Фото: committee_sport
Әлемнің 5 құрлығындағы 40-тан астам мемлекетте төл күресімізден федерациялар ашылған. Бүгінге дейін 10 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогі және 5 Еуропа чемпионаты өтіп, төл күресіміз қарқынды дамып жатыр. Бұдан бөлек Иран мен Бразилияда кадеттер мен жастар арасында әлем чемпионаттары, Оңтүстік Африкада 2 Африка біріншілігі, Бразилияда Оңтүстік Америка чемпионаты ұйымдастырылды. Ал Qazaq Kuresi Ассоциациясының Әзербайжанда ұйымдастырған бұл жолғы аламан жарысқа қатысуға ниет білдірген елдердің де саны аз болмады.
«Sarhadchi» спорт кешенінде жалауын көтерген байрақты жарысты алғысөзбен ашқан UWW Конгресі бюросының мүшесі, дәстүрлі күрес түрлері комитетінің президенті Родика Мария Якши ханым Еуропа чемпионатының қазақ күресін дамытудағы рөлін атап өтіп, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Салтанатты іс-шара барысында сөз алған Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов аталмыш чемпионаттың маңызы жоғары екенін айтты.
«Қазақ күресі Еуразия құрлығындағы барлық дәстүрлі күрес түрлерінің синтезінің нәтижесі болып табылады. Төл күресіміз – қазақ халқымен біртұтас, ұлт тарихының ажырамас бөлігі. Күрестің бұл түрі әрқашан өскелең ұрпақты тәрбиелеудің маңызды құралдарының бірі болды және болып қала бермек. Кезекті Еуропа чемпионатының Әзербайжан елінде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан жергілікті қазақ күресі федерациясының басшылығы мен ұжымына алғысымды білдіремін. Бұл чемпионаттың әлемдік аренада қазақ күресінің одан әрі қанат жаюына тың серпін беретініне сенімдімін», деді Д.Әсенғазыұлы.
Дамир Бекбосынов UWW өкілдері мен жергілікті федерацияның басшылығына Қазақстаннан жеткізілген арнайы кәдесыйларды, ал Әзербайжан Ұлттық спорт ассоциациясының президенті Казым Курбановқа Qazaq Kuresi Ассоциациясының президенті әрі Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосыновтың Алғыс хатын табыстады.
2022 жылы Астана қаласында үш жас тобын (ересектер, жастар, жасөспірімдер) қамтыған тұңғыш Әлем чемпионаты өткен болатын. Сол біріншілікке 40-қа жуық мемлекеттің балуандары қатысып, жарыс көрігін қыздырған еді. Сол дүбірлі додада сыналған бірқатар балуандардың бүгінгі Еуропа чемпионатында ерекше дайындықпен келгені анық байқалды. Осы бәсекелерді басынан аяғына дейін тамашалаған лауазымды тұлғалар, құрметті меймандар, бапкерлер мен спортшылар және қатардағы қарапайым көрермендер қарт Каспий жағасындағы чемпионаттың ұйымдастырылу деңгейіне жоғары бағасын бергені сөзсіз.
Ендігі кезекте Еуропа чемпионатының қорытындысына келер болсақ, тартысқа толы белдесулерде топ жарған балуандар қаржылай сыйақымен марапатталды.
Еуропа чемпионатының демеушісі – Sport Qory cпортты қолдау қоры.