Өндіріс • 30 Қаңтар, 2024

Жаңа зауыт іске қосылады

2288 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық өндірістің өріс алғанын Қонаев қаласында егістікті тамшылатып суаруға арналған құрылғы шығаратын зауыттың даярлық жұмыстары айғақтай түсті.

Жаңа зауыт іске қосылады

Қазір Алматы облысында шаруа­лардың 8 пайызы ғана там­­шылатып суару әдісін қолда­на­ды. Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев суды үнемдеу технологиясына көшу маңызды ба­ғыт­тардың бірі екенін атап өтіп, жауап­тыларға тиісті тапсырмалар берген еді.

Аталған бағытта жұмыстар бас­­талып кетті. Нақтырақ айт­қан­да, биыл қытайлық компания өкілдері Қонаев қаласында «Жібек жолы» ЖШС атты ауқымды за­уыт кешенін іске қоспақ ниетте. Осыған орай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев зауыт­тың тыныс-тіршілігімен танысты.

Компания өкілдерінің сөзін­ше, мұнда тамшылатып суа­руға арналған құбырлар мен құ­рылғылар, құрама жем мен құр­ғақ сүт зауыты, шаруа­шы­лық­қа арналған жабдықтар шы­ға­рылады. Зауыт күніне 1 000 гектар аумақты қамтитындай өнім өндіреді. Қажетті шикізат көршілес Қытай елінен әкелінеді. Өндірілген өнім алдымен Қазақ­станға, кейіннен экспортқа шыға­рылады. Айта кетерлігі, осы уа­қыт­қа дейін елімізде балаларға арналған құрғақ сүт шығаратын бірде-бір зауыт ашылмаған.

Инвесторлар бос қалған зауыт орнын банктен сатып алып, 10 млн доллар көлемінде қаржы құйған. Былтырдан бастап қараусыз қалған зауытты игеріп, қажетті жабдықтарын әкеле бастаған. Енді тауарды тасымалдау үшін теміржол қажет­ті­лігі туындап отыр.

Өз кезегінде облыс әкімі мем­ле­кеттік қолдаудың барлық түрі көрсетілетінін атап өтті. Оның ішінде субсидия, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша қарастырылған көмек, теміржол салу секілді бірқатар шара бар.

Сондай-ақ аймақ басшысы тамшылатып суару әдісіне көшу бойынша Шеңгелді ауылы басқа елді мекендерге үлгі болуы керек екенін айтты.

«Шаруалар бүгіннен бастап осы зауыттың басшылығымен ке­лісімге келіп, келіссөздер жүр­гізе бастауы керек. Гектарына шақ­­қандағы құрылғылардың сомасы әзірше белгісіз. Дегенмен бұл – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, аталған өндіріс ошағы бізге жаңа технологияны әкеліп қана қоймай, шетелдік стандарттармен отандық өнім­дер­ді теңестіруде», деді Марат Елеусізұлы.

Айта кетейік, Қонаев қала­сын­да 4 түрлі инвестициялық жоба жүзеге асып келеді. Соның бірі «Оспанова Девелопмент» ЖШС-на тиесілі балық зауытының жалпы қуат­ты­лығы 10 мың тонна балық өсіру­ге қауқарлы.

 

Алматы облысы