Қоғам • 29 Қаңтар, 2024

Бүркітші қыз Айшолпанның отбасы Қазақстанға қоныс аударды

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Моңғолияда тұңғыш бүркіт баптаған Айшолпан Нұрғайыптың отбасы тарихи Отаны Қазақстанға оралды. Бүркітші қыздың өзі бұған дейін елге келіп, қазіргі таңда С.Демирел атындағы университетте қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курсында оқып жүр, деп жазады Egemen.kz kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Бүркітші қыз Айшолпанның отбасы Қазақстанға қоныс аударды

Моңғолияда Айшолпанға дейін ешқандай қыз баласы қолына бүркіт қондырмаған.  6 жасынан атқа мінген арудың бүркіт баптауы ағасының әскерге кетуімен тұс келген. Оның бүркітші қыз ретінде әлемге танылуына израильдік фотограф Ашер Свиденскидің Айшолпанды арнайы іздеп барып, суретке түсіруі себеп болған. 

Бүркітші қыздың өзі 2018 жылдан бері елде білім алып жүр. Ал ата-анасы 1 апта бұрын Шығыс Қазақстан облысына көшіп келді. Оның отбасы шырайлы Шығысты табиғаты көркем, құс баптауға қолайлы өңір болғандықтиан таңдаған.

«Мен Қазақстандамын, бір аптадай бұрын ата-анам мен бауырларым көшіп келді. Өзім Алматыдағы С.Демирел атындағы университетте қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша 4-курста оқып жатырмын. Қазір мамандығым бойынша жұмыс қарастырып жатырмын», деді Айшолпан Нұрғайып.

Ол оқу мен қатар бүркіт баптап, жаттығу жұмыстарын жалғастырып жүр.

«Оқу мен бүркітпен айналысуды қатар алып жүрмін. Аптасына бір рет айналысамын. Жарыстарға қатысып жүрген жоқпын, тек қонақ ретінде барамын. Себебі оқудан қол тимейді», деді бүркітші қыз.