Мирас • 30 Қаңтар, 2024

Мұхит мұрагерлері және «Асыл домбыра»

228 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында Батыс Қазақстан дәстүрлі ән мектебінің өкілдері «Мұхиттың мұрагерлері» атты концерт берді. Осы кештің аясында «Хабар» арнасы мен «Аssyltas» коғамдық қоры ұйымдастырған «Асыл домбыра-2023» телевизиялық жобасының жеңімпаздарына «Асыл домбыра» салтанатты түрде тапсырылды.

Мұхит мұрагерлері және «Асыл домбыра»

Үш жүзден ән оздырған Мұхит салдың мұрагерлері көптен бері дәл осылай бас қоспаған шығар-ау! Бұрынғы мәдени іс-шараларда дәстүрлі ән асқа салған тұздай ғана болып, сценарийдің әр жерінен бірер мәрте ғана көрінсе, бұл жолы бастан-аяқ батыстың арынды әні кең залды кернеп, құлақ құрышын қандырды. Мұндай кешті өнерпаздардың өздері де, Ақжайық жұрты да қатты сағынып қалыпты. Ат шаптырым «Атамекен» сарайында бос орын қалмады.

Айтпақшы, «Атамекен» сарайы 2021 жылы қазан айында пайдалануға берілген ғой. Ал 2023 жылдың қазанында осы сарайдың тізгінін белгілі ақын Бауыржан Халиолла қолына алған. Сөйтіп, алғашқы екі жыл бойы көрмеген жаңалықты енді біліп жатырмыз. Өйткені неміс және француз акустикалық һәм жарық-техникалық жабдықтарымен жарақталған сахнаның бар мүмкіндігі осы кезге дейін толық пайдаланылмай келіпті. Мақтаулы техника осы күні қазақтың дәстүрлі әнінің қызметіне түгел жегілді. «Бауыржан бұл сарайдың бағын ашты» деді көрермен.

Концерт бастан-аяқ жаңашыл қалыпта өтті. Кешті керемет жүргізген ақын Бауыржан Ширмединұлы әннің де, әншінің де жайын жақсы біліп, көрерменге көркем жеткізіп, халықпен емен-жарқын сырласып жүрді. «Қазақ музыкасының, қазақ ән өнерінің жанды, тірі энциклопедиясын көріп тыңдап, жанымыз жай тауып, рахатқа батып отырдық» деп бағалады кейін Бауыржанның өнерін әйгілі Жүрсін Ерман. Ал сахнаның салтанаты, жарқ-жұрқ оттары, жоғары-төмен көтерілген жылжымалы мінберлер талайдың таңдайын қақтырды. Әуелі «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов көрермендердің иек астынан «жерді жарып» шыға келсе, соңынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, дәстүрлі әнші Хатимолла Бердіғалиев оркестрмен бірге қалықтап көтерілді. Осы кештің тағы бір жаңалығы – «Атамекен» фольклорлық ансамблі сахнаның түбінде әрі ең биікте «бұлтпен араласып» отырды.

Дегенмен ән кешінің басты кейіпкері – күміс көмей әншілер болатын. Көптен бері мұндай құрмет көрмеген өнерпаздар осы жолы барын салды. Концертте атақты Хатимолла Бердіғалиев, Серік Абдрахманов, Сағадат Рахметжанов, Асхат Оразов, Сәуле Таудаева, Зияш Аманғалиева, Күләш Қуанышқалиева, Қайрат Кәкімов, Жақсылық Есламғалиев, Фархат Оразов, Ақмарал Кемелханова, Дастан Есентеміров, Айжан Мұхамет­жанова, Бейбіт Қажығалиев, Армат Алдамжаров, Ернар Өмірәлі, Данияр Елеуов, Назгүл Қабиева, Нұралы Айтуғанов өнер көрсетті. «Атамекеннің» алып залын толтырған мыңға жуық көрермен қиқулап, әншілердің делебесін одан әрмен қоздырды. Әсіресе жас әнші Кенесары Болғанбаевты сахнадан жібермей, «Нақ-нақтың» қайырмасын қайта шырқатты.

«Зал тола көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметінен шабыт алып, Мұхит мұрагерлері көсіліп бір шырқаған күн болды. Керемет кешті ұйымдастырған Бауыржан Халиолла інімізге, концертті шебер жүр­гіз­ген Бауыржан Ширмеденұлына риза­шы­лығымызды білдіреміз!», дейді Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Сәуле Таудаева.

Концерттен кейін алған әсерін бөліскен Жүрсін Ерман: «Бастан аяқ таза, табиғи дауыспен өткен мұндай концертті таспаға түсіріп, телеарналардан халыққа көрсету керек. Бұл бір Оралдың маңдайына сыймайтын ғажайып өнер емес пе?» деген еді. Шынымен де, Батыс Қазақстанның ән мұрасы – тек Батыс Қазақстанның емес, күллі қазақтың қазынасы екені рас. Осыны түсінген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев дәл осы ән мерекесін Астана мен Алматы қалаларында ұйымдастыруға қолдау көрсететінін сахна төрінен айтып, уәде берді.

«Мұхиттың мұрагерлері» атты кон­церттің финалы «Хабар» арнасы мен «Assyltas» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Асыл домбыра-2023» тележобасында 20 команданың арасынан оза шауып, Бас бәйгені жеңіп алған БҚО ақындар командасына «Асыл домбыраны» салтанатты түрде табыстаумен аяқталды. Дәл осы мақсатпен Орал қаласына «Отан» орденінің лауреаты, қазақ айтысының қара нары Жүрсін Ерман, Мемлекет­тік сыйлықтың иегері, ақын Ғалым Жайлыбай, «Хабар агенттігі» акционерлік қоғамының басқарма Төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, «Асылтас» қоғамдық қорының құрылтайшысы, кәсіпкер Дулат Тастекей Ақ Жайық өңіріне арнайы келді.

Былтыр жыл бойы «Хабар» арна­сы­ның эфирінде өткен айтыс жобасына Қазақстанның әр түкпірінен 60 ақын қатысқан екен. Аузымен құс тіс­теген небір жүйрік сыналған сайыста бас жүлде Жансая Мусина, Мұра­дым Мирланов және Бауыржан Шир­мединұлы сынды ақындардан құралған Батыс Қазақстан облысы командасына бұйырған. Сайыстың бас жүлдесі – арнайы жасалған асыл домбыраны Ғалым Жайлыбай өңір басшысы Нариман Төреғалиұлына табыстады. Әкім өз кезегінде сыйлықты Жансаяның қолына ұстатып, үш ақынға алғысхат ұсынды.

Асыл домбыра белгілі меценат, өнер жанашыры Дулат Тастекейдің демеушілігімен әйгілі домбыра шебері әрі әнші Қуанышбек Рахманұлының қолынан шығыпты. Шанағы қара ағаштан бітеу ойылған, мойыны – қызыл ағаш, ортасында – граб ағашы, алақаны – эбен (Африка қара ағашы), бет ағашы – жүз жыл кепкен Тянь-Шань шыршасы. Көне батыс стиліндегі ою-өрнегі 950 және 999 сынамалы таза күмістен жасалған. Қызыл ақықпен және Обсидиан қара тасымен көмкерілген, таза сүйекпен және сүйек ұнтағымен әдіптелген домбыраның бастапқы құны 2 млн теңгеден асып кетеді екен. Қымбат сыйлық әзірге «Атамекен» өнер ордасындағы арнайы көрмеде, шыны қоршаудың ішінде сақталмақ.

Кешті жүргізуші Бауыржан Ширме­дин­ұлы бір сөзін: «Ақжайық өңірі қазақ өнеріне Құрманғазы мен Динаны, Дәулет­керей мен Сейтекті, Мұхит пен Ғари­фол­ланы сыйлаған екен. Ендеше, «Асыл домбыра» өз Отанына оралды!» деп түйіндеген. Шынында да, қазақ айтысының ең жоғарғы сыйлығы – «Алтын домбыра» мен «Асыл домбыра» – Жансая Мусинаға ғана бұйырған екен. Айтыстың абыз тұлғасы Жүрсін Ерман жеңімпаз ақындарға: «Бастарыңнан бақ таймасын», деп батасын берді. Ақ бата қабыл болғай!

 

Батыс Қазақстан облысы