Бұл байқаудың негізін 1992 жылы атақты үнді музыканты, композитор Лакшминараяна Субраманиам қалаған. Ол содан бері фестивальді көрнекті музыкант, ағартушы, әкесі В.Лакшминараянның құрметіне өткізіп келеді.
Биылғы өнер мерекесі Үндістан мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты нығайтуға арналды. Байқау Дели, Бангладор, Майсор және Мумбай секілді төрт қалада өтті, оған 80-ге жуық өнерпаз қатысты. Онда белгілі дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің көркемдік жетекшілігімен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының және Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының симфониялық оркестрі, сондай-ақ бас дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамованың көркемдік жетекшілігімен елордалық филармонияның Камералық хоры өнер көрсетті. Отандық өнерпаздардың әр концерті Камералық хордың мағыналы қойылымдарымен басталып, үнді жұртшылығына қазақ әнінің інжу-маржаны тарту етілді. Әсіресе кең құлашты Ақан серінің «Қараторғай», көңілдің нәзік қылын шертетін Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» және халық әні «Қамажайды» орындағанда тыңдармандар қазақ әнінің ғажайып саздылығына, сыршылдығына тәнті болды.
Байқау бағдарламасы доктор Субраманиамның авторлық шығармаларына негізделген. Сондықтан Нью-Делидегі Siri Fort концерт залында фестиваль шымылдығы мэтрдің жаңа туындысы Bharat Symphony-мен ашылды. Сонымен қатар оның Spring Rhapsody, Paris Concerto сияқты шығармалары да орындалды.
Камералық хордың көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттыбадамова Үнді еліндегі гастрольдік сапардан жылы әсермен оралғанын жеткізді.
«Біз онда сан қырлы доктор Субраманиамның жаңа музыкасын тыңдадық. Оның шығармалары бір-біріне мүлде ұқсамайды. Фестиваль керемет ұйымдастырылған. Бәрі көңілімізден шықты. Бізді әр қалада көрермендер құшақ жая қарсы алып, концерт залдары толып отырды. Өнерімізді жоғары бағалады. Қысқасы, бұл өнер сапары аурасы бөлек үнді музыкасымен тәжірбие алмасуға негіз болды», деді ол.