Аймақтар • 29 Қаңтар, 2024

Жер сілкінісінен кейін

192 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу орта­лы­­ғы­ның мәліметі бо­йынша, 23 қаңтарда сағат 00.09-да эпицентрі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 ша­қы­­рым жерде Қырғыз Республикасы мен Қытай Халық Рес­публикасының шекарасында болған жер сілкінісінен бірнеше аудандағы әлеуметтік нысандарға айтарлықтай зақым келген. Осыған орай жергілікті атқарушы органдармен бірлескен арнайы комис­сия зақымданған нысандарды аралап шықты. Әлеу­мет­тік маңызы бар 44 нысанның бүлінгені анықталды.

Жер сілкінісінен кейін

Тарқатып айтсақ, Ұйғыр ауда­ны бойынша барлығы 11 ны­санға зақым келген. Оның ішінде ден­саулық сақтау саласының 1 нысаны, білім беру саласының 8 ны­саны және 2 мәдениет үйі бар. Еңбек­шіқазақ ауданы бойынша 14 нысан анықталды: 7 білім беру нысаны, 1 денсаулық сақтау нысаны, 6 мәдениет ошағы. Ал Талғар, Жамбыл, Қарасай аудандарының білім беру нысандарында,­ Кеген, Іле аудандарының ден­сау­лық сақтау ғима­рат­та­рын­да, Райымбек ауданының 2 білім беру нысанының және 1 мәдениет үйінің қабыр­ғал­арында сызат пайда болған.

Жер сілкінісінің салдарынан Кеген аудандық ауру­ханасына қарасты емдеу мекемелерінің ғимараттарына айтарлықтай зақым келген. Айталық, Кеген аудандық ауруханасының емхана бөлімі ғимаратының шығыс жақ бөлігіндегі жертөлеге түсетін есіктің тұсы, ЛФК кабинетінің есігінің жанындағы қабырға және күндізгі стационар дәлізі­нің қабырғаларына қалыңдығы 0,5-2­ см шамасында жоғарыдан төмен қарай сызат түскен. Жалпы аумағы 22 340 шаршы метрлік екіқабатты ғимарат 2014 жылы қызыл кірпіштен салынған. Мұнда 513 бөлме бар. Содан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Сондай-ақ Саты ауылындағы 2010 жылы салынған дәрігерлік амбулатория ғимараты да бір­ша­ма бүлінген. Ондағы емдеу бөл­мелерінің қабырғаларына жапсырылған кафельдер түсіп, төбе мен қабырға араларының 0,5 см шамасында ажырағаны анықталған. Ал өткен жылы ғана пайдалануға берілген А.Нүсіп­­беков ауылындағы Кіші Жала­ңаш дәрігерлік амбулаториясы мен іргесі 1990 жылы қаланған Жалаңаш ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ғимараттарында да осындай жайттар орын алған.

– Жер сілкінісінен зақым­дан­­ған төрт нысанның екеуі – жаңа,  екеуі – ескі ғимарат. Ондағы сызат алған қабырғалар мен түскен кафель­дер салған мердігерлердің көмегімен жақын арада қайта қал­пына келтіріледі, – деді Кеген аудан­дық ауруханасының директоры Алмас Тілеулиев.

Елдің үрейін тудырған жер сілкінісінен өңірдегі 17 білім ошағы бүлінгені белгілі болды. Әсіресе Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қайыпов ауылын­дағы орта мектептің қабырғасы 10 см­ шамасында ажырап, үлкен жарықтар пайда болған. Ескі деу­ге келмейтін нысан 2015 жылы қолданысқа берілген. Мемлекеттік бағдарламамен салынған мекемеге Алматы облыстық Төтенше жағдай басқармасы мен жергілікті әкімдік тексеріс жүргізіп, орын алған жағдайды анықтады.

Жер сілкінісі салдарынан пайда бол­ған білім ошақтарындағы ақаулар туралы білмекке облыс­тық білім басқармасының бас­пасөз қызметіне хабарласқан едік. Алайда мардымды жауап ала алмадық.

Ал жер сілкінісінен соң анық­­­талған мәдениет нысан­да­ры­ның жай-күйіне келер болсақ, Райым­бек ауданындағы Текес, Қайнар, Сарыбастау, Сүмбе ауыл­дық мәдениет үйлерінің қабыр­ғалары жарылып, айтар­лық­тай зардап шеккен. Сондай-ақ іргетасы 1965 жылы қала­нып, 2013 жылы күрделі жөн­деу­ден өткен Жамбыл аудандық мәдениет үйі мен 2007 жылы­ пайдалануға берілген Аққай­нар ауылдық мәде­ниет үйіне зақым келген. Жер сіл­кінісі Ұйғыр ауданындағы екі ауылдың және Еңбекшіқазақ ауда­нын­дағы 4 ауыл­­­дың мәдениет ошақ­тарына әжептәуір залалын тигізген.

Осыған орай Алматы облысы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнін­дегі комиссияның жоспардан тыс отырысы өтті. Оған облыстық комиссия мүшелері, аудан­ және қала әкімдері, аудандық және қалалық бөлімдердің, басқармалардың басшылары, облыстық Төтенше жағдай­лар департаментінің өкіл­дері қатысты.

– Аталған комиссия отырысы бойынша облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне, бас­қармаларға, аудандар мен қала әкімдіктеріне өз бағыттары бо­йынша нақты тапсырмалар беріліп, мерзімдері бекітілді. Облыс бо­йынша төтенше жағдайлардың алдын алуға жоспарланған іс-шаралар бақылауға алынды. Әсіресе жер сілкінісі бойынша сейсмикалық оқу-жаттығулар үздіксіз жүргізіледі, – деді облыс­ әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

Апат айтып келмейді. Осы жолғы жер сілкінісі адамдардың төтенше жағдайларға дайын жүруін, дабыл сөмкесі бо­луын, ең бастысы, сабыр сақтау қажеттігін санаға сыналағандай болды.

 

Алматы облысы