Қаржы • 31 Қаңтар, 2024

«Самұрық-Қазына» жобаларына БЖЗҚ қаражаты тартылады

183 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің отырысы болып, онда қордың қаржылық ахуалы, бастамалары және жүзеге асқан жобалардың жай-күйі туралы ауқымды ақпарат берілді. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов холдингтің 2023 жылғы жұмыс қорытындысы туралы әңгімелеп, 2023 жылғы таза пайда шамамен 1,9 трлн теңге деңгейіне жетеді деп болжанып отырғанын мәлімдеді.

«Самұрық-Қазына» жобаларына БЖЗҚ қаражаты тартылады

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«2022 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне – 99 долларды, ал 2023 жылы – 81 долларды құраса да, қара май бағасы шамамен 20%-ға төмен­де­ді. Сонымен қатар ел ішінде өсіп келе жатқан сұраныс аясында газ экспор­ты­ның көлемі қысқарды. Бұл ретте ішкі нарықтағы газ бағасы экспорттық бағадан әлдеқайда төмен. Таза пайда бо­йынша 2022 жылмен салыстыруға болатын нәтижелерге біз өтімділікті тиімді басқару және қазынашылық портфельдің арқасында қол жеткіздік. Мемлекеттік холдинг ұлттық компанияларда бос қара­жатты басқарудың бірыңғай саясатын қабылдады, банктермен келіссөздер жүргізіп, қордың ақшасын орналастыру шарттарын жақсартты. Біз еркін өтімділік бойынша кірістілік жағынан жос­парлы көрсеткіштен екі есе асып кеттік», деді Жақыпов.

Қоғамдық кеңес отырысында сөз алған экономика және қаржы жөніндегі бас­қарушы директор Айдар Рысқұлов Қара­ғанды облысындағы Достық-Мойын­ты теміржол учаскесіндегі екінші жолды салуға қаржы Ұлттық қордан алын­ғанын айтты.

«Самұрық-Қазына» Ұлттық қор­дан стратегиялық маңызы бар инфрақұры­лым­дық жобаларға қаржы алады. Мысалы, Достық-Мойынты екінші жолын салу жобасы транзиттік және экспорттық әлеуетті арттыруға бағыт­талған. Достық-Мойынты учаске­сінде екінші жол салу жобасындағы қазақстандық қамту үлесі 85%-дан асады. Мұндай жобаның өтелу мерзімі 20 жылдан асатындықтан, оны нарықтық ресурстар есебінен қаржыландыру мүмкін емес. Сонымен қатар Қазақстанда 400 млрд теңгеден астам көлемде ұзақмер­зімд­і қаржыландыру шектелген, яғни қар­жыландыру көздері жоқ. Мұнда екі маңызды мәселе бар: қор қайтарымды негізде қаражат жинайды. Біз облигацияларды тарту арқылы қаржыны қайтарып аламыз», деді А.Рысқұлов.

Нұрлан Жақыпов 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарынан бірқатар еншілес компаниялардың алынып тасталғанын түсіндірді. Негізінен бұл «QazaqGaz» компаниясының құрылымдық бөлімшесі – «ҚазМұнайГаз-Сервис NS» құрылыс компаниясына байланысты. Дегенмен газ компаниясының өзі биыл IPO-ға шығарылуы мүмкін екен. Бірақ бұл тек Үкіметтің тарифтік саясат реформасынан кейін жүзеге асады. Қазіргі кезде тариф қалыптастырудың қолданылып отырған тәсілі экономиканың осынау аса сезімтал секторына инвестор тартуға мүмкіндік бер­мейді.

БЖЗҚ-ның трлн теңгеден астам қара­жа­тының ескірген энергетикалық нысандарды жаңғыртуға және жаңаларын салуға жұмсалатыны да осы отырыс барысында айтылды.

«Бұл – 10 жылға негізделген ұзақ­мерзімді нарықтық қарыз беру. Көмір генерациясы жобалары үшін қар­жы тар­ту өте қиын, өйткені банктер тара­пынан шектеу бар. Біз БЖЗҚ-дан алған қаржыны осы көмір генерациясы жобаларына жұмсауды жоспарлап отырмыз. Жоспарланып отырған 1,5 трлн теңге – жалпы, алдын ала өтінім. Шешім қабылдау үдерісі мемлекеттік комиссия тарапынан мақұлдау арқылы өткізіледі. Яғни Үкімет әр жобаны жеке қарастырады. Қазіргі уақытта негізгі операторлар – «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек». Қазақстан Даму банкі «Бәйтеректе» болғандықтан, холдингте басымдық бар. ҚДБ біздің энергетика, теміржол және өзге де салалардағы жобаларды қаржыландырады. Оның араласуы жобаны отандық мазмұнға сәйкес қылады және мультипликативті әсерін тигізеді», дейді Айдар Рысқұлов.

Қор ұсынғалы отырған жобалар қата­рында ресейлік энергетикалық компа­ния­лардың қатысуымен жүзеге асатын 3 ЖЭО құрылысының жобасы және Екібастұз ГРЭС-2-нің реновациясы бар.

«Екібастұз бойынша 3 және 4-блок­қа қаражат тартуды жоспарлаймыз. Сондай-ақ ресейлік серіктестермен бірге үш ЖЭО құрылысын жүзеге асыруды талқылап жатырмыз. Яғни белгілі бір бөлігін бірлесе қаржыландырамыз деп отырмыз. Біз облигация тартамыз, демек барлық қаражат қайтарылады. Мемлекеттік қаржыны бас­қару бойын­ша тұжырымдамаға сәйкес тарту мөл­шер­лемесі тарихи инфляция дең­гейінде тұр. Бұл құнсызданудан сақ­тауға кепілдік береді. Барлық жоба Ұлт­тық қор басқару кеңесінің шешімімен және Мем­лекет басшысының мақұл­дауы­мен қабыл­данады», дейді басқарушы ди­ректор.

2023 жылы 12 отырыс өткізіліп, қор­дың сатып алу тәртібін, компанияларды бәсе­келес ортаға беру үдерісін, даму жоспарын, портфельдік компаниялардың қызметін қоса алғанда, кең ауқымды мәселелер көтерілді.