Қайран Жетісу, қазақтың көзін ашқан аяулы топырақтың бірі сен едің?! Әйтпесе аты дүр «Айқап» газетіне Сабыржан Ғаббасов: «Қазақтарда бір Мамановтар мектебінен басқа мектеп, медресе жоқ. Тіпті, оқыту үшін қайғырушы бір адам жоқ», деп жаза ма? Маман байдың зәузаты зар заманның шоғына күйген буынды зар илетпей бір шаңырақ астына жинап, ілім құйғаны ұлттың игілігіне бағытталған мүдде еді. Оған мұрнын шүйірген керауыздардың тілін тауып, тікенін тазалап, тамырына нәр құйған Маман құттың үлкен ұлы Тұрысбек қажы қарашаны ізгілікке баулыды. Қарағашты қалашық қылуға талпынды. Ондағы мақсат қазақты өркениет көшіне ілестіру. Шәріге айналу үшін сәулетті үйлер тұрғызып, гүлзар бақ жасап, ағаш отырғызады. Семейден қызыл кірпіш, Омбы, Керекуден есік-терезе, Наманған, Әндіжаннан бағбандар алдырды.
Деректер бойынша, Қарағашта 1899 жылы Тұрысбек қажының алқауымен үш жылдық жадит медресесі мен мешіті қаланған. Оның атауына ешқандай «ия» жалғауы қосылмай, балалары әкесінің есімімен «Маман» жадит медресесі деп айдар таққан. Онда дін-шариғат, әптиек сүрелерін имам Уәлиұлы Хасен молда мен мешіт азаншысы Омар деген мәзін оқытыпты. Сол молдалардан Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Ғали Орманов дін, құран дәрістерін оқып, «Шәротсала» кітабынан намаз жайын біледі. Құлагер ақын Сүттігенде молдадан бір ай жарым ғана дәріс алады. Үйі мен күйі болмай, жиі ауырған соң оқуды жалғастырмайды. Жалпы, ол 3 жылдық медреседе 102 шәкірт қанаттанады.
«Мамания» жаңа әдісті мектебінің құрылысы Верныйдағы элиталы мектеп үлгісімен салынады. Уфадағы «Ғалия» медресесінің оқыту нұсқаулығындай оқу жоспары жасалады. Атауына да сол мақсатта «ия» жалғауын қосады. Мектептің дәрежесін «Ғалия» медресесінің деңгейіне жеткізуге күн-түні еңбектенеді. Есенқұл бастаған топ «Ғалия» медресесінің жүйе үлгісін, оқу жоспарын, қандай пәндер оқытылатыны жөнінде дерек алып келеді. Сабақ кестесі де соған ұқсас жасалады. Ең ғажабы, жаңа әдісті білім ордасында қазақ, орыс тілдері, әдебиет, есеп, физика, жағрапия, зоология, ислам діні, пайғамбар өсиеттері, хадистері, татар, қазақ тарихтары, иман-шарт, құран пәндері оқытылады. Тіпті, мұнда орыс тілін ересектерге үйрететін кешкілік курс та ашылады. Бұл бұрын-соңды қазақ даласында болмаған өзгеше кеп еді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы 15 тамызда «Қазақ» газетінің №26 санында: «Маман ұрпақтары медреселерден талапты жастарды іріктеп алып, білікті орыс және мұсылман гимназия, семинарияларында оқытуда. Сол жұмыстарға 300 рубль қаражаттарын да аямауда», деп жазады.
«Мамания» жаңа әдісті мектебі туралы архив құжаттарында: «Мектеп 1909 жылы ризашылықпен ашылып, жұмыс істеп, төрт кластық болды. 1912 жылы арнайы ашылуға рұқсат берілді. Мектеп сегіз кластық болып ашылды. 1911 жылдың күзінен бастап мектепті Каир университетін бітірген ғалым, ағартушы Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы басқарды. Жылына төрт мың сом ақшаны Құдайберген Тұрысбеков бөліп беріп отырды», деп жазылған. Ол көреген Барлыбек Сыртановтың арнайы шақыртуымен Ақсу өлкесіндегі «Қапал» жаңа мектебіне мұғалімдік қызметке келеді. «Мамания» мектебінің оқу бағдарламасын өзі жасайды.
Қараңызшы, Маман құттың ұлдары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл қажылар мен Тұрысбектің ұлдары Құдайберген, Тәңірберген, Солтанқұл мектепке көзінің қарашығындай қараған. Оқушылар мен ұстаздарға қосымша қаражат бөліп, тұрғын үй мен тамақтан тарылтпаған. Яки оларды тек білімге ғана бағыттап, қалған дүниәуи мәселені өздері шешкен. «Айқап» пен «Қазақ» газетіне хабарландырулар беріп, мектепке әмісе білікті, танымды мұғалімдерді жан-жақтан шақыртқан. Ол ол ма үлкен конкурс жарияланып, алты педагогты сұрыптап қызметке алады. Оларға жылына 2500 рубль жалақы төленіп, жатын орыны мен тамағын тегін берген.
Сейітбаттал қажы кедей балаларын оқыту үшін жылда қомақты стипендия тағайындайды. Қарағашта мектеп оқушыларына арнап өз қаражатына мешіт салады. Жаңа мектептің құрылысына 7 мың сом береді. Оған қоса жыл сайын оқушыларға 1,5 мың сом үзбей беріп тұрады. Ең маңыздысы, Уфа қаласынан арнайы мұғалима Фатима Есенгелдинаны алдырып, қыздарды да оқытуды қолға алады. Сол мақсатта 1913 жылы қыста жаңа тәртіппен қыздарға арналған оқу орнын «Мамания» мектебінің жанынан ашады. Онда 30 қыз бала оқиды.
Ал Есенқұл қажы қазақтың ұлттық әдебиетін өркендетуге атсалысады. «Қазақ» газетінің 1914 жылы 28 ақпанындағы №52 санында қазақ романына 2 мың сом бәйге жариялайды. 1914 жылы «Айқап» журналында Маманұлы Есенқұлдың «Романға бәйге тігемін» деген ашық хаты беріледі. Аталған ашық хат қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу қауымын дүр сілкіндіреді. «Қазақ» газеті, №117, Мұхамеджан Сералин: «Біздің қазақ арасындағы ғылымның қадырын білуші, дәулетін ғылым жолына жұмсаушы байларымыз бар екен. Альфред Нобель жолымен Есенқұл Маманов жүріп отыр. Роман жазған адамға ақшалай бәйге тігіп отыр», деп жазады. Газеттің сол нөмірінде Әлихан Бөкейхан: «Мәдениетті, өркенді елдерде осындай бәйге тағайындалған. Біздер де сол қатарға жетудеміз», деп шаттанады.
Қазақтың ұлттық-рухани көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы Есенқұл Маманұлының игі ісін құптап, жақсы лебіздерін баспасөзде жеткізеді. «Қазақ» газетінің 1914 жылы 24 мамырдағы №24 санында, «Ашық хат азаматтарға» деген хабарламасында Маманұлы Есенқұл қажы: «Бәйгеге түскен романдарға сыншылыққа Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхаметжан Сералин, Райымжан Марсеков, Шаһкерім Құдайбердиев, Яқұп Ақбаев, Нармамбет Орманбетов, Нұрғали Құлжанов деген ардақты азаматтарды лайықтаймын», деп жазады. Додада Спандияр Көбеев, Мұхаметжан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыровтан өзге алты елге танымал қаламгерлердің шығармалары сараланады. 1914 жылы жаз айында Семей облысына қарасты Қоянды жәрмеңкесінде «Кім жазықты?» өлеңмен жазылған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың және Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романдары жеңімпаз атанады.
Біз бұл мәліметтерді сол мектепті зерттеп жүрген жандардан жинап алдық. Жоғарыда ұсынған дәйектер соның бір парасы ғана. Кейін ақтар мен қызылдардың бекінісіне айналған білім ордасы талай азапты басына өткереді. 1959 жылы Ақсу өзенінің бергі жағынан жаңа мектеп ғимараты салынып, арғы бетіндегі қазақ орта мектебін соған қосып, енді 280 орындықты мектеп-интернатқа айналады. 1963 жылы үш қабатты 640 орындықты білім ордасы қаланып, Ыбырай Алтынсарин есімімен аталады. 1964 жылы мектеп директоры болып Бейсебек Қорғанбаев тағайындалады. Ол келер жылы Ақсудағы Юрий Гагарин мектебінің оқушыларымен біріктіріп, балалар санын ұлғайтады. Бақсақ, аяулы шаңырақты 1935 жылдан 1964 жылға дейін 29 адам басқарыпты. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1998 жылы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі сол тұстағы облыс әкімі Заманбек Нұрқаділовтің шешімімен тарихи атауына қайта оралады. Сөйтіп, Ақсу өңіріндегі бұрынғы «Мамания» мектебінің жалғасы ретінде түлейді.
Өкінішке қарай, қазір Қарағашта бұрынғы «Мамания» мектебінің іргетасы ғана қалған. 1999 жылы ұрпақтары орнатқан ескерткіш белгі тұр. Ал Маман құт тұсында генерал Колпаковскийдің ұлағатымен Сыртан (Дүйсенбі) батыр отырғызған көшет қарағаштары әлі жайқалып өсіп тұр. Дегенмен сол мекен жайылым жерге айналған. Қараусыз, жетімнің үйіндей. Жанға бататыны – сол.
Жетісу облысы