Аймақтар • 29 Қаңтар, 2024

Ертіс жайылмасын 70 пайыз су басса...

128 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанның таулы аймақтарындағы мол ылғал алдағы жазда ырыздықтың арта түсуіне себепкер. Ма­мандарды Бұқтырма су қоймасында жиналған судың көлемі қуантып отыр. Көктемде Ертіс өзені жайыл­мала­рының кемі 70 пайызын су басады деген болжам бар.

Ертіс жайылмасын 70 пайыз су басса...

Фото: turkystan.kz

«Қазгидромет» мекемесінің хабарлауынша, қазіргі сәтте Шығыс Қазақстандағы су қой­­­масында жиналған судың көлемі 30 млрд текше метрге жеткен. Бұл – өткен жылғымен салыстырғанда 5 млрд текше метрге көп. Көктемгі су жі­беру кезеңінде Шүлбі су қой­ма­сынан келетін бүйірлік ағын ойдағыдай болса, Ертіс өзеніне тиесілі жайылмалардың 70 пайызы­н су басуы керек.

«Былтыр Салааралық су босату комиссиясының ше­шімімен босатылған су жетпей қалып, жайылмалардың небәрі 30 пайызы тіршілік нәріне қаныққан. Мұндай келеңсіз жағдай кейінгі 10 жылда бі­рінші рет кездесті. Ал биыл Шы­ғыс Қазақстанның тау­лы аймақтарында орналасқан су қоймаларында ылғал мол екені байқалады. Үлбі және Уба өзендерінен келетін су да мол болып, көктемгі та­биғат қорғау шаралары ой­да­ғыдай өтеді деп ойлаймыз. Біздің есебімізше, Ертіс өзені аумағында орналасқан жа­йылмалардың кемі 70 пайызына су жетеді. Бұған қоса өткен жылы Павлодар облысының әкімдігі өзеннің арнасы мен тармақтарын тазартты. Ол да оң нәтиже беруі керек. Ал су­дың қашан және қандай кө­лемде босатылатынын комиссия шешеді», дейді «Ертіс» бассейндік инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы.

Айтып өтейік, былтыр Пав­­лодар облысында та­биғи гид­рологиялық режім­нің бұ­зылуына Шығыс Қазақстан­дағы су қоймаларынан су­дың нормаға сай босатылмауы себеп болған еді. Сал­дарынан өзеннің жайылмалары қанықпай, ша­бындықтар құрғап кетті. Ертіс өзенінің ар­насы тартылғаны өз алдына, құмдауыт жерлердің пайда болуы экологтерді қатты алаң­датып отыр.

Өңір басшылығы су тап­шылығынан жиі зардап ше­гетін аумақтарда лиман­дық суаруды дамытуға мүд­делі. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың а­қ­па­рынша, аймақ алдағы алты жыл ішінде барлық лимандық суару жүйелерін реконструкциялауды көздеп отыр. Мысал үшін, биыл Баянауыл ауданында көлемі – 6,7 мың, Май ауданында – 14,6 мың гектар болатын Қолыбаев лимандық жүйесін қайта жаңарту жобасы қолға алынады.

– Облыста суармалы жерлер желісін кеңейту мәселесі – өте маңызды әрі өзекті. Биыл бұл көрсеткішті 175 мың гек­тарға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін тағы 6 жобаны жалғастырамыз. Біз­дің фермерлер шетелде шы­­­ғарылған 81 бірлік суару ма­шиналарын сатып ал­ды (Valley, Zimmatic, RKD, Bauer). Сон­дай-ақ лимандық суа­ру­ды дамыту бойынша жұ­мыстарды бастап кеттік. Бұ­лар­дың жалпы аумағы – 73,3 мың гектар, – дейді А.Бай­ханов.

Лимандық алқаптар бо­йын­ша мемлекеттік сараптама қорытындысы осы жылдың ақпан айында шығуға тиіс. Одан соң Су ресурстары министр­­лігімен бірлесіп, қар­жы­ландыру мәселесі пысық­талады. Жалпы, Ертіс-Баян өңірінің фермерлері суармалы жерлерді көбейтуге баса мән беріп отыр. Кейінгі 4 жылда олар­дың жалпы алаңы 65 мың гектарға өскен. Тек былтыр 6 жоба жүзеге асып, жаңадан 3,3 мың гектар іске қосылған. Шаруалар инвестициялық суб­сидиялау бағдарламасы б­о­йынша бөлінген 2,4 млрд теңгені толығымен игерді.

 

Павлодар облысы