Аймақтар • 30 Қаңтар, 2024

Сасық судың үстінде отыр: Атырауда екі айға төтенше жағдай жарияланды

1177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай жариялауды талап еткен - қала маңындағы "Жұлдыз-1" ықшамауданының тұрғындары, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

Сасық судың үстінде отыр: Атырауда екі айға төтенше жағдай жарияланды

"Астана" телеарнасының жазуынша, олар сасық судың үстінде отырғанын айтып талай мәрте шағымданған. Мұнда кәріз жүйесі мүлдем жоқ. Жер асты суы көтеріліп, аула түгілі, еденнің астына тіреліп тұр.

- Жер берілгенде бүкіл инфрақұрылыммен бірге свет, су, газ, телефон бәрін қосты ғой. Жол қосу керек да. Адамға өмір сүруге жағдай жасау керек. Солай ма? Судың кірісін жасады, неге халық шығысын 2030 жылға дейін күту керек? Халық өз күшімен мына суды түсіре алмайды ғой. Қанша тартырса да біздің әліміз келмейді. Сондықтан ЧС жариялауды талап етіп тағы шықтық, – дейді қала тұрғыны Айгүл Досқалиева.

Жерасты суының көтерілуіне тұрғын үйлер ауласындағы түбі тесік септиктер де әсер етіп тұр. Кәріз жүйесі болмаған соң тұрғындар сондай айлаға барған. Мамандар бүгінде қауіп төнген аумақтың көлемі 21 гектардан асқанын айтады. Онда 200-ден астам жер телімі бар. Қала билігі мамандармен ақылдасып, тәжірибе ретінде 4 метрлік тереңдікке сүзгі орнатқан. Бұл құрылғы тәулігіне 100 тоннадай жерасты суын шығарып жатыр.

- Уақытша болса да бұл жұмысты шұғыл түрде жасап жатырмыз. Әрі қарай бізде бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Кәріз жүйелерін жүргізу бұйырса, маусым-шілде айында мемелекеттік сараптамадан шығу күтілуде. Мердігерлер аяқталғаннан кейін. Содан кейін сол жұмыстар ақша бөлініп басталатын болады, – деді қала әкімінің орынбасары Ерболат Омаров.

Шенеуніктердің өзі бұл жобаға қанша қаржы кететінін дөп басып айта алмай отыр. Нәтижесіне де сенімсіз. Ал гидрогеологтар кәрізбен бірге дренаж жүйесі үздіксіз жұмыс істемейінше, мәселені шешу мүмкін еместігін айтады.

- Дренаж жүйесін салмадық дедік. Тұрғындар не істейді? Олар септикті дренаж құдығы қылып, судың деңгейін түсіру үшін соның суын апарып, канализацияға қосып. Анау ащы су. Яғни, су тазарту қондырғысына қойған бір мақсатымыз орындалмайды, – дейді гидрогеолог Едіге Сабуров.