Халық • 29 Қаңтар, 2024

Шешен азаматының имандылық өнегесі

2534 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атбасар ауданында шешен азаматтары Хан Кене батырларының бірі Қарабай құрметіне мешіт тұрғызып берді. Ынтымақ ұйыған, ырыс құйылған ауылдың тіршілігінен жанашыр жұрт­­тың ауызбірлігі, шүлеңгер аза­мат­тардың шарапаты аңғарылып тұрады. Осындай үлгілі көрініске Атбасар ауданының Сергеевка ауылында куә болдық. Қан­ша уақыттан бері көп­тің тілеуінде жүр­ген жаңа мешіттің құрылысы баста­машыл аза­мат­тардың араласуымен аяқ­талып, жыл басында ашылды.

Шешен азаматының имандылық өнегесі

Мешіттің ашылу салтанатына жинал­ған қауым­­ның қарасы қалың болды. Ауылдық­тар­дың осынау қуанышына ортақтасып, Ат­ба­сар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов, аудан­ның бас имамы Ақылбек қажы Шопа­бе­ков және облыстық мәслихат депутаттары келді.

«Ауыл тұрғындарына ерекше әсер еткен бұл игі істің шарапаты мол. Халықты иман­дылыққа, адамгершілікке шақырып отыратын мешіттің қоғамдағы орны орасан. Сол себептен, Сергеевка ауылындағы Қарабай мешіті ауылдың ауызбіршілігіне қызмет ететініне сенімдіміз», деді әкім А.Қалжанов.

Сонымен қатар құттықтау сөзін жеткізген бас имам А.Шопабеков жаңа мешіттің ашылуы ауыл жастарын тәрбиелеуге мол септігін тигізетінін атап өтті.

Ізгіліктің ұясындай болған жаңа мешіт ауыл хал­қының ілкімді ісінің нәтижесінде тұрғы­зылды. Ауыл­ға мешіт салып, оған Қарабай батырдың атын беру туралы ұсынысты ба­тыр­дың тікелей ұрпағы, алматылық Дәулет Жәкібаев қажы ұсыныпты. Өкініштісі, Дәулет қажы пандемия кезінде мәңгілік сапарына аттанып кетіпті. Содан түйген-білгені көп қажының ұсынысын жерде қалдырмауды ойлаған Сабыржан Кенжебаев есімді ауыл ақсақалы басталған істі аяқтауды ойластырған. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстың дүрбелеңі кезінде қазақ жеріне жер аударылып, осы ауылдан қоныс тепкен шешен азаматы Башта Огаев ақсақалдың баласы, ауданға танымал кәсіпкер Магомед Огаевқа қолқа салады. Кәсіпкер ауыл үлкен­дерінің сөзін жерде қалдырмай, қаражаттың негізгі бөлігін өзі көтеріпті.

Жаңа мешітке аты берілген Қарабай батыр 1837-1847 жылдары ұлт-азаттық қоз­ға­лысының көсемі Кенесары хан бас­қар­­­ған қалың қолмен патша өкіметіне қар­сы ерлікпен күрескен. Қазақ даласын отар­шылдардың езгісінен азат етуді аңсаған. Тоқтас батыр ұрпақтарынан жасақталған сарбаздардың қолбасшысы болған.

Мешіт құрылысына Қарабай батырдың ұрпақтары – марқұм Дәулет қажының ұлы Дастан Кеңесов, апайы Шолпан Жәкібаева, бауыры Талғат Жәкібаев және туыстары қарсақбайлық Досымжан Садуақасов, Төлепберген қажы мен алматылық Бақытжан Ысқақов өз үлесін қосқан. Мешіттің ашылу салтанатына Павлодар, Екібастұз, Астана, Көкшетау және Қарағанды мен Ұлытаудан батырдың ұрпақтары арнайы келді.

Қарабай батыр мешітіне жиылған ағайын сол күні жұма намазына қатысып, сәждеге бас қойды. Діни рәсімдер орындалған соң көпшілік Атбасар қаласындағы мешітте бабалар рухына құран бағышталған асқа қатысты. Жауапкершілігі мол істі үйлестіріп жүрген Сабыржан ақсақалға батырдың ұрпақтары ризашылығын білдіріп шапан жапты. Бас демеуші – Огаевтар әулетіне алғыс айтып, құрмет-қошемет көрсетті.

Иә, қиын-қыстау замандарда қазақ халқы елімізге жер аударылып, атамекенінен амалсыздан босып кеткен этнос өкілдерін бауырға басып, қонақжайлығын көрсетті. Соның бәрін көріп-біліп, естіп өскен есті жастардың азаматтығы көңілге медет, игі ісі көпке үлгі. Мысалы, Башта Огаев ақса­қалдың сүреңсіз жылдарда қазақ халқымен бірге жасасып, жан баққанын, сондағы ағайындардың қамқорлығын айтып, санаға сіңіріп отырғаны айдан анық. Бұл – Атбасар ауданындағы ұлттар достығының шынайы көрінісі.

Мешіттің ашылуынан кейін ақсақалдар ақпанда шешен-ингуш ұлттарының атаме­кенінен жер аударылып, қазақ жеріне қо­ныстанғанына 80 жыл толуына орай осы мешітте бас қосып, діни рәсімдер өткізетінін хабарлап тарасты.

 

Талғат ҚҰРМАНҰЛЫ

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы