аумағы бойынша жүк тасымалдарын ұлғайту қажеттілігі артып келеді. Әлихан Смайылов заманауи теміржол терминалын салу жобасымен танысты. Құрғақ порт Қостанай облысы арқылы өтетін контейнерлік тасымалдау көлемін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Премьер-министр жылына 170 мың тонна дайын өнім шығаратын «Кайдзэн» дәнді-бұршақты дақылдар өңдейтін жаңа кәсіпорында болды. Мұнда шикізаттан бастап қаптамаға дейін толық өндірістік цикл жолға қойылған. Жобаға 4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 70 жұмыс орны ашылды.
Әлихан Смайылов Үкіметтің алдында агроөнеркәсіптік кешенде шығарылатын өнім көлемін екі есеге арттыру бойынша үлкен міндет тұрғанын атап өтті.
«Жуырда ғана біз осы тақырып бойынша үлкен жиын өткіздік, онда әрбір өңірдің биылғы және келесі жылдарға арналған нақты көрсеткіштерін белгіледік. Бұл – егіс алқаптарын ұлғайтуға, су үнемдеу технологияларын іске қосу, минералды тыңайтқыштарды енгізу, қайта өңдеуді дамыту және басқа да салаларға қатысты. Аталған міндеттерді уақтылы әрі толық көлемде жүзеге асыру маңызды», деді Үкімет басшысы.
Қостанай облысы