– Жанна Үркінбайқызы, ел тәуелсіздігінің құндылығын арттыру, оны ұрпақ санасына сіңірудегі тарихтың қандай маңызы бар?
– Ел Президенті «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында саяси репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның табысты жұмысын атап өтті. Бұл – ғалымдарға көрсетілген зор сенім.
Мемлекеттік егемендік – ата-бабалар арманы мен күресінің нәтижесі. Тегінде өткенді анық білмей, болашақты айқындау қиынға соғады. Ал ұлттық құндылықтарды ұғыну мен тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсіну үшін тарихымызды білуіміз керек. Өйткені ХХ ғасырдың өзінде ұлтымызға тарих сахнасынан жоғалу қаупі төнген болатын. Алаш қайраткерлері мен ұлттың басқарушы элитасының өкілдері қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруге, негізін қалауға, қазақ жерін қайта біріктіруге аянбай еңбек етті. Түрлі талас-тартыста барлық ақыл-ойын, күші мен жігерін жұмсады. Жалпы, тарихын білмеген халық уақыт пен кеңістікте бағытын жоғалтады. Тарих бұрынғыдан жақсыны алып, қателіктерді қайталамау, сабақ алу үшін қажет. Бұл үшін тарихтың шынайы беті ашылуға тиіс.
Әлемде әр мемлекеттің ішкі саясатында арнайы тарихи саясат деп аталатын сала қалыптасқан. Оның басты құралына тарих пәні оқулықтары, тіл мен ономастика, тіпті кино да кіреді. Өз халқың мен еліңнің тарихын терең білгенде ғана қол жеткізген Тәуелсіздіктің құндылығын түсіне аласыз. Қазіргі ақпараттық қоғамда ел жастарының арасында тарихқа қызығушылық арттып келеді. Бұл тарихшы-ғалымдарға зерттеулерімізді одан әрі дамытуға, толықтыра түсуге серпін береді.
Қазақ халқының жадында ХХ ғасыр саяси репрессияға толы әрі күрделілігімен есте қалғаны даусыз. Енді тарихи жадымызды бұрын-соңды ғылыми айналымға енбеген, құпиясы ашылмай келген құжаттармен толықтыра түстік. Осы орайда жаңа деректер Президенттің Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия арқылы ашылып отыр.
– Кешегі кеңес өкіметі тұсында тоталитарлық жүйеге қарсы күрескен тұлғалар туралы қандай деректер бар?
– Қазақ халқы ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күресіп келді. ХХ ғасырда да азаттыққа қол жеткізу, аяқасты болған намысты қалпына келтіру үшін ашық, не астыртын түрде болса да күрес жүргізілді. Мәселен, кеңес өкіметі кезіндегі қазақ жастары мен зиялылары азаматтық белсенділігін көрсетіп, биліктің ұлтқа қарсы жүргізілген саясатына қарсы наразылық білдіріп отырды. Жастардың бейресми ұйымдар мен топтар құрғаны, астыртын жұмыс жүргізгені мұрағаттық құжаттармен дәлелденіп отыр. Мәселен, 1928 жылы Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлының ықпалымен Шымкенттегі ауыл шаруашылығы техникумының студенттері мен оқытушылары арасында «Қазақшылдар» жасырын жастар ұйымы құрылған. Оның мүшелері қалада Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» атауына ұқсас үнпарақтар таратқан. Жастардың азаматтық қозғалысында ұлттық мәдениетті, тарихты, тілді сақтау, ұлттық мемлекеттілік пен егемендік алу мәселелері қозғалған.
1941 жылы Батыс Қазақстан облысында Ғұбайдолла Әнесов бастаған «Қазақ халқы қорғаушыларының одағы» атты жасырын ұйым құрылған. Оған Орал оқытушылар институтының бірінші курсында оқитын 14 студент пен мектептің жоғары сынып оқушылары кірген. 1941-1951 жылдары Қарағанды мен Алматыда «ЕСЕП» (Елін сүйетін ерлер партиясы) партиясы бірнеше жыл жұмыс істеген. Оның құрушылар мен қатысушыларының қатарында Бүркіт Ысқақов, Махмет Теміров, ағайынды Айтбай және Рамазан Нәрешев тағы басқалары болды. Олар Алашорда идеологтерінің әдебиеттерін оқыған, кеңес өкіметінің ұлт саясатын сынға алған. Кеңестік жүйеге наразылығын білдіріп, ұжымшарларды тарату және жекеменшік шаруашылықтар енгізу, халықтық өкімет құру талаптарын білдірген жастардың азаматтық қозғалысына басқа да ұлт өкілдері қатысқан. Жастардың бұл әрекеті «антикеңестік істер» деп бағаланды. 1941 жылы Гурьев балық шаруашылығы техникумында К.Серебряков, В.Хохлов, М.Лепехин секілді жастар «Партия передовых рабочих, крестьян и интеллигенции» атты жасырын ұйым құрған. Ал 1948 жылы Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында жастар ұйымдары атынан кеңестік жүйеге қарсы үнпарақтар таратылған.
Қарағанды облысында 1961-1962 жылдары оқытушы Зейнолла Игіліков және аудандық комсомол комитетінің инструкторы Кәмел Жүнісов «Жас қазақ» ұйымы атынан Алматы, Қарағанды, Орал, Қызылорда қалаларына өздері секілді жастар ұйымдарын құру туралы үнпарақтар таратқан. 60-жылдары «Хрущев жылымығында» азаматтық қозғалыс пен қоғамдық белсенділікке жас буын келді. Былтыр Мәскеудің жоғары оқу орындарында оқыған студент жастардың әйгілі «Жас тұлпар» мәдени-ағартушылық қозғалысы әрі бірлестігінің құрылғанына 60 жыл толды. Бірлестікті Мәскеу мемлекеттік университеті Азия, Африка институтының студенті, кейін аспиранты Мұрат Әуезов құрған. Ұйымның пайда болуы – ұлттық сана-сезімнің қалпына келуінің бір белесі. «Жас тұлпар» маңызды миссиясын ойдағыдай орындады.
Мәселен, 1963 жылғы екі айлық каникулда қазақ жастарына жастұлпарлықтар концерттік бригадалармен, лекциялар мен практикумдармен түсіндірді. «Жас тұлпар» мүшелері Мәскеу, Ленинград, Рига, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларына, қазақ жерінің түкпір-түкпіріне барып, 47 жоғары оқу орнында студент жастармен кездесулер өткізді.
Бұл ұйым басқа да жастар қозғалыстарының құрылуына себепші болды. 1969 жылы Павлодарда мектеп-интернаттың 9-сынып оқушысы Арман Қаниев «Жас ұлан» ұйымын құрған. Ташкентте электртехникалық институтта оқып жүрген қазақ студенті Мырзабеков «Жас түлек» атты ұйым құрмақшы болған. 1965 жылы мемлекеттік қауіпсіздік комиеті авторлығын анықтаған Түкен Әменовтің екі анонимді хатында тәуелсіз Қазақстанды құру қажеттігі айтылған. Қостанайда 1969 жылы бухгалтер Қайырбек Әжібаевтың Қазақстанның ұлттық егемендігін алу үшін жастар ұйымын құру туралы идеясы құзырлы органның назарына ілінген. ҚазМУ-дың (КазГУ) заң факультетінің студенті, Гурьев облысының тумасы Жаңабай Кемелханов «Ұшқын» жастар ұйымы атынан анонимді құжатта Қазақстан Республикасы жоқ екенін, онда іс қағаздары мемлекеттік (қазақ) тілде жүргізілмейтінін сынға алып, Қазақстанның КСРО-дан шығуын талап еткен. 70-жылдары қазақ студенттері Шымкентте жастардың «Тұлпар», Алматыда «Сары Арқа» астыртын ұйымын құрған. Ұлттық бірегейлігіне, елдің территориялық тұтастығына қауіп төнгенде, 1979 жылы Целиноград, Көкшетау, Ерейментау қалаларында қазақ студент жастарының «Қазақ жері бөлінбейді!», «Неміс автономиясына жол жоқ!» деп жазылған транспаранттармен шыққан манифестациялары КОКП Орталық комитетінің алдын ала дайындалған, бірақ жарияланбаған шешімдерін іске асыруына жол бермеді. Орталық партия комитеті шешімді іске асыруды тоқтатты. Ұлттық сана-сезімнің оянуы, қазақ жастарының ұлт намысын аяққа таптатпай, Орталық комитеттің үстемдігіне қарсы күресінің айқын шыңы ретінде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін айта аламыз.
– Сіздің кітаптарыңызда кезінде ел тәуелсіздігі үшін ҚазМУ-дың студенті, Гурьев облысының тумасы Жаңабай Кемелхановтың «Ұшқын» жастар ұйымын құруға талпынғаны, Қарағандыда Кәмел Жүнісовтің «Жас қазақ» ұйымын құрғаны үшін 58-баппен сотталғаны, ал Павлодарда Арман Қаниев «Жас ұлан» ұйымы құрған үшін арнайы органдардың тергеуіне ілінгені туралы дерек келтіресіз. Олардың кейінгі тағдыры туралы не айтасыз?
– 1960-1970 жылдардағы азаматтық қозғалыста жастар ұйымдарының қатысушылары болған ардагерлер кейінгі өмір жолында да белсенділігімен танылды. Алайда уақыт ағымымен олардың қатары сиреп бара жатыр. Еліміз егемендігін алғаннан кейін де Кәмел Жүніс, Арман Қани секілді ағаларымыз көрнекті қоғам қайраткері, қаламгер деңгейіне көтеріліп, бірнеше шығармашылық жинағын шығарды. Өздері құрған, тарихқа енген жастар ұйымдары туралы естеліктер жазып, конференциялар ұйымдастырды. Сол кездегі арман-мақсаты туралы сұхбаттар беріп, кездесулер өткізді. Тәуелсіз Қазақстанның дамуына зор үлесін қосты. Ал Жаңабай Кемелханов Ақтау қаласында заң саласында, прокуратура органдарында басшылық қызмет атқарды. Өзінің ортасына өте беделді болды. Кейінгі жылдары бұл азаматтар өмірден озды.
– Тарихымызды қайта сараптау, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған тұлғаларымыздың есімін қайтару, олардың мұрасын зерттеу, жалпы халықтың бойына тарихи сананы сіңіру үшін не істеу қажет?
– Жоғарыда айтылған мемлекеттік комиссияның жұмысы көрсеткендей, әлі де саяси репрессия құрбандарын анықтау және ақтау, халық жадында сақтау үшін көптеген құжат зерттеуді қажет етеді. Қазір мемлекеттік деңгейде және қоғамның инновациялық идеяларға, интеллектуалды, креативті дамуына жоғары сұраныс болған соң мемлекеттік комиссияның және оның жобалық кеңсесінің жұмысын жалғастыру қажет. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының, зардап шеккендердің, ел азаттығы үшін жанын пида еткен қаһармандардың есімдері әлі толық анықталған жоқ. Сол кезеңнің әлі ашылмаған архивтік құжаттарын құпиясыздандыру қажет. Бұл – біздің жазықсыз жаламен өмірден өткен аға ұрпақтың алдындағы адами борышымыз.
Әлемдік тәжірибеде кеңестік кезеңді зерттеу мен түсінуге арналған институттар мен жаңа трендтер пайда бола бастады. Өткен жылдың 2 қарашасында Ресей президентінің жарлығымен тарихи жад ұлттық орталығы құрылды. Бірнеше он жылдан бері Польша, Украина, Албания, Балтық жағалауы елдерінде кеңестік саяси репрессиялар және оның зардаптарын зерттейтін Тарихи жад, коммунистік мұра институттары мен орталықтары жұмыс істейді. Жуырда Грузияда Тарихи жад институтының қажеттігі туралы мәселе қозғалды. Онда ұзақ жылдан бері Сталиннің, репрессиялар құрбандары және кеңестік оккупация деп аталатын музейлер қызмет етеді. Былтыр мамыр айында Польша мен Өзбекстан тарихшылары мемлекетаралық тарихи комиссия құрды. Комиссия екі елдің архив қорларын, соның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстың құжаттарын ашуға мүмкіндік береді. Таяуда өткен бірнеше саяси жиында әлем елдерінің басшылары ұлттың тарихы пен мәдениеті, дәстүрі мен құндылықтары жойылса, өзі де жойылатынын тілге тиек етті. Өткен жылы қараша айында Астанадағы Қазақстан мен Ресей басшыларының кездесуінде, Мәскеу мен Санкт-Петербургте өткен рухани-мәдени саладағы ірі халықаралық форумында ортақ тарихи мұраны және кеңестік тарих сабақтарын ескеру қажеттігі туралы мәселелер қозғалды.
Сондықтан халықтың тарихи жадын және рухани құндылықтарды сақтау, дамыту үшін басқа елдердің тәжірибесін ескеру қажет. Осы орайда өзін қамтамасыз ететін, көпфункционалды құрылым, бәлкім Қазақстан Президенті немесе Ғылым мен жоғары білім министрлігі жанынан Тарихи жад (ұлт жады, тарихи мұра) институтын не орталық құрған жөн болар. Бұл құрылымның ұстанатын бағытына ғылыми-зерттеу, сараптама-талдау, ақпараттық-коммуникация, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мен олардың есімдерін сақтау кіруге тиіс.
Креативті индустрияны дамыту үшін көптеген еуропалық мемлекеттің әдісімен ұлт каһармандарының есімдерін халық жадында сақтау үшін қалалардағы саябақтарда, халық серуендейтін өзге де алаңдарда Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақпаев секілді Алаш қайраткерлерінің Қазақстанның болашағын әңгімелеп келе жатқанын бейнелейтін, халықтың, әсіресе жастардың қабылдауына оңтайлы композициялар орнатылғаны жөн. Біз осындай ескерткіштер арқылы елдің азаттығы үшін қызмет еткен тарихи тұлғаларды халқымызға, жастарға үлгі ретінде ұсынып, есімі өшпейтінін көрсетуіміз қажет.
Әңгімелескен –
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»