Фото: smages.com
Министрлік 2023 жылдың қараша айынан бастап «Telegram» (https://t.me/stop_online_casino_bot) және «WhatsApp» (+7 707 9071507) мессенджерлерінде чат-боттарды іске қосты.
Тұрғындар арнайы арналар арқылы заңсыз ойын бизнесі, букмекерлік кеңсе, ұтыс ойындары мен интернетте күдік тудыратын жарнама нышандарын байқаса, тәртіп бұзудың алдын алу үшін жедел хабарлауға болады.
«Бүгінгі күні министрліктің чат-ботына 100-ден астам өтініш келіп түсті. Бұдан басқа, министрлік заңсыз желілік ресурстардың ұйымдастырушылары мен бенефициарлары болып табылатын Қазақстан азаматтарына қатысты құқықтық бағалау, зерделеу және тексеру жүргізу үшін тиісті материалдарды құқық қорғау органдарына ұсынады. Сонымен қатар министрлік құқық қорғау органдарымен және ақпарат саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, үнемі «Кибернадзор» ақпараттық жүйесін пайдалана отырып интернет желісінде заңға қайшы контентті таратуға қарсы күрес жүргізеді», делінген министрлік хабарламасында.
«Кибернадзор» ақпарат жүйесіне интернет-казино қызметінің белгілері бар 8284 материал салынып, оның ішінде мазмұнды зерделеу нәтижесінде 4459 сайт бұғатталған.
Айта кетейік, Қазақстанда ойын бизнесіне министрліктің лицензиясы негізінде Алматы және Ақмола облысында орналасқан екі аумақта ғана қызмет етуге рұқсат етілген. Осы ережені аттап өтіп, заңсыз ойын ұйымдастырған азаматтардың айыбы анықталса 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қылмыстық табысының 20 еселенген мөлшерінде айыппұл арқалап, мүлкін тәркілеу түрінде қылмыстық жауапкершілікке тартылады.