Құқық • 31 Қаңтар, 2024

Активтерді қайтару: Тізілім толығып жатыр

201 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару ісі басталғалы бері салық органдарының назарына 2000-нан аса отандасымыз іліккен. Бүгінде олардың мүлікті қандай жолмен алғаны тексеріліп жатыр.

Активтерді қайтару: Тізілім толығып жатыр

Бұл туралы кеше өткен брифингте Қаржы министрлігі­нің Мемлекеттік кіріс­тер комитеті ірі салық тө­леу­­шілер депар­та­ментінің дирек­­торы Іңкәр Елубай айтты. Департамент өкілі актив­терді қайтару бо­йынша Бас проку­ратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті уәкілетті орган ретінде бекітілгенін атап өтті.

«Бұл жұмыстар қазір жал­ғасып жатыр. Осы күнге дейін мемлекет меншігіне акциялар, ғимараттар, құрылыстар, қонақүй кешендері, бизнес ор­талықтар, ақшалай қара­жаттар, автокөліктер қайтарылды. МКК уәкілетті орган болмағандықтан, ресми статистиканы келтіре алмаймыз», деді ол.

Іңкәр Елубайдың айтуын­ша, Мемлекеттік кірістер коми­теті еліміздегі заңды және жеке тұлғалардың активтері тура­лы ақпаратты жеткізуші ғана. Ак­тивтерді қайтару үрдісі бастал­ғалы бері екі мыңнан астам жеке тұлға назарға іліккенін атап өтті.

Бұдан бөлек, таяу күндері Премьер-министр Әлихан Сма­йылов заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комитеттің отырысын өткізген болатын. Онда тиісті тізілімге жаңа адамдарды қосып, тексеру жұмыстарын бастау мәселелері талқыға салынды.

Тізілімге бұған дейін қосыл­ған кейбір адамдармен арада кінәларын мойындау және заңсыз иемденілген активтерді ерікті түрде қайтару туралы процессуалдық келісім жасау жоспарланып жатқан көріне­ді. Сонымен бірге кейбір адам­дардың қандай жолмен алға­нын анықтау мүмкін болмаған мүліктерін мемлекет кірісіне мәжбүрлеп қосу үшін арыз-талап берілген.

Премьер-министр Әли­хан Смайылов Мемлекет басшысы­ның заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы шешімі «Әділетті Қазақстанды» құру үрдісінің жалғасы екенін атады. Кейінгі екі жылда елімізге 1 трлн теңгеден астам қаражат қайтқан.

«Тізілім толығып жатыр. Оған жаңа есімдер енгізілді, енді бұларға тиісті хабарлама жі­бері­леді. Біздің комитет олардың мүліктеріне талдау және тексеру жүргізіп, қайдан алынғанын анықтайтын болады», деді отырыста БП Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің басшысы Нұрдәулет Сүйіндіков.

Айта кетсек, заңсыз ием­деніл­ген активтер тек шетелден емес, өз еліміздің ішінде де мемлекетке қайтарылу үстінде. Мәселен, Алматы облысы прокуратурасы жергілікті халыққа Енбекшіқазақ ауданында 54 мың гектар жерді қайтарды. Жалпы ауданы 54 мың гектардан асатын 120 жайылымдық жер белгіленген мақсатқа сай пайдаланылмайтыны анықталған. Бұл меншік иелері мен жер пайдаланушылардың малы жоқ, бұл жерлер азаматтар мен мемлекетке ешқандай пайда әкелмеген деген сөз.

Нәтижесінде, прокуратура шараларымен 180 млн теңгеге 18 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайта­рылды. Қалған жерлерді қайтару жұмыстары жалғасып жатыр, қазір соттың қарауында.

Еске сала кетсек, Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемде­ніл­ген активтерді мемлекетке қай­тару туралы» заңға қол қойған болатын. Заң нормаларына сәйкес қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдар мен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады.

Заң жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сек­тор субъектілеріне, сондай-ақ атал­ған тұлғалармен аффи­лир­лен­ген субъектілерге қол­даны­лады. Заң ережелерін қолдану үшін көр­сетілген критерийлерге қо­сым­ша тұлғаларда заңда белгі­ленген шекті сомадан – 13 млн АЕК-тен асатын (44 млрд 850 млн теңге немесе шамамен 100 млн доллар) активтері болуға тиіс.

Әділ қоғам құруға әрбір отан­дасымыз жауапты. Осыған орай өткен жылы Әділет вице-министрі Алма Мұқанова заң­сыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару халықтың игілігі үшін жасалып жатқандықтан, ол іске еліміздің кез келген азаматы үлес қоса алатынын айтқан болатын. «Мәселен, егер кімде-кімнің қолында заңсыз активтер туралы шынайы деректер болса, оны Бас прокуратура жанындағы комитетке ұсынып, көмегін тигізе алады. Мемлекеттік орган бұл мәліметті жан-жақты тексеріп, тиісті шара қабылдайды. Дегенмен берілетін ақпараттың шы­найылығына көз жеткізіп қана ұсын­ған жөн. Өйткені теріс ақпараттың салдары да болуы мүмкін», деді ол.